Басты ақпаратМәдениет

МӘРТЕБЕЛІ МУЗЕЙ

Қай халықтың да еңсесінің жоғары болуы ерен еңбек пен ерлікке, өршіл өнер мен намысқа тәуелді. Бұл – мәңгілік ел мұраты туралы айтуда да кемдік жоқ. Бірақ, сөздің аты – сөз. Көбінеки айтылған бойда «желге ұшады». Сөздің «сұйылып» кетпей, «жеміс» беруі, оның «салмағына» байланысты, өмірлік тәжірибе мен ақыл-парасаттың таразыға түсер тұсы да – осы. Амал не, тірлікте бұған жете мән бере қоймаймыз. Күнделікті күйбең, баяғы. Осы қалғып кеткен сана Астанадағы еліміздің Ұлттық музейіне қадам басқан сәтте селт етіп, «мың өліп, мың тірілген» қазағымыздың өзін-өзі сақтап қалуының және Мәңгілік ел болу мәртебесінің терең сыры алдымыздан жайылып сала берді… жұртшылыққа әуелден мәлім, бірақ көңілден таса қала беретін сыр. Оған мынау қасиетті жер мен қаһарман ел куә… Музейдің шаңырағында қалықтаған алтын қыран бізді де өзімен бірге көкке шарықтата самғатып, көзімізді көлегейлеген «тұман» біртіндеп сейіле берді.

Аң-таңмын

Ұлттық музейге қадам басқанда талай тамсана тыңдаған, тіпті, масаттана мақтан ететін, бірақ аға буынның өзі берік ұстана және ұрпаққа сіңіре алмай келе жатқан ұлттық қасиеттеріміздің айғақтары көзімізге оттай басылып, жан-тәнімізді баурап алды. Халқымызды талай зобалаңнан аман-есен алып өткен саф алтындай табиғатымыз, болмыс-бітіміміз бен қайсар мінезіміз солғын тартып, енді болмаса, құрдымға сіңгендей екен. Егемендікке қолымыз жетіп, небір қилы кезеңдерде елдігіміздің алтын арқауы болған барымызды бағалап, жоғымызды түгендейтін күн  туды.

 

Тәуба

Еліміздің Бас алаңы – Тәуелсіздік алаңында қанатын жайып, 74 мың шаршы метр аумақта көсілген, тұсауын Елбасы кескен Ұлттық музей «Қазақ елі» монументі, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, «Хазірет сұлтан» мешіті, Ұлттық өнер университеті секілді заманауи ғимараттармен жараса сән түзеп, Астанамыздың салтанатын асқақтата түседі. Оның алтын қорындағы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында қайта оралған құндылықтар ел шежіресінен өнегелі сыр шертеді. Қалай таңданбассың, қалайша көңіл марқаймасын! Осындай тарлан тарихы бар  кемеңгер халықтың ұрпағы біз қалайша ұлттық қазынамыздың алтын жүлгесін жоғалтып ала жаздадық?!  Ұлт болашағы ұрпаққа тәуелді болса, біз ата-баба ұлағатын оларға қаншалықты дарыта алдық?! Біз ұлттық мақсат-мұраттарға қайтсек лайық боламыз?!

Ұлы даланың ұлық мұрасына үңілген сайын қазағымыздың қайсар мінезі мен мәңгілік ғұмырының сырына көзіміз бірте-бірте ашылып, жаратылысынан еңбеккер, қаһарман, өнерпаз, ойшыл әрі намысшыл қазақтың тұлғасы сомдала берді. Ұлттық музейдің Ежелгі және ортағасыр тарихы залындағы қадым заманнан бергі еңбек құралдары мен оның нәтижелері мәртебелі еңбекке бас игізеді. Біздің жыл санауымызға дейінгі ХII-VIII ғасырларда жасалған тұрмыстық заттар мен шаруашылық құралдары… көненің көнермес көзіндей, өткеннің өнегелі сөзіндей әрбір жәдігер еңбек пен өнер есейтіп, намыс пен ерлік шынықтырған алты Алаштың мәңгілік ел болар асыл қасиеттерін паш етеді.

 

Сенім

Егемендік алып, еңсемізді тіктедік. Бұрыннан бар, әбден қатып, семген ұғымдарға жаңаша көзқарас қалыптасты. Алаң-пұлаң кезең еді ол. Ұлт мәртебесі Елбасының, оның серіктерінің, жалпы жанашыр ағайынның қабырғасына шындап батты. Жалаң тілек пен құрғақ қиял жетегінде кететін уақыт емес  еді. Етек-жеңімізді жинап, барымызды түгендейтін «құс ұйқылы» кезең болатын. Бірақ, осы ащы шындықты да көпшіліктің түсінуі созылып бара жатқан. Сол бір алмағайып кезеңде халқымыз ел тағдырын қазағының құлдық заманында-ақ сұлтан туған қайраткердің қолына сеніп тапсырды. Ол билік тізгінін қымтай ұстап, қыруар шаруаның сәтімен сабақталуының экономикаға тәуелді екенін қадап айтып, қатаң талап қойды. Қызыл империядан «мұраға» тиіп, әбден қордаланып қалған әлеуметтік, шаруашылық, саяси және рухани мәселелерді «ойынға» айналдырмауды мықтап ескертті. Ел тағдырының ешкімнің ермегі  емесі даусыз болатын.

 

Ел тағдыры

Міне, егемендік пен елдіктің құтты қадамдары Ұлттық музейдің төрінен «менмұндалап», заманалар жүгін терең зерделетеді. Ешкімге жалтақтамай күн кешіп, әлеуметтік қана емес, ұлттық мәселелерді де орайымен шешу үшін ең алдымен мықты базис, яғни, сенімді іргетас қалау шапшаң қолға алынғанын көреміз. Шикізат шылауынан мейлінше тез құтылып, өндірісті өрістету бірінші кезекке шықты. Аса қиын да аласапыран заман еді ол. Сырттағысы өз алдына, ең өкініштісі, өз ішімізде де «осылардың қолдарынан не келеді екен…» деп аңдып отырған қырғи қабақ «достар» көп болатын. Сонау, 1917-нің қазанындағы қанды төңкерістен бастап-ақ тұрмыс-салтының түте-түтесі шығып,  қасақана ашаршылықтан қайғы жұтқан, көш бастар арыстарынан айырылған қазақтың күні батуға көп қалмаған еді. Олай болса, Тәуелсіздік таңы атқанда үш ғасыр отарлықтан әбден қажып, егемен ел болу елеске айналып, жарқын күндерден күдерін үзіп, зәбір-запа шегіп, торыққан  халқымыздың  тәуелсіздіктің игілігін қашан көргенше асығуы заңды еді. Егемендіктің игілігін де басқа ешкіммен бөліскіміз келмеуін әбден түсінуге болатын. Бірақ, қызыл империяны «кеңбайтақ елім менің, туған елім…» деп, еркін жайлаған «аға баласының» оған парасаты жетпейтін.

 

Сабыр

Елбасы қазағының зарыққан арманын жан-тәнімен түсіне тұрып та  «Асықсақ та аптықпайық, ағайын!» деп сабырға шақырды. Осы бәтуаға жығылған елжанды азаматтар ұлт мәртебесін көтеруге жұдырықтай  жұмылды. Ата Заңымызда мемлекетіміздің аумақтық тұтастығы атап көрсетіліп, шекарамыз бекітілді. Ядролық қарудан бас тартып, ҚХР, АҚШ, Ресей сияқты алып державалармен Мәңгілік  достық туралы келісімге қол қойылды. Осы қайырлы қадамның қарымтасы ретінде олар Қазақ еліне қауіпсіздік кепілдіктерін берді.

Ұлттық музейдің экспозицияларымен дендей танысқан сайын егемендік шежіресі көз алдымызда шоқтықтана түседі… еліміздің Мемлекеттік рәміздері қазақтың қайсар рухының қайта түлеуінің айғақтары. Елдігіміздің басты белгілерінің бірі – Ана тіліміз бірқатар қиындықтарға қарамастан қоғамда өзінің  мемлекеттік мәртебесіне лайық тұғырға көтерілуде. Сол сияқты қос азаматтық  деген арандату да тәуелсіздіктің табалдырығында жер қапты. Өркениетпен жан-жақты және өзара пайдалы байланыс өрістеді. Ұлтаралық келісім адамзаттың өзара түсіністікте өмір сүруінің баламасы жоқ үлгісіне айналды. Кәсіпкерлік қанат жайып, өндіріс өрістеді. Ең бастысы адамды, оның бостандықтары мен құқыларын Ата заңымыз өз аясына алды.

 

Адам

«Біздің мемлекетіміздің егемендік алғаннан кейінгі табыстары туралы айтқанда, – дейді осы орайда Ұлттық музейдің директоры Дархан Қамзабекұлы Мыңбай, – көбінесе Елбасының басшылығымен жүзеге асырылған және дүние жүзі мойындаған экономикадағы жетістіктер тілге тиек етіледі. Даусыз табыс. Сол табыстардың арқасында Сарыарқа төсінде заманауи шаһар – Астананың бой көтергені мақтан етіледі. Мақтануға әбден лайық. Алайда, өз басым үшін Елбасының көрегендігінің жемісі және егемендіктің табысы мен баяндылығы, ең алдымен, егемен елдің еркін адамы дер едім. Қазақ елінің аса қысқа мерзімде ғасырға тең жолдан өтуі де кемеңгер қазақтың ел басшылығының саясатына сенген, оған белсене атсалысқан тәуелсіз, еңбеккер, отаншыл ұрпағының арқасы. Халқымыздың сан ғасыр жинақталып, атадан балаға мұра болып келе жатқан рухани, әлеуметтік, еңбексүйгіштік және ерлік дәстүрлері егемендік алғанда ұлт болашағына, Мәңгілік ел болудың биік те терең мұратына қызмет ете бастады».

 

Мәңгілік ел

Музейдің Заманауи өнер залының төрінен орын алған көрнекті өнер қайраткері Ерболат Төлепбай бастаған бір топ суретшінің «Жаңарған дала» панорамалық суретін қазақстандықтардың сан-саладағы қажырлы еңбегіне тағзым және  ел болашағы – жастарды ардақ тұтудың айғағы десек жарасады. Қазір де тамыры терең тарлан тарихымыз бен  салт-дәстүрлеріміз  ұлт мақтанышы бола отырып, ұрпақ намысын жаниды және оны өркениет бәйгесіне қамшылайды. Жас жігіттер мен қыздар  үшін өнер мен білім, еңбек пен ерлік, мақтаныш пен намыс қастерлі мақсатқа айналуда… бір ел, бір тағдыр, бір болашақ. Бұдан басқа ойдың  болуы, тіпті мүмкін бе?!

 

Ой көп

Ұлттық музейдің орталық залындағы құрыштан құйылған жұдырықтай ғана бейне «Тобыл ойшылы» деп аталады. Аспанға телміріп отырған адам мүсіні 1977 жылы Қостанай қаласының маңынан, Тобыл өзенінің оң жағалауынан табылған екен. Ғалымдардың пікірінше, ол «қола дәуіріндегі мүсіншінің қолынан шыққан, әлемдік өнердің үздік үлгісі» болып табылады. Кейбір «жаңашыл» суретшілер мен ақындардың «жатбауыр» туындысындай емес, жүрекке аса жақын. Шынайылық пен шеберліктің ғажайып «жемісі» болған соң солай… кемеңгер бабамыздың кемел бейнесі көзге оттай басылады. Ой тереңіне шомған оның құныса ширығып, жұдырықша түйілгені көрерменін еріксіз ұйытады.

Бар зейіні аспанға ауған ер адамның алға қарай ұмсынған кесек басы мен жуан да қысқа мойыны, ірі де қолақпандай мұрыны, ауыр да жігерлі иегі жанарыңды байлайды. Еріндерін жымқырған күйі жақтары қарысып қалғандай. Айналасы білемдене бұлтиған көздерінің ұяшықтары оның бет-жүзінің жартысына жуығын алып жатыр. Жарықтың түсуіне қарай ойшылдың назарының бағыты өзгеріп отыратыны байқалады. Ертедегі мүсіншінің анатомияны терең білгені және тастан таспа тілген хас шебер екені көрініп-ақ  тұр. Оның кейіпкері ой сәйгүлігіне  құрық салып, бар ықыласымен еркін қалықтайтындай. Бәлкім, ойшылды  елінің бақытты да баянды болашағы алаңдататын шығар? Жұдырықтай бейнеден ересен энергия, шығармашылық тұлпар серпіліс пен табанды еңбек шиыршық атады.

 

Еңбек

Жақында мемлекетіміздің Ұлттық музейінде Республикалық еңбеккерлер форумы болып өтті. Оған  кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген адам қатысты. Тұңғыш рет қыркүйек айының соңғы жексенбісінде «Еңбек күні мерекесі» тойланды. Мақсат – мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау және жұмысшы әулеттерінде көпжылдық дәстүрді жалғастыруға келіп саяды. Аталмыш форум барысында Қазақстан экономикасының дамуына және нығаюына қосқан елеулі үлестері үшін 10 адам «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

 

Зейнет

Сол  марапат иелерінің бірі – еліміздің электроэнергетика саласының кезіндегі басшыларының бірі, еңбек майталманы Кежек Бершенұлы Искаков. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, қазақ тегін айтпаған ғой, – деп бастады өз әңгімесін ардақты Кежек аға. – Сондықтан еңбек адамының мәртебесін асыру арқылы өмірдің бір құндылығы еңбектің бағасын артыру керек-ақ. Өздерің білесіңдер, нарықты экономикаға  көшер өтпелі кезеңде «сату мен сатып алу» деген алыпсатарлық қағидаты белең алды. Жастардың оңай ақшаға қызығушылығы әлі де болса, басым. Олар  білікті де баянды еңбектің арқасында ғана берекелі тұрмыс құрудың мүмкін екенін түсінулері қажет».

Адамзаттың қазіргі даму деңгейі де сол бейнетті де зейнетті еңбектің арқасы екені аян. Біз ғой, қазіргі техника мен технология саласындағы жаңалықтарға тымағымызды аспанға атамыз… олар алғашқы адамдар өмір сүру үшін бәрін де өздері ойлап тапты. Тыңнан түрен салды. Олардың өмірлерінің әрбір сәті жарық дүние үшін жанталасқа айналды. Тұрғынжайдан бастап, тұрмыс құралдарына шейін өз қолдарымен, маңдай терімен жасады. Аянбай күресті… бірте-бірте біздің ата-бабаларымыз өмір сүрудің өзін өнерге айналдырды.

 

Өнер

Ұлт ретінде қалыптасып және сақталып қана қоймай, салт-дәстүрін дамытып, шаруашылық жүргізу мәдениетін өркендете отырып алдыңғы қатарлы елдермен терезесі тең тұрмыс құруға ұмтылу өмір сүру мәдениетін меңгерудің тамаша үлгісі болатын. Біздің қаһарман ата-бабаларымыз айналасын ақылмен де «арқандап», алдаспанның айбатымен де ықтыра білді. Өмір сүру өнерін жете меңгерді және соның арқасында бай рухани және материалдық қазынасын ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп отырды. Бір ғана археологиялық іздеулер нәтижесінде табылған ерте ғасырларда алтыннан, күмістен және асыл тастардан сомдалған  туындылар хас шеберлердің өнеріне таңдай қақтырады. Қола дәуірінен бастап бүгінгі заманға дейін ұлы далада қалыптасқан көркем-эстетикалық талғам еріксіз тәнті еткендей. Жетісу өңірінің Есік обасы мен Мыңшұңқырдан (К.А.Ақышев қазбасы), Шығыс Қазақстанның Бәйгетөбесінен (Ә.Т.Төлеубаевтың қазбасы), Сарыарқаның Талдысынан (А.З.Бейсеновтің қазбасы) табылған алтын адам мен басқа да алтын әшекейлер өнерпаз халқымызға деген мақтаныш сезімін туғызады.

 

Мақтаныш

Ұлттық музейге бір мәрте болса да жолы түскен замандастың кеудесін мақтаныш сезімі кернейді. Біз тамыры терең тарихы, кемеңгер көшбасшылары бар, еңбегімен, ерлігімен, өнерімен бүгінгі күнге жеткен халықпыз. Біз сол ата-бабалар аманатына адал, білімді де, намысшыл, қандай да бір аламан бәйгеге білек сыбанып, дайын тұрған ұрпағы бар халықпыз. Ұлттық музеймен жүздесуден біз түйген Мәңгілік ел мәртебесі осындай.

 

Болат Жүнісбеков,

жазушы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button