Экономика

Мәселе мұнай бағасында емес

Шілде айының соңында елімізде валюта бағамы қатты өзгеріске ұшырағаны белгілі. Алдымен 26 шілде күні бірден 364 теңгеге дейін шарықтап шыға келген АҚШ доллары қазір 350-353 теңге шамасына тұрақтады. Төл ақшамыз күн санап біртіндеп қайтадан нығайып келе жатқандай түр байқатады. Алда теңгенің долларға шаққандағы бағамы қандай болуы мүмкін? Осы сұраққа жауап іздеп, қазіргі жағдайларды сарапқа салып көрген едік.

032,

Әрине, қазіргі уақытта әлемдік нарықтағы «қара алтынның» бағасы біздің ғана емес, бұрынғы кеңестік елдердің ұлттық валюта бағамына айтарлықтай ықпалын тигізіп тұр. Екіншіден, елімізбен тығыз сауда әріптестігі бойынша байланыс жасайтын елдердегі валюта бағамының өзгеруі де теңгеміздің құнын қайта бағамдауға мәжбүрлейді. Мәселен, 16 шілде мен 26 шілде аралығында мұнайдың бір баррелі 48,09 доллардан 44,78 долларға дейін төмендеген еді. Мұның ізін ала көрші Ресейде доллардың рубльге шаққандағы құны 62-ден 65,95 рубльге көтерілді. Осы жағдайдың бәрі бізге теңгенің құнын қайта қарауға мәжбүрледі. Неге?
– Өйткені, Ресей – біздің сауда бойынша ең үлкен әріптесіміз. Сондықтан, екі ел арасындағы сауда кезінде бәсекелестікті сақтау үшін теңге бағамының өзгеруіне мүмкіндік береміз. Әйтпесе, тауарларды сату немесе сатып алу, қызмет көрсету кезінде ұтыламыз. Былтырғы алғашқы жарты жылдықтағы жағдайды есіңізге түсіріп көріңіз, сол уақытта Ресей рублінің долларға шаққандағы құны біршама төмен болатын. Ал теңге Ұлттық банктің қолдауы арқасында аса қатты құнсыздана қойған жоқ. Есесіне Ресейдегі тауарлар теңгеге шаққанда біршама арзан болып шықты. Осыны пайдаланып қалғысы келгендер Ресейге арзан тауарға ағылды, соның салдарынан еліміздегі отандық өндірісшілердің өнімдері сау­да сөрелерінде тұрыңқырап қалып, экономикалық жағынан біршама зардап шеккен еді. Сондай жағдай қайталанбас үшін біз көрші елдің валюта бағамын да есепке аламыз, – деп түсіндіреді «Халық банкі» АҚ-ның еншілес «Halyk Finance» компаниясы Зерттеу департаментінің директоры Мұрат Темірханов.
Бірақ бір ескеретін жай, шілде айының соңында теңге алғаш құнсызданғанда Ұлттық банк оны еркін айналымға жіберу саясатын ұстанды. Әрі еліміздің басты банкінің қаржы нарығына қатысу деңгейі шілде айында 8,8 пайыздан аспаған болатын. Енді қазір бұл жағдай өзгерді. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев қаржы нарығындағы саудаға араласуға әзір екендіктерін, бұдан әрі де валютаны сатып алуды жалғастыратынын мәлімдеген болатын.
– Егер мұнайдың бір баррелі 35 доллардан төмендеп, рубльдің долларға шаққандағы құны 70 рубль шамасында болса, онда теңгенің бағамын еркін айналым жағдайында қайта қарастыруымыз мүмкін. Мұндай жағдайда нақты мөлшер қандай болатынына да болжам айта алмаймыз. Бірақ, бір ескеретін жай, мұнайдың бағасы 35 долларға түскеннің өзінде Ұлттық банк қаржы нарығына қатысып, кез келген ауытқушылықты реттеуге күш салады. Бұл жағынан келгенде ешқандай күрделі мәселе жоқ. Сондықтан теңгенің аяқ астынан, күтпеген жерден қымбаттауына жол берілмейді, – деп сендірді жақында өткен баспасөз конференциясында Д.Ақышев.
Ал Ұлттық банк теңге баға­мын тұрақтандыру үшін өткен жылғыдай белсенді интервенциялар жүргізуге әзір ме, кенеттен теңге құнсызданатын болса, оның бағамын осындай жолмен ұстап тұру жос­парда бар ма? Бұл тұрғыдан келгенде де Ұлттық банк өз ұстанымын айқындаған. Бас банкир «Ұлттық банк теңге нығайғанның өзінде қаржы нарығындағы саудаға араласуын жалғастыра береді. Ал қаржы тұрақсыздығы қаупі туындап, теңге құнсызданған жағдайда интервенция жүр­гізуге әзірміз» деп теңгені қолдау шарасына қатысты сұ­раққа нақты жауабын берген.
Орайы келгенде айта кетейік, өткен жылдың шілде айында теңгенің құнсыздануы үздіксіз жалғасқан кезде Ұлттық банк миллиондаған доллармен интервенция жүргізген еді. Соның нәтижесінде доллар бағамының шектен шыға қымбаттауына жол берілмеді. Алда мұндай жағ­дай қайталанатын болса, Ұлттық банктің интервенция жүргізуге әзір екендігі де көңілге бір демеу.
– Ұлттық банктің мұндай саясатынан алдын ала хабардар болып отырғанымыз жақсы. Ол халықтың сенімін нығайтуға тиіс. Өйткені, доллар алғаш қымбаттаған кезде көшеге шығып байқап көрсеңіз, халықтың бәрі жаппай доллар сатып алуға көшеді. Банктегі теңгемен сақталған депозиттерін шұғыл долларға айырбастайтындар да аз болмайды. Себебі, олардың санасына «доллар тағы қымбаттайды» деген қорқыныш ұялап қалады. Сол қорқыныштың әсерімен жаппай доллар сатып алып, ішкі нарықта доллардың жетіспеушілігін туғызады. Бұл психологиялық фактор да доллардың қымбаттауына үлкен әсерін тигізеді. Көп жағдайда, мұнайдың баға­сы­нан бұрын, халықтың сана­сындағы қорқыныш валюта бағамына қатты әсер ететінін де байқауымыз керек. Біз бір жағынан доллар бағасының көтерілуіне өзіміз осылай ықпал етіп жатқанымызды білуге тиіспіз. Сондықтан, қандай жағдайда да ең бірінші қорқыныштан арылған дұрыс. Ұлттық банктің теңге құнсызданған кезде оны бір шекті мөлшерден асырмайтынына сенгеніміз жөн, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев.
Кейбір сарапшылар «мұнай бағасы кейде қайта көтеріліп жатады. Бірақ ондай кезде соған сәйкес теңгенің нығайғанын байқамадық» деген пікірлер айтады. Бұл пікірлердің шындыққа жанасатынын, жанаспайтынын өткен жылғы жағдайларды сараптап шықсақ та жеткілікті сияқты. Былтыр мұнай бағасы 50 доллардан төмендеуі ұзақ уақытқа жалғасқанда, теңге 390-ға дейін құнсызданған еді, ал мұнай бағасы қайтадан ептеп көтерілгенде теңге 327-ге дейін нығайды. Тағы бір ескеретін жай, Энергетика министрлігінің мәліметіне қарағанда, Қазақстанның жалпы экспортындағы мұнайдың ақшаға шаққандағы мөлшері 55 пайыз шамасында екен. Сондықтан тек мұнай бағасының өзгеруі теңге құнына 100 пайыз ықпалын тигізе алмайды. Оған жоғарыда айтып өткендей, бірнеше фактор әсер етеді. Негізінен, сарапшы-маман айтқандай, психологиялық фактор, яғни, халықтың санасындағы қорқыныш көп әсерін тигізеді. Ал мұнай бағасы жақсы жағына өзгергенде, құны көтеріле бастағанда, оның теңге бағамына ықпалын бірден күтуге болмайды. Ол біртіндеп әсер етеді.
Теңге бағамына қатысты болжам айтылғанда, «биылғы қабылданған бюджетте валюта бағамы 360 теңге мөл­шерінде белгіленгенін, сондықтан Ұлттық банк оны осы мөлшерде ұстауға тырысады» деген тұжырым жасайтын сарапшылар да жоқ емес. Бірақ Ұлттық банк бұл тұжырымның түбірімен қате екенін мәлімдеді. «Жоспарланып, қабылданған бюджетте валюта бағамы жалпы экономикалық үлгіге сай белгіленген болатын. Ұлттық банкке бұл негізгі меже емес, осы бағам шамасынан шығуға да күш салмайды. Доллар бағамына әсер ететін бірнеше факторларға байланысты теңгенің құны өзгеріп отырады» деп түсіндірген еді Данияр Ақышев. Сондықтан теңге бағамына нақты болжам жасау әзірге мүмкін болмай тұр.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button