Басты ақпаратТаным

Мәскеудегі «өнер түні»

Ресей астанасының тұрғындары өздерінің ой-өрістері мен таным көкжиектерін кеңейте беру үшін одан уақытын да, қаржысында аямайды. Бұл жолы олар Пушкин музейіне кіру үшін ұзын-шұбақ кезекке тұрды.

Гәп мынада, Кремльді қалада қарашаның 4-інен 5-не қараған түні дәстүрлі «Өнер кеші» ұйымдастырылды. Жыл сайын осы мезгілде өткізіліп тұратын бұл шараның аясында шаһар тұрғындары мен қонақтары ең сәулетті де көрнекті өнер ордаларын түні бойы тегін аралап шығады. Ал сөз болып отырған Пушкин музейі кеш бағдарламасына енгізілген. Ол атақты Третьяков галереясы сияқты сондай орындардың бірінен саналады. Сондықтан болар, көпшілік жексенбі күні түнде орыстың ұлы ақынының өмірі мен шығармашылығы жөнінен қызғылықты деректер мен мағлұматтар беретін мекенде болуға айрықша ынта танытты.
Мұндай кезек бұл түні Манеждегі «Ресей музейлерінің қазынасы» деп аталатын көрме алдында да көрінді. Ол Ресей халықтарының бірлігі күніне арналды. Мұнда келушілерге елдегі 50 музейден әкелінген керемет эспонаттар ұсынылды. Көрмеге қойылған шедеврлер саны 300-ден асты.

Бұлардан бөлек, келушілерді Рига және Киев вокзалдарында, сондай-ақ Зарядья концерт залында, Мәскеу планетариясы мен Останкино телемұнарасында айрықша мазмұнды бағдарламалар күтіп тұрды. Тілек білдірушілер бірінші рет мұнарада түнде болу құрметіне қол жеткізді. Зарядьяда Жаңа Иерусалим монастырінің хоры өнер көрсетті. Ол халық әндері мен соғыс жылдарындағы әуендерді шырқады.
Бұл түні мәскеуліктер мен қала қонақтары көптеген музейлер мен галереядағы сирек кездесетін экспонаттармен тегін танысып қана қойған жоқ, сонымен қатар оларда өткізілген квесттер мен шеберлік сыныптарына қатысу мүмкіндіктерін де алды. Мұндай акциялардың тақырыптары «Ұрпақтар қарым-қатынасы» деп аталды. Ол жасы ұлғайған кісілерді ұлықтауға бағытталды.

ТҮРЛЕНГЕН ТҮНГІ ТАШКЕНТ

Соңғы айда Ташкент қаласының орталығы қатты өзгеріп кетті. Онда өзіндік өрнектері бар мүсіндер, шырағдандар пайда болды. Түнгі бақтар мен көшелер жиектерінде басқаша реңк-сәуле шашатын шамдар қатарға қосылды. Ал ғимараттарда жаңа иллюминация көрініс тапты.

Өзбекстан астанасындағы бұл көріністер оны, әсіресе, түн мезгілінде ерекше көркем етіп көрсете түседі. Бұрын көкжиекке күн батып кеткеннен кейін жұрт көшелердің бойларындағы әлсіз жарықтардың аясымен жүріп келе жатушы еді. Қазір сол сәттен бастап аумақ бірден сұлуланып сала береді.
Түнгі Ташкенттің парктері мен бақтары арасында серуен құрудың өзі жанды рахат сезімге бөлейді. Мұны мына суреттер топтамасы да айқын аңғартар еді.

АППАҚ БОЛУ АДАЛДЫҚҚА ШАҚЫРАДЫ

Сіз интерьері түгел ақ түстен тұратын жиһаздар мен заттардан құралған пәтер көрдіңіз бе? Таяуда Латвия астанасы – Рига қаласында сондай бір үй пайда болды. Оны «Karla» балалар киімдері брендінің негізін қалаушы Елена Блате-Дексна өмірге енгізді.

Шеберхана интерьерін Елена бұдан бес жыл бұрын «Karla» брендін жасаған кезде-ақ ойлап тапқан екен. Бұрын оған қара және қызыл түстер ұнаған көрінеді. Лена ақ түске бертінде назар аудара бастапты. Ол өзінің екінші бөпесін күтіп жүрген кезінде ашық, жарқын, жұмсақ түстерге көбірек көңіл бөлуге кірісіпті.
Биылғы жазда Елена шеберхана интерьерін толықтырып, оған қара түстен акцент беріп көруді ойластырады. Сөйтіп, қара диван мен кілем сатып алады. Әйткенмен, арада бір апта өткеннен кейін бұлайша алашұбар етудің керегі жоқ екенін түсінеді. Осылайша бірыңғай ақ түске көшеді.
Бұл отбасының жалға алып тұрып келе жатқан аумағы 112 шаршы метрлік пәтерлерінде тек шеберхана мен қонақ бөлмесі ғана ақ түспен түгел көмкеріліп тұр. Бірақ жақын күндері Елена асүйді де ақ түске айналдыруды көздеп отыр екен. Оның бұл шешіміне күйеуі де, балалары да қарсы емес.

БЕЙЖІҢДІ БҰҒЫ БИЛЕЙДІ

2022 жылы Қытайдың астанасы – Бейжіңде өтетін Қысқы олимпиялық ­ойындардың бойтұмары анықталды. Оған Дәуіттің бұғысы таңдап алынды.

 

Бойтұмарды жасаумен шұғылданған Бейжің дизайн мектебінің қызметкерлері Дәуіттің бұғысы Қысқы ­ойындардың символы болуға таптырмайтынын айтады. Ол – ғаламат спортшы. Тек жақсы жүгіріп қана қоймайды, сонымен бірге керемет жүзеді, қалың қардың қанарын қақ жарып өтіп, жылтырап жатқан мұздың бетімен заулай жөнеледі. Бұған қоса, хансу тілінде «бұғы» деген сөз «лу» деген лексемамен берілсе, екінші жағынан ол «гүлдену» сөзінің омонимі екен.
Енді Бейжіңде өтетін Қысқы олимпиялық ойындар үшін ұсынылатын бойтұмарды анықтауға арналған конкурс­тың жеңімпазы 2019 жылдың екінші жартысында жария­ланатын болып отыр.
Еске сала кетейік, бұл Ойындар 2022 жылғы 4-20 ақпан күндері Бейжің мен оған көрші Чжанцзякоу қаласында өтеді. Осылайша Қытай астанасы әлемдегі Жазғы да, Қысқы да Олимпиаданы өткізген бірінші қала болғалы тұр.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button