Басты ақпаратҚоғам

Масылдық отбасынан басталмай ма?

Осы күнге дейін масылдық мәселесін қоғаммен байланыстырып келдік. Бұл қасиет адам баласында бір күнде пайда болады ма? «Жыламай тамақ жемейтін» маңдайдағы бір-бір жалғыздардың дені жатып ішер жалқауға, өсе келе қоғамның масылына айналып бара жатқан жоқ па?! Мүмкін отбасындағы тәрбиенің де масылдық көзқарастың қалыптасуына ықпалы болар.

Кеңес заманында өмір сүрген менің замандастарым еңбектің не екенін жақсы біледі. Бұғанасы қатпаған кезден үй ішінің тірлігіне араласып, іні-сіңлілерін сүйретіп, бірге өсу бізге тән болатын. Одан қалды мектепте қол жұмысынан шет қалған жоқ. Жоғарғы сыныпқа жете бере, әсіресе, ауылда өскен балалар егін және мал шаруашылығы жұмысына қатысатын. Студент кезден бастап құрылыс отрядтары, одан қалды егін-терім жастардың қатысуынсыз бітпейтін. Қалада өскен ақсаусақ құрбыларға қарағанда еңбекпен шыңдалып, әр нәрсенің көзін білген ауыл баласы ерте есейетін.

Ал 90-жылдардан бері қарай бәрі өзгерді. Алдымен бала мен жасөспірім еңбегіне қатысты екіұдай пікір қалыптасып, өзінің туған баласын жұмсағандар «бала еңбегін қанаушылар» қатарына қосылды. Балаға еңбектің жасампаздығын емес, жаман жағын көрсетті. Ата-ананың да көзін солай ашты. Ақырында еңбек етуден жеріне бастаған ұрпақ қалыптасты. Содан бері «баланың еңбегін қанау» мен «еңбекке баулудың» нақты шегін айқындаған ешкім болмады. Мемлекет те, отбасы да, қоғам да оның жолын көрсетпейді. Байқағанымыз, мектепте ән-сауыққа, мерекеге молынан мән беріп, еңбек етудің артықшылығы түсіндірілмей келеді. Тек мектепте ғана ма?!

Сол жылдардан бастап демократия деген дүрбелеңмен ұшынып ауырдық. Еңбек етіп, қоғамды өз қолымен құрудың қажеті шамалы, жақсы өмірді молынан уәде еткен саясаткерлер өздері жасайды. Әлеуметтік және экономикалық бостандық жақсы қоғам құру үшін аздық ететінін ешкім бізге ескертпеді. Отбасынан басталған тәрбиедегі осы бір ауытқу адам баласын белгілі бір жүйеге, қоғамға бейімдеуден алыстатты. Кедейшілік келіп, адамдар әл-ауқатының аражігі ашыла бастады.

Өзімізден де бар, кеңес кезіндегі көптің қатарындағы құба төбел өмірден аузымыз күйгені соншама, балаларымыздың «жеке тұлғаға» айналғанын барынша қаладық. Асты-үстіне түсіп, аспандағыны алып бер десе аянып қалмадық. Ақырында жасампаздар емес, тұтынушылар, әке-шешесіне сенген «дайын асқа тік қасықтар» қалыптасты. Қиялдағы жақсы арманның бәрі жан-жағы толған, әлдеқашан дамып кеткен, қаржылық және идеологиялық жағынан алға кеткен елдерде ғана қол жеткізуге мүмкін болатынын ескермедік.

Бұрын еңбегімен жақсылыққа жеткендер болған, соған теңеліп, солай болуға күш салушы едік. Қазір қарап жүріп біреудің есебінен қарын тойғызып, масылдықтан жерінбей, соның қызығына малданғандар көбейіп келеді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз сәннен қалды. Тіпті еңбек етудің өзі кемдіктің белгісіндей көріне бастады. Ауадан ақша жасайтындардың тасы өрге домалады. Байлық, дәулет деген нәрсе аспаннан салбырап түсетініне сендік. Қарекетсіздік – осы. Олар қоғамның қарапайым игілігіне де қол жеткізе алмай, сырттап қала берді. Бейнеттен бас көтермеген өзге ұлттардың балалары бірі саудада, бірі егістікте дәулеттене бастады. Біздің балалар ата-анасының итшілеуімен қолы игілікке жетіп, үйлі-жайлы болғанмен, барының қадіріне жетпей, қара басын алып жүре алмай жүргені тағы бар. Жақсылыққа қолы жетпей, мардымсыз дүниені азсынып, аузымен орақ орған «диван-батыр» шыға бастады. Өзі қалай еңбекке үйренбесе, баласында да еңбектенуге, ізденуге, бейімделуге ешқандай жігері жоқ. Отбасындағы әрекетсіздік әлеуметтік масылдыққа жеткізді. Баланы жасынан жұмсамаудың, өзінің жауапкершілігін түсінбеудің соңы істің көзін білмейтін мешелдікке апарды. Осылайша масылдықтың басты белгісі қамсыз тірлік, жанаярлықтың дамуы адамды азғындата бастады.

Жаратылыс бір орнында тұрмайды, бос кеңістік болса, соны толтыруға тырысады. Адам да солай, айналып келгенде, сол бос дүниені дінмен толтыра бастады. Жап-жас жігіттер мен қыздар мешіт жағалап жүр. Бұрын жасы қырықтан аспаса, дәстүрлі дінімізде пірге қол беруді орынсыз көрген кез болыпты. Қазір бесіктен белі шықпаған, дүниеде ешқандай игілікке жетпеген балалар уағыз айтқанда беттен алады. Бұл да деградация, азғындаудың бір түрі. Өздері маңдай тері терлеп еңбек еткісі келмегені соншалық, Құдай береді дегенді нақылға айналдырды. Құдай әрекет еткендердің жағында болар.

Міне, өз күшіне, өзіне сенбегендердің, өзгенің есебінен күн көруге арланбайтын, біреудің уыстап бере салуынан дәмететіндер «армиясы» жыл сайын сан түрлі болып қанат жаюда.

Өзіне не керегін, неден үміт ететінін, неге қол жеткізетінінен бейхабар балаға мектеп жол сілтей алмайды. Оқудан қашатын, білім алуға тырыспайтындар мұғалімге де керегі жоқ. Мектепті әупірімдеп бітірсе болды. Одан кейін шеге қағуды білмейтін бала студент атанады. Ата-ананың аялы алақаны бұл жерде де баланың талабына, өздігінен әрекет етуіне кәдімгідей тұсау болады.

Іздену, ілімнің соңына түсу оларға жат. Тым болмаса адамдармен араласып, қарым-қатынасын түзеп, қоғамның бір мүшесіне айналдыруға қоғам дайын болуы керек. Ол да жоқ, өздігінен жол табуға еңбек керек. Әр нәрсенің парығына жетіп, оны бағалай білу үшін де біліммен келетін таным керек. Үңілгені – телефон, компьютер ойындары тек уақытты ғана емес, көзінің майын да жеп барады. Оны қалай түсіндірерсің?!

P.S: Келе жатқан жолыңда кесілген ағаш жатса еңкейіп, алып тастап, әрі қарай жүру үшін де белің бүгіліп, күш жұмсайсың. Сол сияқты өмірдегі қиындықтарды жеңу үшін еңбек керек. Оны сағаттап қарасаң да компьютер санаға салып бермейді. Өзіңе сеніп, белсене күресіп, маңдай теріңнің кермек дәмін сезіп, шыңдалуың керек екенін көбіміз естен шығардық. Сосын келіп «масылдық қайдан шықты?» деп таңғаламыз…

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button