Басты ақпарат

Медициналық туризмге ден қоюда

Бас қаладағы №2 көпсалалы қалалық аурухана тек астаналықтарға ғана емес, сонымен қатар еліміздің басқа өңірлері мен шетелден келген азаматтарға да медициналық сапалы қызмет көрсетеді. Акушерлік және 62 клиникалық бөлімшеден тұратын емдеу орны білікті кадрлары және заманауи жабдықтарымен ерекшеленеді. Аурухананың ТМД аумағында баламасы жоқ басқа да қызметтері және қазіргі таңдағы проблемалары туралы мекеме директоры Нұрбол ТҰРСЫНБАЕВ айтып берді.

[smartslider3 slider=2798]

Сіз басқаратын аурухана елорданың денсаулық сақтау саласында қандай орын алады, несімен ерекшеленеді?

– Аурухана клиникалық және акушерлік бөлімше деп аталатын 2 блоктан тұрады. 670 төсек орындық аурухананың 200 орны акушерлік блокта, қалғаны клиникалық. Бүгінгі таңда 3 қалалық орталық біздің клиникалық бөлімшеде орналасқан, атап айтсақ, жедел кардиология және кардиохирургия орталығы, оған бүкіл қала бойынша инфарктке шалдыққандар келеді. Бұл жерде жүрек трансплатациясынан басқа емнің бәрі көрсетіледі, жүрек отасы жасалады. Екінші орталық – урология оторонтология. Үшіншісі – былтыр ашылған көз микрохирургиясының орталығы. Қазақстанда, соның ішінде елордада медициналық туризмді дамытуға осы орталықтардың қосар үлесі зор. Әсіресе, қазіргі таңда санкцияға байланысты Ресей азаматтары бізге көптеп келуде. Қазақстанның өзінде 1800-1900 адам көз микрохирургиясы бо­йынша отаға кезекте тұр. Оларға «ӘМСҚ» қоры арқылы тегін көмек көрсету жолдары қарастырылуда. Былтыр демеушілер көмегімен ТМД аумағында баламасы жоқ аритмологиялық ота жасауға үлкен аппарат алынды. Сонымен бірге пандемияға қарамай, өткен жылы бізде инсульт орталығында конференция өткізілді, оған онлайн түрде америкалық мамандар қатысты. Соның барысында Сеrеbrа деген бағдарламаны қойғызуды қолға алдық. Пандемия кесірінен жүрек және инсульт аурулары көбейді. Инфаркт аурулары жасарып кетті, бұрын орта жастан асқандар ауырса, қазір 18 жастағы жастар да науқастар қатарында. Бұған коронавирус инфекциясы, стрестің көптігі, дұрыс тамақтанбау әсер етуі мүмкін. Аталған бағдарлама соның алдын алуға арналған. Тағы бір ерекшелігіміз – қала бойынша бет-жақ хирургиясы тек бізде ғана. Сонымен қатар акушерлік блокта жаңа туған нәрестелердің хирургиясы бар. Мұнда 500 грамнан бастап шала туған балаларға, туа бітті жүрек жетіспеушілігі болған, өңеш, асқазан, өкпе, ішегі дұрыс дамымай қалған сәбилерге көмек көрсетіледі. Көз жанарының дұрыс көрмеуіне байланысты лазер аппараты алынып, емдейтін бір маманды Израильге жіберіп оқыттық. Шала туған балаларды тиісті салмағын жинағанға дейін 4-5 ай жатқызып, бағып-қағатын 30 төсекке шақталған арнайы бөлімше бар. Одан бөлек, туғаннан бастап 3 жасқа дейінгі мүгедек балаларға көмек көрсететін бөлімшеміз жұмыс істейді.

Акушерлік блок жөнінен де қызметті жолға қойыпсыздар, кезінде осы жерде босанған 5 ананың өлімі туралы жағымсыз ақпарат тарап еді.

– Иә, ондай жағдай болды. Бірақ ол өткеннің еншісінде қалды. Оның бәрі бала босанғаннан кейінгі асқынуларды емдейтін мамандардың болмауынан болды. Осы мәселені шешу үшін 2018 жылы екі блокты қосып, бір аурухана жасадық. Содан бастап бәрі жақсарды. Былтыр біздегі акушерлік блокта 14 мың бала дүниеге келді, бұл – өте үлкен көрсеткіш. Мәселен, СҚО-да бүтін бір облыста 6700 бала дүниеге келген. Одан бөлек, ананы аман-есен босандыру бойынша да І орында тұрмыз. Тіпті қазіргі таңда біздің ауруханамызға Қазақстан бойынша қиын босанатын әйелдер келіп, ақылы түрде қызметке жүгінеді. Оларға барлық жағдай жасалған.

Ақылы қызметті арттырудағы мақсат не? Жыртыққа жамау болу үшін бе?

– Иә, ақылы түрде қызметтерді дамытуда көздегеніміз бар. Қазіргі таңда аурухана штатында 2000 адам жұмыс істейді. Дәрігерлер мен орта буын медбикелер жалақысы 30 пайызға өсті. Бірақ кіші персонал – санитарларға және күзетші, көлік жүргізушісі, т. б. мамандықтарға көбейтілген жоқ. Сондықтан аурухананың өз қаржысынан жылына 160 млн теңге соларға үстемақы ретінде бөлеміз. Ол қаржы осындай ақылы қызметтерді жандандыру арқылы жиналады. Бұл да жетістік. Жалпы бізде менеджмент жүйесі жақсы жолға қойылған. Ашылған ақылы емханамыздың акушерлік блогына өз еркімен келіп тіркелетіндер бар. Сонымен қатар медициналық туризмді дамыту бағдарламасы бойынша шетелдік азаматтарға да ақылы қызмет көрсетіледі. Алайда өзіміз жинаған қаражат барлық шығынды жабуға жеткіліксіз. «ӘМСҚ» қоры арқылы берілетін қаржы тым аз. Ол емге жұмсайтын шығынды ғана жабады. Ал ғимаратқа жөндеу жүргізуге жетпейді.

Ғимараттың салынғанына 12 жыл енді болады, жөндеу қажет етіле ме?

– Иә, кезінде мердігер құрылыс мекемелері сапасыз етіп салған. Соның салдарынан жөндеу жұмыс­тарын сапалы түрде жүргізуге тура келеді. Шатырын жөндеу дегендей. Заң бойынша күрделі жөндеу ғимараттың салынғанына 15 жыл өткен соң барып жүргізілу керек екен. Сондықтан өз күшімізбен орташа жөндеу жүргізіп жүрміз. Демеушілердің көмегімен былтыр акушерлік блокта 12 душ қабылдау орнын аштық, себебі бала күтіміне қарап жатқан аналар мұнда 3-4 ай жатады, ал жуынатын жер жоқ еді. Сонымен қатар олар биыл 2 әжетхананы жөндеп берді.

Ал жабдықтар жаңарту жағынан кедергілер жоқ па?

– Аурухана ашылғалы еш жабдық жаңартылмаған еді. Алдыңғы жылы қала әкімі Алтай Көлгінов келіп, аурухана жұмысымен танысқан кезде жетіспейтін құрал-жабдықтарды 1 млрд 162 млн теңгеге алып берді, сұраған құрал-сайманның 30 пайызын ғана алды, қалған 30 пайызын биыл алып береміз деп жоспарға енгізді. Бірақ осы жылғы Президент Жолдауында берілген тапсырма бойынша құрал-сайманды «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы алатын болдық. Көп дәрі-дәрмекті осы серіктестік арқылы аламыз, бірақ оның бағасы өте жоғары. Осыған орай, дәрі-дәрмекке баға саясатын қайта қарау туралы ұсыныс жаздық. Ал былтыр әкімдік КТ аппаратын орнатып берді, оның ерекшелігі – жүрек-қан тамырларын 3D режимінде көруге болады, керемет аппарат! Ол үшін әкімдікке ризашылығымыз зор.

Қала тұрғындарының қанша бөлігі сіздің аурухананы таңдайды? Жалпы оларда таңдау құқығы бар ма?

– Қала тұрғындарының сенімінен шыққанымыз сондай, елордалықтардың 70 пайызы бізге келеді. Күнделікті 200-ден астам науқас жедел жәрдем арқылы, 100 науқас өзі келеді. Қайдан келсе де, оларға қызмет көрсетуден бас тартпаймыз. Бастапқы тексеруін жүргізіп, әрі қарайғы емі бойынша жолдама береміз. Клиникалық бөлімшеде 400 орын болса, күніне 300-350 науқас бізге қаралуға келеді, соның ішінде жүз адам жатқызылып, емделеді. Осылайша былтыр біздің ауруханаға 115 мың адам қаралып, соның 49 мыңы емделіп шықты. Мамандарымызға сұраныс көп, қазір халық аурухана емес, маман таңдайды. Себебі кадр сапалы және медперсоналдың көбін шетелге жіберіп оқытуға мүмкіндіктер қарастырылған.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button