Білім

Мектептегі қоштасу кеші

Биыл елордада 6 мыңға жуық оқушы мектепті тәмамдайды. Олардың 275-і «Алтын белгіге» үміткер атанып отыр. Емтихандардан соң, білім ордасына тарыдай болып кірген балалар тәлім берген ұстаздарымен қоштасып, үлкен өмірге қадам баспақ.

Астана қаласы Білім басқармасының таратқан мәліметі бойынша, биыл мектеп бітіру кеші жалпықалалық деңгейде болмайды. Бір апта бұрын барлық мектептерде аттестат табыс­талды. «24 мамыр күні дәстүр бойын­ша халықаралық, республикалық олимпиадалардың және ғылы­ми жобалардың жеңімпаздарына арналған «Триумф» балын өткіземіз. Ал маусым айының соңында «Алтын белгі» иегерлерін «Елорда мақтанышы» салтанатында марапаттайтын боламыз» деді басқарманың баспасөз хатшысы Жазира Асанова.
Сондай-ақ, Білім басқармасы мектеп бітіру кешіне қойылатын талаптар туралы мәлімет берді. «Ешқандай талап жоқ. Кешті қай жерде қалай өткізетінін балалардың әке-шешесі бірігіп шешеді. Мектеп басшылығы кештің болатын жері мен уақытын белгілегенде, біз кестеге сәйкес мұғалімдер мен инспекторларды кезекшілікке қоямыз» деді Ж.Асанова.
Басқарма басшылығы мектептің акт залы мен спорт залы соңғы қоштасу кешін өткізуге ең қолайлы жер деп санайды.
– Егер ғимарат салтанатты шараны өткізуге қолайлы болса, ата-ананың да қалтасы қағылмайды. Кейде белгілі бір себептерге байланысты салтанатты кешті өткізуге жағдай бола бермейді. Сол кезде ата-ана қауымы мерекені атап өтудің басқа амалдарын қарастырады, – деп жауап берді осы ретте басқарма өкілі.
Елімізде білім ұясынан түлеп ұшқан түлектер ұстаздар мен директорға естелік сыйлықтарын табыс етуі жыл сайынғы дәстүрге айналған. Осы ретте қалалық Білім басқармасы ата-аналарға бағалы сыйлықтарды әкелмеуді сұрайды. «Біз әр жиналыста білім ордасының басшылығы мен ұстаздарға бағалы сыйлықтарды қабылдамауды өтінеміз. Мектеп пен балабақшаларда да ата-аналарды жинап, сыйлыққа деп ешқандай ақша қорын ашпауды өтінеміз. Оқушылар тек ықылас гүлімен шектелсе екен дейміз. Себебі ұстаз үшін ең бағалы сыйлық – алғыс» деп мекеме өз ұстанымын білдірді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button