Қоғам

Мемлекет жаһанторды «жүгендемейді»

«Үкіметтің қаулысы мемлекетке ешқандай жаңа өкілеттіктер бермейді. 2004 жылдан бері қолданылып келе жатқан құжат мемлекеттік органдардың төтенше жағдайдағы коммуникациялық жұмысын реттейді. Әлемдік тәжірибеде мұндай бар. Үкіметтің қаулысы «жаһанторды және әлеуметтік желілерді «жүгендемейді». Бұл тақырыпты кейбір адамдар өз мақсатына пайдаланып қалғысы келіп отыр». Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Facebook-тегі парақшасында Үкіметтің жаңа қаулысын осылай түсіндіріп берді. Ол жаһантордың «желі және байланыс құралы» санатына кіргеніне қарамастан мемлекеттің жаһанторды «жүгендеуін» ақылға сыймайтын іске балады.
Үкіметтің жаңа қаулысына сәйкес, бұдан былай ІІМ, ҰҚК, Бас Прокуратура және Қорғаныс министрлігі төтенше жағдай орын алғанда желілер мен байланыс құралдарының қызметін бұғаттай алады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Монополияға қарсы комитетпен қатар, барлық министрліктердің басқармалары мен бөлімдері кірген бұрынғы тізімде 22 мемлекеттік орган болған. «Шын мәнісінде бұл қаулы мемлекеттік органдардың санын қысқартты. Бұрынғы тізімде Мәдениет және спорт, Ауыл шаруа­шылығы, Білім және ғылым министр­лігінің құрылымдық бөлімшелері де сондай құқыққа ие болатын. Енді олар төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға ғана қатысады» деді Д.Абаев.
Министрдің пайымдауынша, мемлекет ғаламторды бұғаттауға емес, ақпарат желілерін қамтуға назар аударып отыр. Десек те, Үкіметтің құжатында қандай да бір әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай бола қалса, 4 күштік құрылымның желілер мен байланыс құралдарын пайдалануға, бұғаттауға құқығының бар екені тайға таңба басқандай етіп жазылған. «Төтенше жағдайда мемлекетке барлық байланыс арналары халықты құлақтандыруға қажет болары сөзсіз. Мысалы, теледидар мен радио. Бұл қаулы мемлекетке Қазақстан аумағында хабар тарататын кез келген теле немесе радиоарнаны адамдарға төтенше жағдайдың қаупі жөнінде ақпарат таратуға пайдалануға мүмкіндік береді. Биліктің «басымдықпен пайдалануы» дегенін осылай түсінуіміз керек» деп жазды Дәурен Абаев.
Құзырлы ведомствоның басшысы бұған дейін елімізде Telegram-ды бұғаттаудың ықтималдылығын жоққа шығарған болатын. «Мемлекеттің құқық бұзатын контентті таратумен күресуде бұғаттауға баруы – амалсыздан жасалатын шара. Егер де Telegram-ның әкімшілігі біздің хабарламамызға құлақ аспаса, мұндай әрекетке баруымыз мүмкін. Бірақ БАҚ-тар жазғандай, аталған мессенджердің бұғатталу мүмкіндігі аз» деп жауап берді министр павлодарлық азаматтың шағымына. Айтпақшы, оның Telegram-ын өз келісімінсіз біреулер елімізде тыйым салынған экстремистік ҚДТ-ның тобына қосып қойыпты.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button