Мәдениет

Мемлекеттік дума және қазақ депутаттары

Ұлттық академиялық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері,
тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбайдың «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» атты монографиясының таныстырылымы өтті. Іс-шараға Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер қатысты.

Жиынды жүргізген Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп қазақ халқының тарихын зерделеудің маңызы мен зерттелмеген деректердің орнын толтыру қажеттігін атап өтті.

«Қазақ елінің тарихында әлі де зерттелмей қалған мәселе көп. Солардың ең өзекті таласқа толы тұсы Қазақ елінің Ресей империясы құрамында болған уақыты деп айтар едім. 1905-1917 жылдар – тарихта еліміз үшін де, Ресей үшін де шытырманға толы қым-қиғаш кезең. Еңбектен осы кезеңдегі Ресейдегі саяси институттардың қалыптасуы, олардағы қазақ элитасының орны жөнінде құнды мағлұматтар мен тың көзқарастарды алуға болады» деді сенатор.

«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы жас ұрпақ үшін Ресей империясының құрамына кіру кезіндегі Қазақстан тарихын зерделеудің маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл Қазақстандағы қазіргі саяси және әлеуметтік процестерді тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін тың ойлар мен талдау дағдысын қалыптастыруға ықпал етеді.

Осы уақытқа дейін қоғам дамуы, адам, тағдыр туралы елуге жуық кітап пен жүздеген мақала жазған профессор Өмірзақ Озғанбайдың 2021 жылы 5 томдық шығармалар жинағы оқырманға жол тартқан еді.

«Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан», «Тарих тағылымы», «Қазақтың көсем­дігі мен шешендігі астасқанда», «Жарық жұлдыздар», «Тағзым» атты туындылардан түзілген жинақтарда халқымыздың тарихына, тұлғаларына, көсемдері мен шешендерінің ел көсегесін көгерту жолындағы жанкешті іс-әрекетіне шолу жасалады. Бес томдықта оқырманға кезінде Ресей Мемлекеттік Думасына қазақтан депутат болып сайланған қайраткерлер өмірінің бұрын-соңды аз зерттелген тұстары ұсынылады.

Тарихи танымның бетбұрысына өзек болған сүбелі дүниені зерттеуде ғалым халық жадынан алыстаған аяулы есімдерді қайта тірілтеді. Қазақтың алғашқы парламентарийлері Алпысбай Қалменұлы, Ахмет Бірімжан, Әлихан Бөкейхан, Бақтыгерей Құлманұлы, Бақытжан Қаратаев, Молда Тайынұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Дәуіт Ноян-Тұндыт, Сәлімгерей Жантөрин, Темірғали Нұрекен, Тілеулі Алдабергенұлы және Шәймерден Қосшығұлұлы есімдері ғалымның іргелі еңбегінің арқасында халқымен қайта қауышады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button