Қоғам

Мемлекеттік қызмет және жастар

Елімізде елдің мәртебесін көтеретін, адал қызмет етіп, келешек ұрпақтың қамын ойлайтын жастарды жұмысқа тұрғызу үшін жасалып жатқан мүмкіндіктер қатары аз емес.

Атап айтқанда, жуырда Президенттік кадрлық резервіне кезекті іріктеу өткізіліп, 50 адам резервке алынды.

Сондай-ақ жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім беру ұйымдарын (GPA 3.33-тен жоғары) аяқтаған түлекке 1 жыл ішінде облыстардағы аудан, ауыл деңгейіндегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз орналасу мүмкіндігі, «E-Qyzmet» жүйесі арқылы мемлекеттік қызметке іріктеудің қанатқақты жобасы және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың Өңірлік кадр резерві жүзеге асып жатыр.

Соның бірі, Өңірлік кадр резервіне іріктеу алғаш рет өткізілуде және оны еліміздің әр өңіріндегі кадр комиссиясы жүзеге асырады. Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі жəне 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

Астана қаласының өңірлік кадр резерві әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, экология, цифрландыру бағыттары бойынша жүзеге асатын болады.

Бұл жобаға құжат қабылдау ағымдағы жылдың 1 наурызда басталып, 31 наурызға дейін жалғасатын болады. Өңірлік резервке қатысу үшін үміткерлер тиісті құжаттарын тапсырып болғаннан кейін, заңнаманы білу бойынша тестілеу, жеке қасиеттерін және ассессмент-орталық жүргізетін құзыреттерді бағалау, комиссиядағы құрылымдық сұхбат кезеңдерінен өтуі тиіс. Осы кезеңдерден сүрінбей сәтті өткен үміткерлер өңірлік резервке екі жыл мерзімге алынып, олар туралы ақпарат Агенттіктің интернет-ресурстарында, сондай-ақ onir.pkrezerv.kz онлайн-платформасында жарияланады.

Осы секілді елімізде мемлекеттік қызметке іріктеуді жеңілдетіп, өз тиімділігін көрсететін жобалар мемлекеттік аппаратта білікті жас мамандардың жұмыс істеу көрсеткішін арттыратыны анық.

Ал мемлекеттік қызметке іріктеу бойынша шетелдерде де осыған ұқсас жобалар бар. Атап айтатын болсақ, Мемлекеттік басқару және өнеркәсіптік менеджмент мектебінің қызметіне ерекше назар аударылатын Жапонияда кадрлық резервтерді дайындаудың қызықты тәжірибесі жинақталған. Бұл мектептің түлектері, тәжірибе көрсеткендей, Жапонияның саяси және экономикалық көшбасшыларына айналады, яғни кадрлық резервте ұзақ мерзімді перспективада мемлекетте жоғары лауазымдарды атқаруға тиісті адамдарды дайындау басымдыққа ие. Ерекшілігі – білімі және кәсіби тәжірибесі бар, жасы 25-тен аспаған, дені сау ер адамдар ғана оқиды.

Ұлыбританияда мемлекеттік қызметтегі кадрлық резервпен жұмыс «Жылдам ағын» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Бұл резервтен бос лауазымға және керісінше кадрлардың жылдам ротациясын жеңілдетеді. Бағдарламаның қағидасы: үміткерлер тәжірибе жинақтау үшін қызметке кіргеннен кейін бірнеше жыл бойы бөлімнен бөлімге белсенді түрде ауыстырылады. Бес жылдан кейін үміткерлер бағдарламадан кетеді, ал олардың мансабы кейіннен мемлекеттік органдардағы персоналды басқарудың жалпы принциптеріне сәйкес құрылады.

АҚШ-та мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін іріктеу және онымен жұмыс істеу жүйесі, негізінен, америкалық коммерциялық фирмалардың кадрлық саясатының тәжірибесіне негізделген. Бұл жерде ең алдымен, General Motors, General Electric, Microsoft сияқты ірі корпорациялар туралы болып жатыр. Бұл коммерциялық компанияларда кадрлық резерв технологиясының мәні қарапайым: компания қызметкерлерінің арасынан келешегі зор қызметкерлер іріктеліп алынады, олар кейіннен басшылық қызметтерді атқара алады.

Халықаралық тәжірибеге қарай отырып, әрқайсымыз жаңа Қазақстанның құрылуына үлес қосып, жаңа рухани өркениетіміздің негізін қалауға, қолдауға, қорғауға атсалысайық! Қазақстанның жаңарған келбетін қалыптастыру жастардың міндетіне айналсын!

Мемлекеттік қызмет істері

агенттігінің Астана қаласы

бойынша департаменті

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button