Руханият

Мұхтардан дәріс алған ұстаз

Ғалымдар мен қаламгерлердің тынысын кеңейткен тәуелсіздігіміз еді. Рас, олардың көпшілігінің еңбектерінің халыққа танылуына «қылышынан қан тамған» кеңестік идеологияның өзі тосқауыл бола алмаған. Дегенмен көп кедергі келтіргені тарихтан мәлім. Көкейдегісін кесіп айтар ой еркіндігі азаттықпен бірге келген. Сондықтан оларды тәуелсіздік танытқан әрі тәуелсіздігімізді танытқан тұлғалар деуге болады. Солардың бірі – ғұмырын Абай шығармаларын зерттеуге арнап келе жатқан, Мұхтар Әуезовтен дәріс алған Мекемтас Мырзахметов.

Халқымыз үшін заңғар жазу­шыдан дәріс алған шәкірт­тердің ішінде Мекемтас Мыр­зах­метовтің орны бөлек. Ол – қа­зақты әлемге танытқан Абай­дың шығармашылығы мен өмірі, өлеңдеріндегі әр сөйлемді жете зерттеп, абайтанудың зерттелу ғылымын кезең-кезеңге бөліп, сала-сала бойынша зерделеп берген ғалым. Ақынның бір өлеңін немесе қара сөздерін, пәлсапалық кейбір ойларын зерттеп жүрген абайтанушылардың, жалпы өскелең ұрпақтың абайтанудың зерттелу дәуірінің үш кезеңі – М.Әуезов кезеңі, М.Әуезовтен кейінгі кезең, бүгінгі абайтануды көрген нағыз ғалым Мекемтас Мырзахметовтен үйренері көп.

Қазақ әдебиетіне өзінің тың зерттеулерімен танылған Мекемтас Мырзахметов абайтанумен бірге әуезовтану мәселесінің кең насихатта­луына саналы ғұмырын арнап келеді. Абай мен Мұхтардың шығармашылық тұлғасын рухани байланыс­тыру өте күрделі. Ал ғалым ұзақ жылдық ізденістердің нәтижесінде абайтану мен мұх­тар­тануға жаңа серпін мен тың жаңалық әкелді.

Өмірімнің бір белесінде филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мыр­захметұлынан тәлім алға­ным, осындай тұлғаға шәкірт бол­ғаным – жолымның бол­ғыш­тығынан шығар. Әйтеуір, жақсыны жат санамайтын, қашан да сабырлы қалпынан таймайтын, қарапайымдылығы мен кісілігін көрсетіп жүретін жанның лебізін тыңдап, ақыл-кеңесін санама сіңіргенім ең бір сәулелі кезең болып жадымда сақталып қалыпты. Әсіресе, ғалымның өткен өмірінен сыр қып шерткен естелік әңгімелері.
Соның бірі ұстазы Мұхтар Әуезовке қатысты әңгіме еді. «Оның «Ақын аға» деген романы алғаш басылғанда, біз 2 курс­та оқитынбыз» деп бастайтын жастық шақтың естелігін Мекемтас аға. Сол кезде студент жастардың, оның ішінде өзінің де жазушыға теріс көзқараста болғанына өкініп тұрғандай күрсінетін.
«Аудиторияға кірген бойда студенттер Әуезовке сұрақ қойып, шығармасында суреттелген Абай шәкірттеріне «ескілікті дәріптеген» деген сын айтты. Әуезов үндемеді. Тек қалтасынан қол орамалын алып, маңдайының терін сүртіп, қозғалақтап қойды. Құдай сақтап, сол жолы үндемей қалдым.
Кейінірек Әуезов музейінде істеген кезде архивтен сол кездегі әбес қылығымыздың айғағын кезіктіргенім бар. Онда ол өзін сынағандардың тізімін жасап қойыпты. Сонда бір өкініш өзегімді өртеп кеткендей болды. Жазушы: «Олар мені түсіне алмаған, біреудің пікірімен өздерінше пікір айтып жатқан балалар ғой» депті жазбасында.
Кейін Әуезовті Ташкент вокзалында кездестірдім. Кафедра меңгерушісі, филолог-ғалым Төлеуов екеуміз күтіп алуға шық­қанбыз. Сол жолы Мұхтар ағаға диссертациялық жұмысқа «Абай және шығыс» деген тақырыпты алғым келетінін айттым. «Бала, жолың болмайды ғой» деді. Сөйтсем, ол сө­зі­нің астары бар екен. 1949 жылы Орталық партия ко­митеті космополитизм туралы қаулы қабылдапты. Онда жалпыға «шығыс пен батысқа бас игендерді талқандаймыз» деген ұран тасталған. Ол кісі соны меңзепті. Абайдың шығыспен байланысын зерттеуге бәрі сол қаулыдан сескенеді екен.
Әуезов ұстазым Қажым Жұма­лиев айтқан «Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайы» деген тақырыпты мақұлдады. Докторлық жұмысым 1982 жылы «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» деген атпен кітап болып шықты. Әйтсе де, сол еңбегімді 7-8 жыл бойы қорғай алмадым. Қорғауға кедергі жасау үшін барын салып бақты ғой» деген ақтарыла.
Мекемтас Мырзахметов «Абай» туралы диссертациясын 1989 жылы бір-ақ қорғап шық­қаны белгілі. Осылайша, қоғамдағы теріс көзқарасқа қарсы күрескен ғалым ұстазы Мұхтар Әуезов кітабы арқылы бүкіл қазаққа, қала берді әлемге танытқан Абайдың есімін тағы бір «цензуралық» қысымнан қорғап қалған еді.
Профессордың ұстазы туралы естеліктері бертінде басылым беттерінде жарық көрді. Дегенмен ғалымның тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер еткен оқиғаларды қайталап айтудың артықтығы жоқ деп ойлаймын. Себебі бұл – жастарға ой салып, бой түзеуіне себепкер болатын естеліктер.

Камила БОРАШОВА,
Тараз қаласы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button