Қоғам

Мұзға алау жаққан мүсінші

Алты студент жігіт жатақхана бөлмесінде ананы-мынаны айтысып, бейқам жатқан еді. Күн түс әлетіне жақындап қалған. Бір кезде курстастары Жармұхамед кіріп келді. Өңі өрт сөндіргендей. «Сендер неғып жайбарақат жатырсыңдар? Брежнев алаңына жастар жиналып қалыпты. Жүріңдер, тезірек барып соларға қосылайық» деді ол салған жерден. «Не болып қалды?» деп сұрады алтауы жамырасып. «Қонаевты қызметінен алып тастапты. Оның орнына өзге ұлттан шыққан біреуді қойыпты. Сұрақтарыңды доғарыңдар. Кеттік» деп Жармұхамед жігіттерді асықтырды. Бұл Алматы көркемсурет институтының студенттері болатын. Араларындағы ересектеуінің аты – Тоқтар. Осы кезде ол институттың төртінші курсында оқып жатқан.Күләш Байсейітова көшесімен жоғары қарай өрлеп, алаңға жеткендерінде «Отарлау саясаты жойылсын! Қазақ жерін тартып алуға жол бермейміз!», «Қазақстанда шовинизм мен сепаратизмге жол жоқ!» деген жазуларды қолдарына ұстаған жастарды көрді. Бір кезде қалың топ «Алтын күн аспаны, алтын дән даласы» деп шырқап қоя берді…
Желтоқсанның ызғарлы желі бойды қарып, өңмендерінен өтсе де, ешкімнің тарайтын түрі байқалмайды. Кеш түскен кезде жан-жақты қаруланған, соңдарынан иттерді ерткен «қызыл жағалылар» қаптап, жастарды қоршады. Кейін естісе, Алматыдан ғана емес, Новосібір, Ташкент, алып одақтың басқа да қалаларынан милиция шақыр­тылған екен. Мінберге елдің басшылары көтеріліп, жастарға «Тараңдар» деп айта бастады. Араларында бір генерал өктем сөйлеп: «Қазір тарамасаңдар, бәріңді тізерлетіп қойып сабаймыз. Сонда көрешекті көресіңдер» деді. Бірақ оның сөздерінен жастар ыға қойған жоқ. Қайта өршелене түсті. Жігіттер ғана емес, қыздар да көптеп жиналған екен. Бәрі де «өліспей-беріспейміз» дегендей, райларынан қайтпады.
Қайдан осы жерге тап болғаны белгісіз, бір ересектеу әйел: «Балалар, босқа қырыласыңдар ғой» деп жанашырлық танытты. «Біреуге құл болғанша, одан да өлгеніміз артық» деп жауап берді оған жанында тұрған жігіт. Бір кезде түн де әбден еркіне мініп, алаңға жиналған жастар жан-жаққа тарасты.
Екінші күні ертемен тағы осы жерге жиналды. Сабақ жайына қалды. Басшылар да келген екен. Осы жолы олар: «Араларынан он шақты адам кірсін бізге. Сөйлесейік» деді. Айтылғандай, жастар бірнеше адамды сайлап, көрсетілген жерге жіберді. Алайда кеткен адамдар кері оралмады… Бір кезде қырғын басталып кетті. «Қызыл жағалылар» жігітсің бе, қызсың ба деп қарамай, шаштарынан сүйреп, резеңке шоқпармен сабап, мұздай су шашты.
…Тоқтарға Құдай сақтап, ауыр соққы тимеді. Бірақ кейіннен прокуратураға шақыртты. Тергеуден соң соттың үкімімен ҚазКСР Қылмыстық кодексінің 65-ші бабымен бес жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын Шымкент шаһарында өтеді. Екі жылдан кейін мерзімін қысқартып, босатты.
Студент шағында үйленіп үлгерген еді. Сот үкімі шыққанда ұлды болғанын естіді. Туған-туысқандары Тоқтар түрмеден аман-есен оралсын деген ырыммен перзентінің атын Амангелді қойды. Сол қабыл болып, ұлы екі жасқа толғанда көрді-ау.
Алматыға оралған соң, институттағы оқуын жалғастырды. Әйтеуір ешкім кедергі келтірген жоқ. Дипломын қолына алғаннан кейін туған Қарағандысына қайтты. Тәуелсіздік таңы атқанда Қазақстан Суретшілер одағына өтті.
Белгілі мүсінші, Мәдениет қайраткері Тоқтар Ермеков астана Алатау баурайынан Арқа төсіне ауысар шақта жаңа елордаға арнайы шақырумен көшіп келді. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушы болды. Кейіннен таза шығармашылық жұмысқа ауысып, мамандығы бойынша жеке кәсібін ашты. 2014-2018 жылдары Астана қаласы Суретшілер одағын басқарды.
«Жастардың бойында ұлттық рухты оятқан сол кезді қазірге дейін Желтоқсан оқиғасы деп атайды. Бұл дұрыс емес. Негізі көтеріліс қой. Оның шындығы әлі ашылған жоқ. Ал сол көтеріліске қатысқан кейбір адамды «қара тізімге» енгізді. Ашық түрде қудалау жоқ, бірақ әйтеуір бір кедергілер қойылады» дейді ол.
Тоқтар Ермеков – елордадағы Бөгенбай батыр ескерткішінің, Республика даңғылы мен ­А.Бараев көшесі қиылысындағы «Нар қыз» мүсінінің, Қарағанды, Ақмола облыстарындағы бірқатар жұмыстардың, биыл Ақтөбеде бой көтерген ­Жалаңтөс баһадүр ескерткішінің авторы. Бас қаладағы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасын, «Қазақ елі» монументін жобалауға қатысты.
Мүсіншінің ендігі арманы – Желтоқсан көтерілісіне үлкен ескерткішті мүсіндеп шығару. Бірнеше жобасын жасап та қойды. Оның бірі – «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрманғазы Рахметовтің қолында.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button