Басты ақпаратМәслихат

Негізгі міндетіміз – қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға қолдау көрсету

Биыл Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толды. Еліміздегі кез келген маңызды мәселе қала, облыс, аудандық деңгейдегі мәслихаттардың қарауына шығарылып, жан-жақты талқыланып барып қабылданады. Ал ел жүрегі болған соң, астанамызда ұсақ-түйек дейтіндей мәселе болмайды. Ел халқының назары – қашанда елордада. Оның үстіне бас қалаға әр өңірден көшіп келіп жатқан адамдардың саны жылдан-жылға артып, шаһар тұрғындары көбейіп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, елорда мәслихатына жүктелер міндет ауыр. Тарихқа айналғалы тұрған 2019 жылда атқарылған жұмыстар туралы біз Нұр-Сұлтан қаласы мәслихаты хатшысысының міндетін атқарушы Мәжит ШАЙДАРОВПЕН сұхбаттастық.– Мәжит Зейноллаұлы, өтіп бара жатқан жыл қала мәсли­хаты үшін несімен ерекшеленді? Жұмыстарыңыздың бағыт-бағдары қандай болды?
– Артта қалғалы тұрған 2019 жыл баршамыз үшін көптеген аса маңызды оқиғаларға толы болды. Соның ішінде мән-маңызы жағынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйек күні жарияланған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын атап өту керек. Биыл біз атқарған жұмыстардың негізгі бағыттарын осы құжат айқындады.
Мәслихат депутаттарының ортақ міндеті – Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру. Бұл тұжырымдама арқылы тұрғындардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастырамыз. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана үйлесімді мемлекет құруға болады. Елорданың депутаттық корпусы өз жұмысында Елбасы ұсынған Бес институционалдық реформа және Ұлт жоспарын жүзеге асырумен тікелей байланысты мәселелерді де үнемі назарда ұстайды.
Ал негізгі қызметіміз ең алдымен қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталды. Алдымызға қойылған міндеттерді орындау, түйткілдерді шешуге келгенде, маңызды мәселелерді талқылағанда мәслихат депутаттары үнемі белсенділік танытып, өз ұстанымдарынан ауытқымайды.
– Осы жылы нақты қандай мәселелерді қарадыңыздар?
– Жыл басынан алғанда бүгінгі күнге дейін елорда мәслихатында 17 сессия өтті. Оның төртеуі кезекті болса, он үші кезектен тыс болды. Сессияларда әртүрлі мәселелер бойынша 100-ден астам шешім шығарылды. Соның ішінде 29 нормативті-құқықтық құжат қабылданып, әділет органдарында тіркелді.
Сессияларда қаралған мәселелерге тоқталатын болсам, мәдениет, дене шынықтыру және спорт салаларындағы, туристік қызметтегі, жастар саясатын жүзеге асырудағы мәселелерді қарадық. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жайлы қалалық ортаны қалыптастыру және дамытуға көңіл бөлдік. Атап айтқанда, аталмыш салаларда мемлекеттік саясат қалай жүзеге асырып жатыр? Жергілікті атқарушы органдар бұл жұмысты қалай атқарып, қалай үйлестіріп отыр? Осының бәрі назарымыздан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ, 2020-2023 жылдарға арналған елорда бюджеті талқылауымыздан өтіп, қабылданды.
– Бұл мәселелерді талқылау барысында қандай да бір түйткілдер анықталған болар. Осы жағын да білгіміз келіп отыр.
– Мәдениет, дене шынықтыру және спортты дамыту мәселелерін қарағанымызда, бұл салалардағы ерекше көңіл бөлуді, жедел шешуді қажет еткен бірқатар мәселелер анықталды. Сессияны өткізуден бұрын мәслихат депутаттары бірнеше мәдени, дене шынықтыру және спорт нысанына барып, барлық жағдайды өз көздерімен көрді.
Жалпы, қазір Нұр-Сұлтан қаласында 67 мәдени нысан мен 719 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Қалада халыққа арналған мәдени қызметтің қолжетімділігі артқанын атап өтуге тиістімін. Театр студиялары, музыка театрлары, қазіргі заманғы би, бейнелеу өнері және өзге де студиялар өз қызметін ұсынып отыр.
Бірақ күрделі жөндеуді қажет ететін бірқатар мәдени және спорт нысандары бар. Осы мәселемен қатар мәдениет және спорт қызметкерлерін әлеуметтік қолдау әлсіздігі, жалақыларының төмендігі мәселелері көтерілді. Бұл жағдай білікті мамандардың тапшылығына әкеліп отыр. Мәдени нысандарды, соның ішінде «Жастар» театры мен «Жастар» сарайын жөндеу мәселелері ерекше назарға алынып, қорытындысында қала бюджетінен тиісті қаржы бөлінді.
Сонымен қатар, сессияға дайындық барысында елорданың негізгі туристік нысандарға бардық. Қорытындысында бұл саладағы түйткілдер жан-жақты сараланып, депутаттар экскурсиялық қызметті ұсыну жұмысындағы кемшіліктерді атап өтіп, аталған жұмысты жақсарту бойынша ұсыныстарды енгізді, имидждік мәселелерге назар аударды.
– Барлық жұмыс соның айналасында құрылатындықтан, қала бюджетін қалыптастыру ерекше қарауды қажет етеді. Бюджетті қарағандарыңызда қандай мәселелерге қаттырақ көңіл бөлдіңіздер?
– Әрине, бюджетті қалыптастыру, орындау, оның кіріс бөлігін көбейту мәселелері мәслихат депутаттарының үнемі ерекше назарында. Себебі халықты әлеуметтік қамту, экономиканың нақты секторын дамыту бойынша негізгі міндеттерді шешу бюджетке тікелей байланыс­ты. Сондықтан депутаттар оны әзірлеудің алғашқы сатысында-ақ айтарлықтай жұмыстарды атқарады.
Бюджет жобасы мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында байыпты қоғамдық сараптаудан өтеді. Мұның бәрі қаржы бөлінуінің негізділігін жан-жақты зерттеп, дамудың негізгі басымдықтарын белгілеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде жылда әлеуметтік бағдарланған бюджет әзірленеді. Осы жылы үш жылға арналған бюджет шығыстарын есептегенде, денсаулық сақтау, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік инфрақұрылымын дамыту және басқа да салаларда бірқатар аса маңызды мәселелер көтерілді.
– Сессиядан бұрын мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстары өтеді. Осы отырыс­тарда көтерілген мәселелер туралы да айтып өтсеңіз.
– Әр сессияның алдында тұрақты комиссиялардың отырыстары ұйымдастырылады. Оған шығарылған мәселелер жан-жақты қаралады. Осындай отырыстарда қызу пікірталастар жүреді. Себебі осында қабылданған дұрыс шешімдерге қала тіршілігі, шаһар аймақтарын абаттандыру, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, сумен қамту, азаматтарды әлеуметтік қолдау, басқа да көптеген мәселе байлаулы. Жыл басынан бері тұрақты комиссиялардың 51 отырысы өтіп, 70-тен астам мәселе қаралды.
– Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында қанша тұрақты комиссия бар? Бұл комиссиялар жұмысына жеке-жеке тоқталсаңыз.
– Елорда мәслихатында төрт тұрақты комиссия жұмыс істеп жатыр. Соның алғашқысы, экономика, бюджет, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырыстарында жергілікті бюджет қаржысын нәтижелі және оңтайлы пайдалану мәселелері, кәсіпкерлік секторды дамыту, шағын бизнес қызметінде әкімшілік кедергілерді жою, сенімді басқаруға берілген коммуналдық мүлікті нәтижелі пайдалану мәселелері белсенді түрде талқыланды.
Құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия 2020-2022 жылдарға арналған елорда бюджетін жан-жақты талқылады. Бұған қоса, әлеуметтік нысандарды, тұрғын үйлерді жобалау мен салу сапасына көңіл бөліп, құрылыс жобасына келу жолдарын салуға назар аударды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмыстарымен айналысатын кәсіпорындар қызметін белсенді ету, олардың қызметінің нәтижелігін арттыру, елорданың көлік жүйесін жаңғырту аясында тұрғындарға қызмет көрсету сапасын жақсарту секілді өзекті мәселелер көтерілді.
Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия медициналық ұйымдарда кездесулерді ұйымдастырды. Оған бас дәрігерлер, медицина қызметкерлері қатысты. Депутаттар – комиссия мүшелері туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай, қалада туберкулезге қарсы шаралардың нәтижелігі секілді өзекті мәселелерге назар аударды. Келесі жылдың басынан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Оған дайындықты да жан-жақты сараладық. Комиссия мүшелері шаһардың техникалық және кәсіптік білім ұйымдарын дамыту мәселесін жан-жақты талқылады. Қорытындысында түйткілдерді шешу бойынша нақты ұсыныстар берілді.
Заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі комиссия мобильдік дайындық және аумақтық қорғаныс, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың, балалардың қараусыз қалуын, қаңғыбастықтың алдын алу бойынша өткір мәселелерді көтерді. Депутаттар жастарды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына шақыру мәселесін қарағанда қыруар жұмыс атқарды.
– Қала тұрғындарының өті­ніштері бойынша қоғамдық тыңдауларды да өткізесіздер. Биыл бұл жұмыс қалай жүрді?
– Осы жылы қоғамдық тыңдауларға жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаланың шет аймақтарын дамыту, қоршаған орта мен табиғатты пайдалануды реттеу мәселелері бойыша жергілікті органдар жұмысы қаралды. Талқылаулар қорытындысында тиісті ұсыныстар айтылды.
Бұған қоса, тоқсан сайын «Депут күні» ұйымдастырылып, онда елорданы дамытуға қатысты ең өзекті мәселелер бойынша мемлекеттік мекемелер басшыларының есебі тыңдалады. Депутаттар оларды шешу бойынша өз ұсыныстарын айтады.
Азаматтарды жеке мәселелер бойынша қабылдаудың маңызы да ерекше. Осы жылдың 11 айында мәслихат депутаттары 1 мыңнан аса азаматты қабылдады. Азаматтар құрылыс, жолдарды қайта құру, абаттандыру мен санитарлық жағдай, тұрғын үй қорын техникалық күтіп үстау, әлеуметтік, медициналық көмек алу және өзге де мәселелер бойынша өтінішпен келеді. Бұл мәселелердің көбісі сол жерде шешіледі, кейбіреулері бойынша депутаттық сауалдар жолданады.
Келіп түскен мәселелерді талдау барысында депутаттық сауалдардың көпшілігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы, әлеуметтік сала және қоршаған орта мен жер қатынастары мәселелері бойынша жолданатыны анықталды.
Нұр-Сұлтан қаласының мәслихаты алда да елорда халқының тұрмысын жайлы ету мақсатында өз қызметін жетілдіріп, жақсартады, атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдармен өзара байланысты нығайтады. Баршаны келіп қалған Жаңа жылмен құттықтаймын! Жаңа жылда әр адамға амандық, еңбектеріне жеміс тілеймін!

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button