Қала тіршілігі

Қала көшелері қандай болуы керек?

Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясы отырысында «Астана бас жоспары ғылыми-зерттеу институты» ЖШС директорының орынбасары ­А.Пирожков қала құрылысы регламентін бекіту туралы жергілікті сайланбалы орган шешіміне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысты жеткізді.Қала аумағының 20 пайызын көшелер алып жатыр. Барлық әлемде көшелер аудандарды бір-біріне жалғап тұру қызметін атқарады. Сөйтіп көшелердің келбеті қала құрылымындағы барлық элементтердің ішінде басты қоғамдық кеңістіктерді құрайды.
Баяндамашының айтуынша, қазіргі заманғы қала салу стандартында көше қозғалысы мен абаттандыру аумақтары бірізді стандарттарға сүйеніп жобаланады. Абаттандыру элементтері мен көше кеңістігін стандарттау талаптары қала аумағының және көше-жол торабының жіктелуіне сәйкес қалыптастырылуы керек.
Бірақ қала салу кезінде жоғарыда айтылған талаптар толық сақталмаған. Көлік пен жаяу жүргіншілерге арналған қозғалыс бағыттары айқын бөлінбеген. Кейбір нысандардың сәтсіз орналасуы салдарынан тротуарлардың кей тұстары тым жіңішкеріп кеткен, ол жаяу адамдардың жүріп-тұруына қолайсыздық келтіреді, тіпті өмірлеріне қауіп төндіруі де мүмкін. Сондай-ақ автосүйгіштер көліктерін тротуарларға ішкерлей қо­йып кететіні тағы бар, бұл да жаяу қозғалысқа кедергі келтіреді.
– Қаладағы кейбір ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттері тозған. Кіші сәулет нысандары, дизайн элементтері жеткіліксіз. Олардың стильдерінде біркелкілік жоқ. Қайсыбір нысандар кәсіби тұрғыдан қолапайсыз орындалған, – деді А.Пирожков.
Шетелдің тәжірибесіне сүйенсек, көшелерді жобалағанда келесідей жайттар ескерілуі тиіс: қозғалыс бөлігі, жаяу жүргіншілерге арналған тротуар, велосипед соқпақтары, көлік аялдамалары, көше жиһаздары, навигация элементтері, жаяу жүргіншілерге арналған өтпелер, көшелердің абаттандырулары, көше және сәулет нысандарының жарықтандырулары, жасыл желектер, көше кеңістігін абаттандыру кезіндегі ландшафт дизайндары. Баяндамашы өздері ұсынып отырған жобада осы талаптардың барлығы ескерілгенін жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button