Басты ақпарат

Нашақорлар неге жасарып барады?

Елордада құзырлы органдар есірткіге қарсы бітіспес майдан ашып, ауқымды жұмыстар жүргізуде. Бұл – қырағылықты бір сәт те естен шығаруға болмайтын аса қатерлі қоғам дерті. Елордада жақында өткен нашақорлық және есірткінің заңсыз айналымымен күрестің халықаралық күні Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Сергей Ильиных бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін ашып айтты.

[smartslider3 slider=3467]

Ең қорқыныштысы, кейін­гі кезде осы бір бәлекетті қолданушылар жасөспірімдер арасында көптеп кездесіп отыр. Әсіресе, «синтетикалық есірткі» шегетіндер мектеп оқушылары қатарынан шыға бастағалы бері мемлекет дәрежесінде дабыл қағатындай жағдайға жетіп қалдық. Биылғы жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің ­Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев есірткінің таралмауына дендеп күш салу керектігін қатаң тапсырды.

Осы тұрғыда Сергей Ильиных былай дейді: «Атын атап онсыз да өршіп тұрған жараның аузын тырнағым келмейді. Бізде қолданатындар үшін есірткінің түр-түрі кездеседі. Біз осы негізде бар күшімізді салып жұмыс жүргізіп келеміз. Көрші елдерге іссапарға барып, олардағы әріптестерімізбен қоян-қолтық  қарым-қатынас жасап олардың тәжірибесін үйренудеміз. Сөйтіп, біліктілігімізді жетілдіре отырып, бұл кеселмен қалай күресудің мүмкіндіктерін де қарастырудамыз. Жасыратыны жоқ, әлемде ай сайын есірткінің жаңа бір түрі пайда болып жатады. Міне, осының таралып кетпеуінің жолын кесудеміз. Қазір қолдануға бірінші кезекте «синтетика» шығып, оның өзі түрлендіріліп, қауіпті күшейте түсуде. Мұның ең қорқыныштысы, «дәстүрлі» есірткіге қарағанда жасөспірім бір-екі пайдаланғаннан-ақ тәуел­ді болып қалатындығында».

Сөзіміздің басында айтып өткендей, нашақорлар жасарып барады. Сонымен қатар осы дерттің қыздар арасында да белең ала бастауы өте қауіпті тенденцияға айналуда. Мамандардың айтуынша, нашақор жастар көбіне дәулетті отбасынан шығатын көрінеді. Инеге жүгінген жас жігіттің немесе қыздың қалтасында кем дегенде жүз не екі жүз «көк қағаз» жүретін көрінеді.

Елордада өткен жылы есепке 14-15 жасар жеткіншектер алынғанын айтудың өзі жанды ауыртады.

Тағы бір сұмдығы, бұрын есірткіге құмартқандар тек тамырына егу арқылы өзіне ләззат алатын. Қазір иіскеп те, жалап та, көзіне, мұрнына тамызып та, шегіп те түрлі жолмен құмарын қандыратын болып жүр. Бір ыдысты бірнеше адам пайдаланғасын, ешқандай жеке бас тазалығы туралы әңгіме айтудың өзі артық. Түрлі жұқпалы аурулар, соз, мерез тағы да басқа айтуға ауыз бармайтын кеселдер осылардың айналасынан өрбіп жатады. Міне, осының жолын кесуге барынша күш салынуда.

Жарнама жарға жығып жүр

Нашақорлардың көбейе түсуіне есірткіні таратушы мен сатушылардың, насихаттаушылардың үлесі мол. Кейінгі кезде олар да жаңаша сипатқа ие бола бастады. Заманауи технология­ны жете меңгеріп, үй жағдайын­да түрлі есірткі даярлайтын дәрежеге жетіп отыр. Әрі олар әзірлеген препараттар өте күшті болады. Кей жағдайларда асқан құмарлықтың шегінен шығып, бірден өліп кеткен оқиғалар да кездесті. Сондықтан жасөспірімдер керемет кайф аламын деп бірден өмірмен қоштасары сөзсіз. Өйткені наркодилерге жеткіншектің денсаулығы керек емес, қолындағы опасыз ақшаның қалтасын қампитқаны  маңызды.

Қазір осының бәрі интернет арқылы таратылатыны қинайды. Біріншіден, нақты байланыс болмағасын есірткі сатушы қылмыскерді ұстау өте қиын. Тіпті ұсталған күннің өзінде олардың сатқандығын дәлелдеу екі есе қиындық туғызады. Дегенмен, құқық қорғау органдарының асқан жанқиярлық еңбектерінің арқасында осы жылдың өткен бес айында Нұр-Сұлтан қаласында үш есірткі зертханасының көзі жойылды. Бірнеше адамнан тұратын қылмыстық топ қолға түсті. Олардан 130 келі психикалық тез әсер ететін дәрі мен 20 келі «синтетикалық» есірткі тәркіленді.

Айту керек, бізде Қытайдағы немесе Солтүстік Кореядағыдай интернетке қатаң бақылау орнатылмаған. Кейінгі кезде арам пиғылдылар telegram-арнасын пәрменді пайдалануға көшіпті. Қоғамдық тәртіп сақшылары оларды қырағылықпен бақылай отырып, барлығын да судың бетіне шығарды. Сайттар бұғатталды, оны құрған адамдар анықталды. Жыл басынан бері осындай 117 сайттың жұмысы тоқтатылды.

Екінші мәселе – есірткіні жасырын, бүркемелеп насихаттауға тырысатын көше жарнамалары. Әр үйдің жанына телефондар мен сату нүктелерін жазып кететін әдістер шығып жүр. Оны да біз еріктілер арқылы байқалған бойда бояп, өшіріп отырамыз. Енді бір назар аударатыны, есірткі сатушылар билборд, пилон сияқты жарнама құрылғыларын да астыртын пайдаланып, «ұн, «тұз», «кір жуу ұнтағын» сатамыз» деп жалған жарнама беретіні анықталып отыр. Бұл тұрғыда ПИК, МИБ; СҚ қызметкерлері мен көпқабатты тұрғын үй тұрғындарымен әңгімелер, үгіт-түсінік жұмыс­тары жүргізіліп, мәселенің анық-қанығы айтылуда.

Мәселен, еліміздің төрт қаласында «QR-код» деген көшедегі билбордтарда жарнама ілініп келген. Әп дегенде ол тұрмыс­тық техниканы жарнамалап тұрғандай әсер қалдырғанымен, кейін анықталғанындай, бұл шетелдік бір азаматтың интернет делдал арқылы тапсырыспен әзірленген есірткі жарнамасы болып шыққан.

Сергей Ильиныхтың айтуынша, полиция бұл тұрғыда орасан зор жұмыстар жүргізіп жатыр. Көшедегі күдік келтіретін әр сөзді, әр жарнаманы бүге-шігесіне дейін тексеру оңай шаруа емес көрінеді. Алайда ол осындай жалған сайттар ашып, жасырын жарнама берушілер 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айрылатынын да ескерте кетті. Нұр-Сұлтан қаласында осындай күмәнді жұмыс жүргізіп, есірткі насихатымен айналысқан бес сайт иелерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған көрінеді.

Еріктілердің көмегі зор

Есірткімен күресте тек бір құқық қорғау қызметкерлерінің әлеуеті аздық етеді. «Заманына қарай адамы» демекші, осы кесапатпен айналысатындар адам ойына келмейтін неше түрлі құйтырқыны ойлап тауып, үнемі айласын асыр­ғысы келіп жатады. Міне, осы кезде қоғамдық тәртіп сақшыларына еріктілер үнемі қол ұшын созады. Полиция подполковнигі Сергей Сергеевичтің айтуынша, қаладағы еріктілердің көмегі орасан. Олар тұрғын үй қабырғаларындағы жазуларды бояудан бастап, есірткі жарнамасын анықтауға дейін баға жетпес көмек көрсетіп келеді. Әлеуметтік бейнероликтер түсіріп, буклеттер таратады, арнаулы семинарларға қатысып, есірткі тасымалдаушыларды ұстау кезінде куәгер ретінде көмек көрсетеді.

Бұған қоса, полиция департаментінде сенім телефоны жұмыс істейді. Мұнда  келіп түскен ақпараттар тексеріліп, өңделіп, бір тәуліктің ішінде жауап беріледі. Кейде есірткі тәуелділігінен емделгісі келетіндер немесе олардың жақын-жуықтары хабарласып жатады. Құпиялылық сақтала отырып, ондай адамдар қалалық психикалық денсаулық орталығына емдетуге жіберіледі.

Кейінгі кезде «дәріханалық нашақор» деген термин қолданыла бастады. Осының мән-мәнісін полиция қызметкері былай деп түсіндірді: «Қазір есірткі болып саналмайтын бірақ шамадан тыс пайдаланса, жүйкеге бірден әсер ететін дәрілік препараттар бар. Оны қатаң түрде дәрігердің рұқсатымен сатуға болады. Бірақ кейбіреулер осы психикалық пәрменді затты дәріханашыдан екі, кейде үш есе бағасына сатып алып пайдаланып жатады. Көп қолданса, ол да тәуелділікке алып келеді. Міне, осы адамдарды медицина тілінде «дәріханалық нашақор» деп атайды.

Ал қалада насыбай ататын, кальян тартатын жастар да баршылық көрінеді. Олардың да жағымсыз әдеттері қоғамда өкпе-реніш, наразылық туғызып жататыны жасырын емес. Осы балаларды ата-аналары қатаң бақылауға алса ғой деп ойлайсың. Жалпы нашақорлық – қоғам дерті. Онымен көп болып күрескенде ғана нәтиже шығады. Сондықтан үйдің сыртында, кіреберісінде телефон нөмірлерін, немесе басқа да жазуларды көрсеңіз, ПИК-ке немесе полицияға хабарласыңыз. Нашақорлықпен күресте қырағылық әркімге де аса қажет нәрсе.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button