Елорда тынысы

Нашақорлыққа жол жоқ

Кеше Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде Есірткі тасымалы мен халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған іс-шара өткізілді.

[smartslider3 slider=3099]

Республика көлемінде ұйымдастырылған онлайн-семинарды Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ашып, есірткі тасымалы мен жастар арасындағы нашақорлықтың белең алып бара жатқанына тоқталды.

Алқалы жиынға ҚР Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт министрліктері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен басқа да ведомстволардың өкілдері қатысты.

1987 жылғы Біріккен Ұлттар ұйымы Бас ассамлеясының шешімімен 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні деп белгіленіп, осы күні жер бетіндегі саналы ұрпақ тәрбие­леп отырған барлық адамзат баласы жаһандық қауіпті індет – нашақорлықты жою үшін күш біріктіруге ұмтылады.

Аталған ұйымның мәліметтері бойынша тек өткен он жылда бұл аса қатерлі кеселмен ауыратындар саны жиырма екі пайызға өскен. Әлемде шамамен 275 миллион нашақор есепте тұрады. Есірткі жыл сайын 500 мыңнан астам адамның өліміне себепші болады.

Он тоғыз миллион халқы бар Қазақстан үшін есірткіге тәуелділіктің елеусіз көрсеткішінің өзі де ұлттық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер екені белгілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында есірткі, соның ішінде синтетикалық есірткі болашақ ұрпақтың өміріне аса қауіп екенін айта келіп, онымен күресті бір сәт те тоқтатпауды тапсырды.

Қазір еліміз бойынша есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шаралары бойынша 2022-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді.

Кейінгі кезде балалар мен жасөспірімдер арасындағы есірткі күресіне  байланысты жергілікті атқарушы органдардың рөлі күшейтілді.

Елімізде жыл сайын жүйелі түрде «қарасора» операциясы жүргізіліп келеді. Осындай тиісті органдардың қатаң бақылауының арқасында жыл басынан бері 1400 есірткі тасымалының жолы кесіліп, 1300 Қазақстан азаматы мен 67 шетелдік 150 әйел адам мен 22 кәмелетке жасы толмаған жеткіншек қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардан алынған 1,2 тонна көкнәр, 312 келі гашиш, 110 келі синтетикалық есірткі жойылды.

Қазір кез келген баланың интернетке қолжетімді екені белгілі. Міне, сол жарнаманың астында бүркеліп немесе бос жұмыс орындары санатында берілетін хабарландыруларға аса қырағылықпен қарау керектігі де тілге тиек етілді.

Іс-шараның екінші бөлімі осы тақырыптағы семинар пікір алмасуға ұласты.

Сондай-ақ басқосуда нашақорлықтың алдын алу, есірткі тасымалына тосқауыл қою мәселелері жөнінде қоғамдық ұйым мүшелері мен басқа да адамдар өз ойларын ортаға салды.

Семинардың жұмысына  Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов қатысты.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button