Қоғам

«Неймингте» біздің неміз бар?

Бас қаламыздың үлкенді-кішілі ғимараттарының маңдайшасына жазылған жазбалардың қатесін түзей алмай жүргенде, ағылшын тіліндегі атаулар қаптап кетіпті. Қаланың қай көшесін бойлап жүрсеңіз де дүкен, мейрамхана, бизнес орталықтары мен қонақ үйлер атауларының 80 пайызы ағылшын тілінде жазылып, қағылған. Ағылшынша жарқыраған жарнамаларды ұға алмай жүргенде маңдайына қытайша жазып қойғандары да шықты. Сонда орысшаны қақпайтын, ағылшынды ұқпайтын, қытай тілінен хабары жоқ менің құқығымды кім ойлайды? Жарнамаларын өзге тілде жалаулатқан ол мекемелердің иелері кім, кімдерге айналған? Әлде мен Америкада немесе Британияда жүрмін бе?! Бізге беймәлім тілде жазылған, жалтыраған атаулардың не екенін түсіну үшін, жер ортасынан асқанда ағылшын тілін үйренуім керек пе?! Қазақтың басқа астанасы жоқ. Өз жерімде, туған елімде, сүйікті қаламда өзімді неге жат жұртта жүргендей сезінемін?!

Ала-шұбар атауларын атойлатқандар қай заңға сүйеніп еркінсіп отыр? Өзге тілдегі атауларды жиып алатын жан жоқ па деген оймен, Қазақстан Республикасының тiл туралы заңына үңілдім. Заңның «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi» делінген 21-бабында «Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде он жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады». Заңнан кемшілік көріп тұрғанымыз жоқ. Бірақ осы заңнан хабары жоқтар неге ойларына келген тілмен мекемелерін ашып, тілімізді мансұқтап жүр.
Жалпы, осы атаулардың бәрі белгілі бір кәсіптің көздері. Алдында айтылған тізімді тұйықтай келсек, бұған шаштараз, сұлулық салондары, спорт залдары да кіреді.
Бұл кәсіпке атау беріп, ісін алға оздырудың ғылыми тілде анықтамасы бар. Оны «Нейминг» дейді екен. Бұл дегеніміз фирмалардың тауар, қызмет, жобаларының атауын құлаққа жағымды, көзге сүйкімді мағынасын мәнді етіп атаудың амалы. Оңынан келген атау бастаған бизнестің жалауына айналып, елдің жадында жүріп, тасының өрге домалауына әрекет етер еді.
Алайда астанамыздың «неймингтері» тек қазақ тіліне қарсы жасалған әрекеттердің жиынтығы сияқты. Келіспесеңіз, қала көшелерін аралап, екі қапталында қаптап тұрған өзге тілдердегі атауларға көз жүгіртіңіз. Сіз бен біздің, яғни қазақтың ана тіліне қарсы шабуылы демеске амалың жоқ…

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button