Жаңалықтар

«ӨЛЕҢIМ, СЕН АМАН БОЛ БYЛ ДYНИЕДЕ…»

Ақын Марфуға Бектемірова жырлары жайлы

Марфуға Бектемирова

Абайдың әлеуметтің теріс мінез-құлқын, пиғылын жаны күйіп сынаған уытты жырлары әуелі адамзат, сосын қазақтың кемшін жағын әшкереледі…

Кімге керек жасарып, құлпырғаның?
Тон ішінде білемін кім тұрғанын.
Сезбейсің-ау, сезбейсің, ел басына,
Туған тілді қорғайтын күн туғанын.

Осылай деп Марфуға жазған төрттаған-рубаилер әлеуметтік өткірлігімен, іштей арбасқан, алауыз қоғамды дөп бейнелер шыншылдығымен, түйінді ойды 4 жолға сыйғызған шеберлігімен баурайды. Көз алдыңа бұлғын ішік, құндыз ішік кигенмен имани кісілікті менсінбес, байлық буымен масайрап, болып-толған біраз әйел портреті тізіліп тұра қалды. Ысырапшыл, қара қазақты адам қатарына санамайтын биліктегі кей әйел заты. Қағынан жеріген құландай тегіне тартуға құлықсыз, жоғары лауазымды, гендерлік кердең ханымдар. Сондықтан ақын «Өзің сүйген қазағың орыстан да жат болар» деп күйінуі бекер емес.

Сырт тазасы не керек,
Тазарт әуел ішіңді!

Үмбетей жырау жесір дауында, қазақта Қабанбайдан асқан батыр жоқ деп Төле би баға беретін қас батырға қаймықпай айтты.

Марфуғаның төрттағандарында адам мінездерінің кішігірім галереясы бар. Исі адамзат бойындағы жамандықты жиі әжуа қылған, ХVІІІ ғ. орыс қоғамын сатирамен бейнелеген шыншыл ақын Иван Крыловтың мысалдарындай нысанаға дөп тиеді.

Арам тер боп жағу үшін басшыға,
Күлмес жерде күлкі жинау жақсы ма?
Жұрт алдында қутыңдайсың түлкідей,
Шыға бере айналасың қасқырға.

Бұл құбылғыш бейнеден әркім өзі танитын біреуді дәл көретіні жалған болмас.

Бұл дүниенің байлығы – лай ғой аққан,
Адамдар дандайсуды қайдан тапқан?
Қара жерге бір түп ағаш ексең,
Сол ағаш орман болса, соған мақтан.

Марфуға қазақтың бағзы дана қарияларынан қалған «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылын өлеңге көркем өріп отырған жоқ па! Жер бетінде бәрі бір-бірімен өзара байланысқан, жері сұлудың елі сұлу. Жер көркі – орман-су. Ол ластанса, өмір кермектенер.

Адам нәсілі материалдық құндылыққа бағынған сайын, ар-ұят, иманнан безіп, ақшаның құлына айналса, одан рухани әлемнің ақ періштелері, адамды жамандықтан сақтап, қорғап жүретін нұрлы күш иелері шошынып, қарадай безінеді: «Періште төменшіктеп, қайғы жемек» (Абай). Тылсым дүниенің эзотерикалық тылсымын сезіп, жер бетінде ізі қалған небір даналық мұраны зерттеген игі ғұламалар мұның сырын терең білген. Адам рухы тек көзге көрінер әлемге бағынбайды. Құпия құдірет күшіне ештеңе жетпейді.

Адалдық қыл көпірдің ұшында тұр,
Қарғалар қарқ-қарқ етіп ұшып жатыр.
Шортандар шортан болып туламай-ақ,
Торына қу мансаптың түсіп жатыр.

Ерлердің рухы құлдилап кетуі. Нәпсі мен ашкөз жемірлікке бойұсыну түбі опық жегізері жарық дүниеде қайталана беретін шырғалаң. Мұның бәрін Марфуға жалған мәдениеттің жалғанды билеп алуынан сезеді: «Қоғам, / Ақыннан, / Құтылмақ болып жатыр. /Құтыла алмай, / Қол-аяғы, / Тыпырлап жатыр».

Заманақыр,
Күннің көзі тұтылған,
Аштық жүрді жер бетінде құтырған.
Кеудесінде үзілмеген жаны бар,
Бір сәбиді құзғын шоқып отырған.

Қазақ халқын өткен ғасырда геноцид – құрдымға жіберуге жасалған аштық тақырыбын Смағұл Елубаев «Ақ боз үй» атты романында жазды. Ол өлеңде иірім тартса ұрпақ жадына үзілмес аманат.

Сендерше – менің орным,
От басы, ошақ қасында.
Көсеу ұстаған қолымның
Дәрмені жоқтай жазуға.

Мариям Хакімжанова ақын апасынан бата алған Марфуға Бектемірова әйелдің ақын болғаны салмағы екі есе ауыр екенін ұқтыратын сарынды көңіл түпкіріне бүгіп қалмай жазғаны дұрыс. Өйткені ақын жаны нәзік, соны біліп қасақана жаралайтын қаймана жұрт бар. Абай «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, / Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» десе, ащы шындықты айтты. «Өңшең надан антұрған» (Абай) қарадай күйгізген соң, екіжүзді іштарлықтан әбден мезі болған соң ақын өзін солай жұбатты. Марфуға «Қарғадайын қарасыңдар. / Өсектерің – мың бір түндей» деп бекерге налымайды. «Күншілдер қыр соңымнан қуа бермек». Былайғы жұртқа бұл әсірелеу, ақын пенделікке салынып, артық айтқан, жалалы сөз сияқты көрінуі бек мүмкін. Қызғаныш, сұқ, көре алмаушылыққа құл жандар өмірде қатерлі дұшпан екенін басына түскендер біледі.

Тып-тыныш боп жатсам көрде,
Рахатқа шын батасыңдар.
Аққу болып жүзсем көлде,
Көздеп тұрып атасыңдар.
Жаны нәзік ақынды тым күйреуік деу бекер. Рухы мықты Марфуға.
Тынышымды алды тағдыр ылаңы,
Өмір мені сындырды да, құрады.
Әйелдігімді бұлдамаймын өмірде,
Өлеңімнің өзі неге тұрады?

Осы біздің қазақта әйелдігін пұл қылып бұлдайтын, сонысын ұят, ерсі санамайтын, егер де шындықтан таймас әділ бәсеке болса қыр аса алмай қалатын қаншама төмен етекті бар.

Ақын жанына зұлымдық өлердей батпаса, бейбіт күнде көңілін нілдей бұзған қапаға қайрылғыштап күйінішпен жыр жазбас еді.

Кейбір надан жүрсе дейді көрінбей,
Өмір оның сатып алған төріндей.
Соғып жатқан жүрек барда кеудемде,
Жырым менің тұра алмайды төгілмей.

Япырмау, ақынның осы сөзі рас. Шығармашылық иелері мұның сырын әбден біледі. «Қараның ісі – қара дақ, қалады мәңгі, / Көз ілмей кейде күтемін жаралы таңды» деп Марфуға қызылкөз қызғаныштың құрбаны болудың азабын білген соң айтады. Құдайдан бақ, талант алдым дегенше, өнерге анталаған бықсық пиғылдардан лағынет қарғыс алдым дей бер. Балға үймелеген қара шыбындай анталап қаныңды сорады. Аяр күншілден қорғану амалдарын ақыры біліп барып қана күйініш, реніштен құтыласың, тым құрыса қайтіп маңыңа маңайлатпауға тырысасың. Жамандықтары ұлғая келе құбыжыққа айналғасын түбі өздерін жарға жығады.

Менің аппақ көңілімді жылан боп,
Аямастан шағып алды бір апай.

Ақын түйіні «Адалдықпен ағарсын тек ақ шашың» деп иманға үндейтін «Сайтан» атты өлеңінде қазіргі қазақ қоғамында былықты, мекерлік бейнесін аңдатады:

Өсек айтып, жүрген елді ойрандап,
Күншілдердің кеудесі оған сайран-бақ.
Өзі сұмырай, сұмырайды таңдайды,
Таза жерде жүре алмайды тайраңдап.

Арамзаны жинап алып елдегі,
Ойыншығы етеді оны ермегі.
Құдайдан да қорықпайтын алдымен,
Қолпаштайды қараниет пендені.

«Саған келер ажал да жоқ, қауіп жоқ» –
Деген сөзге жатар надан қарқ боп.
Бір күні олар «құтқар» дейді Құдайға,
Сайтандардан сыбағасын алып боп.

Сайтан – адамның өз еркімен ізгіліктен безініп, зұлымдыққа бас июі. «Сарайларда, / Сайтан бар деп жүр ғой жұрт, / Құдайы бар кірейікші күркеме». «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деген Жиренше шешеннің аяғы лашығынан сыртқа шығып жатады екен. Қазақ аңызында ұлтқа тән ежелгі қағида тұр: құдайшыл қанағатшылдық, тоздырмайтын адалдық.

Марфуға «Қазақ қызы ән-жырын ұмытқан ба?» деп жырға қосқандай, Сарыарқа – туған жерге деген перзенттік сағынышын Сейфолланың Сәкені шалқи жырлаған сұлу Көкшенің Айнакөлін, Шортанды көлін, аруларын, Бурабайдың биші ақ қайыңдарын, Арқаның кең даласын, ақтүтек дүлей қысын сүйіп жырлады. Сүйген жігітіне ақын қыз «Келмедің-ау жаным-ау борандарда, / Сен келмеді, келмеуің өкінішті, / Қалатындай осылай ақ қар мәңгі» деп наз айтуы өте жарасымды.

Қар жауып тұр…
Біздің елде, боран бүгін,
Жатырмын,
«Ақ кебінге», ораулымын.
Ертең мені,
Көмеді қар астына, соған бола жылаймын,
Соған күнім.
Махаббат…
Шалды мені құрбандыққа,
Көңіл айтқын,
Қоштасып тұрған жұртқа.

«Қыс деген қалың ойдың ордасы ғой», «Сүйемін Арқа қысыңды қатты, боранды, / Бұрқырап өткен боранда жырым оянды. / Өмірді сүйем қыс үшін жанын қинаған». Қыс сарыны ақын үшін аңсарлы, аязды түнде жыр туады. Марфуға табиғат мезгілін жүрегімен үндестіріп, кіршіксіз аппақ әлемде құлпытасқа жазылар өлең – эпитафия оқуы, дәлірегі, өзін-өзі жоқтап жыр жазуы қыстың таңғажайып көркіне елігуден туған ассоциация. Бір шеті ақын атаулы тегіс жерден сүрінер – романтика. Талай ақын, кейі екі мүшелге толмай-ақ, «Мені де өлім әлдиле!» деп жырлаған Мағжанға еліктеп, «Мен өлемін, ажалды аңсадым» деп шалық буып, өлең жазуды мәртебе көреді. Сөз киесі ұрарын албырттықтан аңдамас.

Сөз байласқан жігітінің ауылы алшақ емес. Марфуғаның махаббат лирикасы қыз балаға тән ибамен, бай, мөлдір, қайталанбас әсем сезіммен келеді. Жаны буырқанып, жер-көкті орап толқуы:

Ғасырда алғаш ғашықтық деген бұл дертті,
Тоқтамай жауған түсіндім жауын арқылы.
Сүйгенін күтіп, сағынуы «Мың бір түн» ертегісіндей, «Әупілдектің» әніндей көрікті:
Сүйгенім менің кейпінде құстың,
Қонар ма келіп жағаға?

Адамдық махаббаты жер-көкпен ұласады. Көркемдікке жанымен ынтығады.

Қызуы қатты қайнаған әлем,
Шоғыңды ыстық басыппын.
Аспанға…Күнге… Айға да мен,
Ғашықпын…
Мәңгі ғашықпын.

Бір басында үш есімі бар ақын – Мархаба, Марқа, Марфуға. «Әже даусын, / Аңсап тұрам сонда да, / Марқа… Марқа… Марқалап, / Біреу мені, / Шақырса екен деп». Балалығын, ертегіге елтуін Марфуға ана болған соң да жоғалтпағандай көрінеді. «Күлше қыз» деп, ертегі кейіпкері Золушкаға тебірене өлең арнауы соның нышаны. «Айдай сұлу жетім қыздың жүзіне, / Көзін салмай періште де өтпеген».

Ақын қазақ елінде болып жатқан әрбір жақсылыққа жаны сүйіне қуанады. Азаматтығы – табиғи. Оның «Оралман» атты өлеңінде бауырмал мейірім тұнған. Оралман қауымды атамекенге ұшып келген жыл құстарына теңеуі өте көркем ассоциация! Қазақ өз қазағын қорсынып, қорашсына өлердей жатсынса, бауырдан безіне басқа ұлт аттарымен кемсіте атаса, онда шын бөтендер қаптаса, көресінді көрер еді. Өтірікшінің шын сөзі зая кетедінің керіне ұшырап, соры қайнайды. Құдай оның бетін аулақ қылсын!

Сол кішкентай,
Ұяны іздеп оралған,
Атанды құс,
Өз елінде «оралман».
Ұясынан қылтияды бастары,
Ақ мамыққа,
Балапандар оралған.

«Көкшетауым, кербезім, көгілдірім». Туған жер сарыны ақын үшін ерен қымбат. Ол қазіргі шетел асқан қалталы жұртқа қызықпайды.

Көрмей-ақ қойдым елді, өзге мүлде,
Теңіз де табылады өз жерімде.
Дәл мендей ғашық болып даласына,
Әр қазақ ие болсын өз жеріне.

Марфуға Бектемірова асқақ рухы Көкшеден асып, Атырау-Қарауылдан асып исі қазаққа шалқыған, халық сүйген Ақан серіге жыр арнаған. Ақан сері бейнесі – қазақ әдебиетінде сарқылмас тақырып. Өмірінде артық туғаны үшін шикі надандықтан қорлық шеккен, күншілдік өкшелеп, өксіп өткен Ақан сері Құлагерімен аңыздағы кентаврдайын тұтасып кеткелі қашан. Арқада Сағынайдың асы көшкен бұлттай дүркіреп өткелі қай заман, бірақ қас тұлпары Құлагерімен Ақан серіні қазақ жады ешқашан ұмытпайды. Ақан тұлғасын ер қанаты Құлагерден айырмай жоқтау Мағжан Жұмабаевтан басталған. Жер басып тірі жүргенде Ілияс Жансүгіров құсадан жаны егіліп, көрдегі Ақанмен қоса аңырап, тірі мен өлі рухы өлеңде қауышып, құдіретті поэма жазғанда қайран ақын бұл құсадан ұзамай өз басына түсер ажал көлеңкесін жазбай сезінгені былайғы жұртқа ерен жұмбақ.

Қызғанып сенен,
Табиғат берген дарынды,
Өңшең бір надан тынысы неден тарылды?
Жуынып қанмен түршігіп жатты құба бел.
Қызғаныштың құрбаны болып Құлагер.

Өшірмек болса,
Дауылдар сенің даусыңды,
Жоғалмас әнің, аралап кеткен тау-шыңды.
Қаншама жылдар, қаншама күндер өтсе де,
Құстармен бірге оралар әнің Көкшеге.

Марфуға «Сарайым бар, жан сарайым, жұмағым» деп тегін айтпаған. Оның жан сарайы арайлы, көркемдік әлемі нәзік, сұлу екен. Оның зор қазынасы – өлеңдері. Өмірден 55 жасқа толмай өткен ақын рухы сол жыр керуенін кейінгі ұрпақ білсе, таныса деп аманаттады. Құс қауырсынындай жұмсақ мейірім, қазақы болмыс, аққу көгі, туған жері мен елінің қасиеті, тектілігі Марфуға Бектемірованың поэзиясында бар. Балаша өкпелеп, балаша жұбанар мінезі де қолтаңбасынан білінеді. Жырларына дәстүрлі дүниетаным тән. Адал ақын, аяулы жар, асыл ана – Марфуға. Қазақтың ақын қызы – Марфуға.

Ақынның таңдамалы өлеңдері «Тобылғы түн» деген атпен 2011 жылы «Қазығұрт» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен шықты.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, 
жазушы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button