Мерей

Өмір бақшасынан терген жеміс

Алғашқы жүздесу

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына таман Торғай облысы жабылып, оның Жарқайың, Есіл, Жақсы, Қима аудандары Ақмола өңіріне қосылған кез. Таңертеңгі лездемеден кейін «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») аталатын облыстық газеттің басшысы Октябрь Әлібеков, фототілші Орынбай Балмұратов және мен жаңадан қосылған Қима ауданына жолсапарлатып шықтық. Шілденің аптап ыстығы таңнан ми қайнатып, аңқаны кептіріп тұрған. Содан да жол етжеңділеу редакторымызға қиын болды. Бірақ онысын сездіргісі келмейді. Алып шыққан аздаған суымыз да ауыз шаюдан әріге жарамай таусылып қалды. «Мынандай күнде жолға шығып неміз бар еді!» деп біздің де берекеміз қаша бастаған еді. Соны сезгендей Жақсы ауданының тұсына таялғанда Октябрь ағамыз:– Бұрын Торғай облысы құрылмай тұрғанда біз бара жатқан Қима ауданы Целиноград облысының құрамында болған. Енді өзімізге қайта қосылып отыр. Мұндағы Восход аталатын совхоздың жерін ел ежелден Балталы-Бағаналы жұрты атақонысы етіп келеді. Сол қалың ел өздерінің осы өңірге табан тірегендерінің 160 жылдығын атап өтпекші. Енді біраз жүріп Қимаға жетсек, мына ыстық күннің азабынан да құтыламыз, жаңа жұрттың жақсылығымен танысып, ізгі адамдарымен қауышамыз. Бұл да біз көрген бір ғанибетті іс болмақ, – деді. Мұнысы енді бізді төзімге шақырғандағысы сияқты естілді.
Жол азабы жүрсең бітеді. Ақыры Қима ауданының орталығына жетіп, партия комитетінің алдына тоқтадық. Бізді шашы көмірдей қара, аққұба өңді, қырықтардың қырқасына көтеріліп қалған дембелше келген жігіт ағасы қарсы алды. Өзін аудандық партия комитетінің хатшысымын деп таныстырған ол асханадан жан шақыртып, әлі де мына жақта біраз шаруалары бар екендігін ескерте, бізді Восход совхозына барар жолға салып жіберді. Ол ауылдың атаулы тойы есте қаларлықтай болып өткен еді. Әр шаруашылықтан киіз үйлер тігіліп, ат жарысы, балуандар күресі, ақындар айтысы сияқты небір қызықты шаралардың куәсі болғанбыз. Бұл жайында сол кезде газетімізде көз көрімді көлемді мақала жарияланған-ды.
Содан бері арада талай жылдар өтті. Тоқсаныншы жылы Торғай облысы қайта ашылды. Ал облыс, аудан басшылары қуаттаған, ал бізді алғаш Қима жерінде қарсы алған Айтбай Қа­йырбекұлы мойнына алған осы бір игілікті шара араға 30 жыл түскенде санада қайта жаңғырды. Яғни өзіме тетелестей Айтбай ағамен жүздесудің сәті қайта түсті. Бұған себеп болған Нұр-Сұлтан қалалық Ардагерлер кеңесінен: «Елімізге қадірлі азамат жайлы толымды мақала жазсаң» деген ұсыныстың айтылғаны.
Айтекең баяғы мен көргеннен аса көп өзгере қоймаған. Жазықтау бұйра қара шашы ғана ақ күмістей жалтырап, тіпті жасына қарамай өңін ажарландырып жібергендей екен. Нағыз кемелді, келісті азаматтық тұлғасына лайық жарасымды сипат беріп тұр.

Қара шаңырақтың қазығы

Бардың малын тәркілеп, жоқтың шаңын қақтырған ашаршылық нәубеті иманжүзді, мінезі сабырлы, кісіге деген көңілі кең, бірақ қаріп танымаған Қайырбек ақсақал мен әйелі Сәлима Белгібайқызының шаңырағын да айналып өтпеді. Бір күнде үш баласын қара жердің қойнына тапсырған екеуі шұбырған елмен бірге бар мүкамалы дейтін дүниелерін итарбаға салып, Есіл өзенінің бойына келіп құлаған. Құр сүлделерін сүйреткендей болып сол тұста Атарман аталған ауылға әрең жеткен. Ол кейіннен заманның ағымына қарай Новый-Быт колхозы атанған (Қима совхозының орталығы болған) қоныстың іргесінде еді. Осы жерде тұрақтаған Қайырбек үй тұрғызып, зайыбы Сәлимамен «жаратқанның жарылқағаны» дегендей, өмірге тағы да Шәймерден, Қонысбай, Айтбай деп есімдерін қойған үш ұлды өмірге әкелді.
Айтбайдың балалықтың балдәуренді шағы Есіл бо­йындағы бұрынғы Атарман, қазіргі Жаңажол ауылында өтті. Ауылда бастапқы кездері бірі еңістегі, екіншісі қырдағы деп аталатын екі көше ғана болатын. Үйлердің көбі тастан қаланған қазақы, шағын – ауызғы және төргі деп аталатын екі бөлмелі баспаналар-тұғын. Өйткені ауыл маңында ертеректе тас қазатын орын болғандықтан, ауыл адамдары соны құрылыс материалдары ретінде кәдеге жаратқан. Тек Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейінгі 50-60-жылдарда ғана ауыл адамдарының жағдайлары көтеріліп, асар жасап, саманнан кірпіш құ­йып, ел болып, жұрт болып, көрші-қолаң тегіс жұмыла екі-үш күнде бір үйдің қабырғасын көтеріп тастайтын. Соның арқасында аз уақыттың ішінде ауылдағы үйлердің қарасыны көбе­йіп, 50-ден асып жығылды. Осындай қарапайым отбасынан шыққан Айтбай ағамыз өмір жолын ауыл шаруашылығынан бастады, әкесіне еріп жылқы бағысты.
Ағалары Шәймерден мен Қонысбай көп жылдар бо­йына Қима совхозында машина, трактор жүргізушілері болып еңбек етті. Ал қара шаңырақтың түп қазығы – кенжесі саналған Айт­байдың өмір жолы бұлардан өзгеше қалыптасты.

Берекелі еңбек белесі

1960 жылы орта мектепті бітірген ауылдың бір топ баласы өзара келісіп, үлкен қиялмен Алматыға оқуға түсуге аттанды. Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетіне емтиханды бірсыдырғы тәуір тапсырғанымен, конкурстан өткендердің есімдері аталғанда, мұның тегі аталмай қалды. Бар тапқан пайдасы балағы сыптай шалбар мен қызыл көйлек, оған жіңішке галстук сатып алып үйге оралған.
Бұл – Орталық партия комитетінің тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны белең алып, жер-жерлерде механизаторлар даярлайтын училищелер жаппай ашылған тұс. Бұлардың ауылдарына да Одақтың әр тарапынан орыс, украин, молдова, белорус жерлерінен келгендер көп болатын. Шетінен тракторшы, шетінен комбайншы. Айтбай да сол үрдіске салып Қимадағы училищеде алты ай оқып, тыңға келгендердің мамандығын меңгеріп шыға келді.
– Жас балаша қуанып, оқуды бітірген куәлігімді алып, әке-шешеме, ағаларыма көрсеткенім менің ең бақытты күнімнің бірі болды. Өйткені елмен бірге жер жыртып, егін саламын, ақша табамын, ер жеттім, азамат болдым деген қуаныш еді ол. Ертесінде ағаларым мені ертіп Қима совхозының ұлты неміс, атақты бригадиріне ертіп барып: «Мынау біздің ініміз, кеше ғана училище бітірді, тракторшы болғысы келеді, өзіңіз де көріп тұрсыз ғой, жас бала» деді. Ол маған бір қарады да: «Саспаңдар, мен бұдан танымал механизатор шығарамын» деді қуақылана күліп. Сосын қолымнан жетектеп әкеліп «Беларус» тракторына әкеліп отырғыз­ды. Кең-байтақ еліміздің жан-жағынан келген жас­тармен бірге осылайша тың игеруге өз үлесімді қостым. 1984 жылы «Тың жерлерді игергені үшін», ал 2005 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Тыңға 50 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталуым сол алғашқы еңбек қадамымның бағалануы деймін, – деді тағы бір сөз арасында Айтбай аға.
Айтбайдың болашаққа деген көзқарасы тың игеру кезінде, әр ұлттың арасында жүріп өткізген күндерде қалыптасқан десек артық болмас. Әр ұлттың мәдениетін, салтын, жақсы жақтарын өз бойына сіңіре білді. Сөйте жүре жоғары білімді азамат болып қалыптассам деген арманды да есінен шығармады. 1962 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне құжаттарын тапсырып, сәті болғанда студент атанды. Осында кейін іргелері ажырамастай дос болып кеткен Құсайын Имашұлымен танысты. Жатақхананың бір бөлмесі екеуіне жайлы баспана болды. Құсайынның әке-шешесі де малшы мен сауыншы, Айт­бай да сондай жылқышы мен сауыншының баласы болғандықтан шығар, әңгімелері ортақ, көбіне ел жайына қарай ойыса беретін.
– Менің өмірімнің қызықты бір белесі Юрий Гагариннің туып-өскен қаласы Гжатскіні салуға қатысқаным. Оның әке-шешесі, бірге оқыған кластас достары осында тұрады. Қаланың ортасында ағаштан қиып салынған шағын мектебі де бар екен. Гагаринмен бірнеше рет кездестім. Біздің әскери бөлімшеміз Калуга облысының Шайковка гарнизонында тұрды. Мәскеу әскер округінде борышымды өтеп жүргенде мен партияға мүшелікке кандидат болып қабылданған едім. Саяси бөлім басшысы «әскерде қал, біздің қатарымызда өзіңдей мықты, спортшы қазақ жастары аз» деп үгіттегендерімен, үйде әкемнің кәрі, шешемнің жасы келіп қалғанын көлденең тартып, бұл ұсыныстарынан бас тартатынымды білдірдім. Егер сонда әскер қатарында қалғанымда, менен жоғары шенді офицер шығатынына еш күмән жоқ еді. Қазір запастағы майор шенім бары соның бір айғағы десем болар, – дейді Айт­бай өзінің өмірлік шыңдалу мектебінің бір қыры жайлы толғанғанында.

Биікке қанат қаққанда

Сол кезеңнің тәртібі бойынша жоғары оқу орындарын бітірген студент- мамандар арнайы жолдамамен шаруашылықтарға жіберілетін. Айтбайдың жолы Жақсы ауданына түсті. Ауылшаруашылық басқармасының жолдауымен экономикасы мықты, осы өңірдегі алдыңғы қатарлы шаруашылық саналатын, аудан орталығына жақын Рентабельный совхозына жіберілді. Осы шаруашылықта жемісті еңбек етті, ауыл тұрғындарының құрметіне бөленді.
Айтбай Қайырбекұлының тағы бір асулы белесі 1972-1974 жылдары Жақсы аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланып, жастар арасындағы тәрбие саласында көптеген жұмыстар атқарғандығы. Комсомол алдындағы еңбегі үшін облыс, республика, Одақ көлемінде көптеген сый-құрметке бөленгендігі. Комсомолдың 60 жылдығына орай ВЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен және төсбелгісімен марапатталғандығы. Бұл да ол үшін үлкен табыс, абырой еді.
Айтпай Қайырбекұлы өзінің қызмет бабында, әсіресе жас кезінде Өзбекәлі Жәнібеков, Еркін Әуелбеков, Қаратай Тұрысов сынды мемлекет және қоғам қайраткерлермен кездесіп, олармен аға-інідей сыйласқанын үлкен ілтипатпен есіне алады.
– Менің өмірімнің біразы ғарыш саласымен өріледі. Байқоңырдан аспанға ұшқан ғарышкерлердің жерге табан тірейтін аймағы – Арқалық қаласының маңайы. Мен сол кезде облыстық партия комитетінің идеология бөлімінің нұс­қаушысы ретінде көптеген ғарышкерлермен кездесіп, оларды жерде қарсы алып, Мәскеуге ғарышкерлер қалашығына шығарып салатын едім, – дейді Айтбай аға сол кезеңдерді ерекше жылылықпен еске ала.
1990 жылы Торғай облысы қайта ашылып, оның бірінші хатшысы болып Кенжебек Укин, екінші хатшылығына Олег Владимирович Попов сайланды. Облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін Сергей Витальевич Кулагин атқарды.
Бір күні Қима аудандық партия комитетінің хатшысы болып жүрген кезімде Олег Владимирович телефон соқты. Өзінің бұрын білмейтін елге келіп жатқанын, екеуміздің Алматы жоғарғы партия мектебінде оқығанымызды алға тарта: «Тағы да бірге қызмет істеу­ге қалайсың?» деді. Мен ойланып көрейінге бассам, ол: «Сен ойланғанша Торғайға келген бір вагон портфельден ертең ештеңе де қалмайды» деп сөзін күле аяқтады» дейді Айтбай Қайырбекұлы тағы бір сырдың шетін ­суыртпақтатып.
Шынында, Торғайда қызмет ету Айтбай үшін жаңалық емес-ті. Елін де, жерін де, жағдайын да жақсы білетін. Содан да көп ойланбай Арқалық қаласына келіп, Торғай облысы құрылып жатқан топтың алдынан өтіп, бірауыздан облыстық еңбек басқармасының бастығы етіп бекітілді.
– Бұл кезеңде жұмыстың жүрмей жатқанын сезген Президентіміз зейнетақы төлеу мәселесін өз қолына алып, жеті сайын өзінің бекіткен кестесі бойынша облыс әкімдерін шақырып, зейнетақының уақытында төленуін назарында ұстады. Осының арқасында облысымызда зейнетақы мәселесі ай сайын алға жылжып, жағдай жақсара бастады. Өйткені облыс әкімі Президенттің алдына барарда алдымен аудан әкімдерінің есептерін тыңдап, кемшілігі көп әкімдерді қатты жазалап алатын. Бұл соның жемісі десе де болады. Өйт­кені Үкімет тарапынан берілетін көмектер мүлде дерлік сұ­йылып, ауылдағы табыстың негізгі көзі осы зейнетақы болатын, – дейді Айтбай Торғайға қайта барғандағы қызметіне қатысты әңгімесінде.
…Елу жылдан аса отасқан адал жары Тілеулеспен Айтбай аға Қайраттай қанатты, ақылман да ажарлы Дана есімді қос баланы өмірге әкеліп, олардан немере, жиендерін көріп, бүгінде солардың шуақты күлкілеріне көміліп, Нұр-Сұлтан қаласының төрінде берекелі өмірдің бесігінде тербеліп жүр.

Аманкелді ЖҰМАБЕК,
ардагер журналист, ақын

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button