Қоғам

Оңтүстік картадан түсіп қалды, енді қалай болады?!

Түркістан деген жаңа облысты құрған Елбасының тарихи шешіміне дән ризамын. Бірақ… Еліміздің картасынан «Оңтүстік» деген атау, ұғым түсіп қалды. Бізде Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан Және Шығыс Қазақстан облысы деген бар. Оңтүстік Қазақстан облысы жоқ!

Әділдікке жүгінсек, географиялық шарттылықтан бас тартып, Солтүстік Қазақстан облысын да Қызылжар облысы деп өзгертейік. Ақыры қалаға бере алмаған атауды, облысқа берейік. Өйткені жердің атауы – Қызылжар. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай: «Қызылжардың Қызылжар болатын жөні бар. Тіпті, Ресейдің архивтерін қарап отырсаңыз, «әулие Петр», «Петр ағзам» бекінісі деп, одан кейін «Петр Павл» бекінісі деп орысша айтқан күннің өзінде жердің аты – Қызылжар деген сөздер бар» дейді. Қазақтың санасын отарсыздандыруға зор ықпал ететін Қызылжар деген атауды облысқа берудің оңтайы келіп-ақ тұр.

Батыс Қазақстан облысын «Бөкей ордасы облысы», «Ақжайық облысы» деп өзгертейік деген де ұсыныстар айтылып жүр. Осы өңірде Ақжайық деген аудан бар. Менің ұсынысым мынадай: Шығыс Қазақстанды Алашорда облысы, Семейді Алаш қаласы деп атайық! Азаттығымыздың бастауында Алаш тұр. Алаш қайраткерлері бүгінгі тәуелсіздігіміздің жолында аянбай күресті, құрбан болды. Өз ұлтына қызмет етемін деген әр қазақ баласы Алаштың мұратын жан-жүрегімен түсініп, санасына сіңіріп өсуі тиіс. Сонда Алаш мұраты мен тәуелсіздік талабы терең үйлесім табады. Егер де Түркістаннан кейін, еліміздің картасында Қызылжар, Алашорда деген жаңа облыстар, Алаш деген қала пайда болса, рухани жаңғырудың, санамызды тазартудың керемет көрінісіне айналар еді.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button