Басты ақпаратБілім

Оқулық қашан оңдалады?

Бір оқулық мың адамды оқытады. Ал сол мыңдаған оқушы оқитын оқу құралынан бір қате шықса, ел тағдыры қоса уланады. Қателіктің қай-қайсысы да жақсы емес. Он жылдан бері көптің көкейінде, дау-дамайдың ортасында жүрген оқулық мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Француздың танымал педагогы Шамен: «Оқулық – ұлтты қалыптастыратын феномен» депті. Ғылым мен білімнің қайнар көзі, адам дамуының мәдени тұтқасы оқулықты кімдер дайындап жүр? Саралап көрелік.

Сен тимесең, мен тиме

Қазір «Оқулық сапасы сын көтермейді» деп кез келген адам айтатын болды. Тіпті баламыздың қолындағы кітаптан бір қате көрсек, жерден жеті қоян тапқандай әлеуметтік желіге сала жөнелеміз. Жә, қатені мен айтпасам да білесіз. Бірінші осы оқулықтағы қателердің кетуіне кімдердің кінәлі екенін, кімдердің оқулық шығаруға атсалысатынын санап көрейік. Алдымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында әр пән бойынша арнайы топ құрылып, оқулықтың бағдарламасы жазылады. Ал баспалар оқулық жазатын авторлар жағын министрлікке ұсынады. Министрлік бекіткеннен кейін авторлар оқу бағдарламасы негізінде оқулық жазуға кіріседі. Жазылған қолжазбаны алдымен баспа сарапшылары қарап шығып, автор жіберген қателерді түзетеді. Баспа дайындаған оқулық «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығы сарапшыларының алдына келіп түседі. Орталық республика бойынша мықты сарапшыларды жинап, оқулықты тағы бір сүзгіден өткізеді. Сарапшылар тексерісінен өткеннен кейін ең соңында министрлік жанындағы республикалық комиссияға беріледі. Олар тағы қарайды. Жеті сатыдан тұратын оқулық дайындау процесіне көз жүгірте отырып, қатенің кетуі мүмкін емес­тей көрінер. Дегенмен жыл сайын оқулықтағы қателер жасырынып жатқандай қайталанып шығады. Ата-аналар мен ұстаздар арыз-шағымын айтудан шаршамаса, оқулық шығарушы органдар кінәні бір-біріне итеруден шаршаған емес. Ұзақ жылдар білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаз, оқулық авторы Руда Зайкенова оқулықтағы олқылықтың басты себебін оқулық шығаруға нақты жауап беретін бірде-бір мекеменің жоқтығымен байланыстырады. «Мінсіз оқулық жасау үшін ең алдымен бағдарлама дұрыс жасалуы керек. Оқулыққа сын айтатындардың басым көпшілігі бағдарламаға мән бермей, бірден оқулыққа тиіседі. Оқулық авторларының Білім және ғылым министрлігі бекіткен бағдарламадан шыға алмайтынын ескере бермейді. Төрт жыл бойы оқулық жазудан көз ашпай келемін. Десе де тышқан мұрнын қанататындай қаламақы табамыз. Ал оқулық жазатын авторларға арнайы демалыс берілмейді, жұмыстан босатпайды. Сосын қайдан сапалы оқулық жазуға көңіл бөлеміз? Бос уақытымыз бен демалыс күндеріміз көз майын тауысып, шұқшиюмен өтеді. Жалпы оқулық жазу оңай шаруа емес. Оны жазған адам ғана түсінеді» дейді ұстаз.

 

Авторлардың жазуға уақыты жоқ

Оқулық мәселесін айтқанда авторлар мен сарапшылардың үніне ешкім құлақ аспайды. Жеме-жемге келгенде маңдай тер мен адал еңбек – сол мамандардың арқасы. Оқулық авторларының бірі Риза Әлмұхановадан оқулық жазуға қанша уақыт берілетінін сұрадық. «Оқулық жазу үшін авторларға шығармашылық демалыс берілмейді. Бұрын үш ай уақыт беретін, сол үш ай үшін жұмысында жалақысы сақталатын, қазір ондай жоқ. Қаламақымыз да тиражға байланысты. Сондықтан әр баспаға әртүрлі бөлінеді. Алдыңғы жылдары бірнеше рет Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен авторлар облыстарды аралап, мұғалімдермен кездесіп, әр баспа өз өнімін таныстырды. Сондай бір кездесуде кейбір облыстарда мұғалімдер: «Қазақ әдебиетін «Жазушы» баспасы да шығарады екен ғой, қазір сізден естіп отырмыз, бізге тек екі баспаның бірін жазуды тапсырады» деді. Сондай-ақ: «Апай, сіздің оқулығыңыздағы идеялар ұнап тұр. Бірақ біз өзіміз тапсырыс бере алмаймыз, басшылар өздері шешеді ғой» дегенді де естідім. Яғни БҒМ бекіткен тізімді толық ұсынбайтын жергілікті өңірлердегі басшылар бар. Сол себепті тираж мәселесінде тең мүмкіндік берілсе дейміз» деді автор.
Бұған дейін қате жіберген баспаларға ешқандай ескерту мен айып тағылмай, келесі жылғы тендерді тағы да сол баспа ұтып алатын. Былтыр министр Асхат Аймағамбетов оқулықтан кететін қате мен оны қайта басуға тікелей баспаны міндеттеді. Мемлекеттік талапқа сай оқулықтар 5 жыл сайын шығарылса да, оқу бағдарламасына жыл сайын өзгеріс енеді. Мұндай кезде баспа оқулықтарды дайындап, оны тексермек түгіл, басып шығарып үлгермейді. Бастағаннан кейін соңына дейін ақшаны алып қалу үшін қалай болса солай асығыс шығара береді. Салдарынан бір қайнауы жетпей қалған оқулықтардан ши шығады. Мысалы, бір жылдары 7-сыныптың физика пәнінен барлық есептің жауаптары дұрыс берілмегенін баспа да, автор да мойнына алды. Алайда оқулықты 30 мың таралыммен қайта шығару қып-қызыл шығын емес пе? Сондықтан министрлік те, баспа да мұндай тәуекелге бара алмайды. Ақыры зардап шегетін – физика пәнінің мұғалімі мен оқушылар. Жауабы дұрыс берілмеген оқулықпен алысу оларға оңай соқпайтыны бесенеден белгілі.
– Оқулық авторларын таңдау барысында авторлық құрамда алдымен сол саладан білікті ғалымның, тәжірибелі әдіскердің және практик-ұстаздың болуы шарт. Баспа авторларының жұмысына баспамыздағы «Оқулық авторлары мектебі» мамандары бағыт беріп, оқулық жазу барысында әлемдік үздік тәжірибелермен таныс­тыратын семинар, тренинг өткізіп тұрады. Оның бір дәлелі – авторларымыздың бәрі жаңартылған білім мазмұнындағы «Оқулықты әзірлеу әдіснамасы және авторлардың кәсіби дағдыларын жетілдіру» атты біліктілікті арттыру курсына қатысып, жаңа критерийлер негізінде оқулық жазу талаптарын толық меңгерді. Жалпы оқулық жазуға, салыс­тырмалы түрде, аз уақыт беріледі. Биылдан бастап жарық көретін оқулықтардың тізімі ұсынылып, 2-3 жылға алдын ала жоспар жасау қолға алына бастады. Енді оқулықты әзірлеуге уақыт бұрынғыға қарағанда көбірек беріледі деп үміттенеміз. Бүгінде баспамыз цифрландыру заманының сұранысына орай электронды оқулықтарды жасауға кірісті. Баспамыздан жарық көрген барлық оқулыққа QR-код берілген. QR-код арқылы оқушылар кез келген құрылғымен қиындықсыз оқулықтың электрондық нұсқасын ашып қарай алады, – деді «Мектеп» баспасының бас редакторы Шұға Баспақова.

Оқулық, саған айтамын,сарапшы, сен тыңда!

Барлық пәннен қате кетеді деу – ағаттық. Оқулықтағы қателердің өзін бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Олар: мағынасыз аудармалар, шешуі қате есептер, логикалық және грамматикалық қателер, дұрыс емес сызбалар. Оқулықта олқылықтардың кетуі тікелей сарапшыға байланысты. Жақсы мұғалімнің бәрі бірдей мықты сарапшы болып шықпайды. Оқулық қатесін сыни көзбен қарай алатын нағыз сарапшы мамандар анықтауы керек. Білікті ұстаз Мейрамгүл Нүсүпбекова бұрындары баспалардан оқулық жазуға көп ұсыныс алыпты. Бірақ мұғалім автор болудан бас тартқан. Себебі бір оқулықтың әр бөлімін әр мұғалімге бөліп берген. Ал оқулықтың ішіндегі тақырыпты бөліп тастау – жаны ашымайтындардың тірлігі.
– Мен 2008 жылдан мектеп оқулықтарының сараптау комиссиясының құрамында сараптауға қатысып келе жатырмын. Сол сараптаулардың нәтижесін айтсам, оқулықтың оқушыға арналып жазылмағанын байқаймын. Жасадық. Жаздық. Жібердік. Бірақ айтылған жағдайлар ескеріліп, оқулықтың өзгергенін көрмедік. Сол қалпында қолымызға тиді. Енді жақсы оқулық жазыла ма десеңіз, күдігім бар. Себебі сарапшылар тобында таза қазақ тілі филологиясының, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандары жоқ. Олар қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің оқытылуын білмейді, тіпті иісі мұрнына да бармайтын мамандар. Қарапайым ғана антоним мен болымсыз етістікті айыра алмайды, сөйлемнен заттанған сын есімді анықтай алмайтын, әдебиеттегі сюжет пен композицияны, өлең құрылысын талдай алмайтын мамандар – оқулық авторы, сарапшы. Оқулықтың қате болуының бір себебі – осы. Білікті авторлар да бар, олар өндірістен қол үзбей оқулық жазады. Әлі де авторларға толық жағдай жасалған жоқ. Бұрынғы авторлар оқулыққа қойылатын талапты білмей жазды. Енді оқулық жазу талабы бекітілді. Ол талап Ғылыми кеңестен өтті. Бағдарлама Блум таксономиясы бойынша жазылған болса, оны білу, түсіну деңгейі мақсатына лайықты тапсырма оқулықта жоқ. Оқулық тапсырмасы талдау мен жинақтаудан басталады немесе керісінше талдау мен жинақтау деңгейіне ең жеңіл тапсырма берілуі бағдарлама авторы мен оқулық авторының бір емес екенін аңғартады. Сарапшылар үш күнге жиналады. Топ-топқа бөлініп, қолдарына тиген оқулықты асығыс шолып шығады, олардың қолында (соның бірі менің де қолымда бағдарлама болмайды). Бағдарлама авторы 5 минут, ал авторлар 7 минуттық баяндама жасайды да кетеді. Үш күн мөлиіп отырып, мазмұнын шола танысып, сараптама жасаған болып біз де кетеміз. Айтпақшы, оқулықтар сайтта бар дейді, ашсаң, мұқабасы ғана тұрады. Сол оқулықтармен қазір жұмыс істеп отырмыз, оқушыға да, оны оқытатын мұғалімге де қолайлы емес, – дейді осы саланың басы-қасында жүрген тәжірибелі ұстаз Мейрамгүл Нүсүпбекова.
Қолжазбаны дайындау, оны сараптау, қателермен жұмыс істеу жүйесіне өзгеріс керек-ақ. «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығының директоры, күні кеше Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті болып таға­йындалған Ғани Бейсембаев халық назарында жүрген мәселелерді тыңдап, орынды сыннан сапалы оқулық шығаруға атсалысқан.
– «Қазақта сын түзелмей, мін түзелмейді» деген жақсы сөз бар. Оқулық орталығының қазіргі мақсаты – айтылған сындарға байланысты нақты іске көшу. Халық құр сөзден жалықты. Біз оқулық сапасын арттыру бойынша ауқымды жұмыстарды қолға алдық. Бірінші кезекте сарапшылардың жұмысына аса мән беріп отырмыз. Егер оқулықтан қандай да бір сорақы қателік кетсе, баспаға жібермейміз. Сараптама жұмысын бұлай күшейту бүкіл мемлекетті оқулықсыз қалдыруы мүмкін. Сапаны жақсарту үшін сараптама жүйесін ауыстырдық. Бұған дейін сараптамаға келіп түсетін оқулықтардың авторы, баспасы белгілі болатын еді. Бүгінде оны құпия ұстаймыз. Сарапшы қолындағы кітаптың қай баспада қай автордың жазғанын білмейді. Бұрын білім беру мекемелеріне «өздеріңіздегі мықты мамандарды сарапшылыққа жіберіңізші» деп хат жазатын едік. Ал жергілікті басшылар кімнің қолы бос болса соны жіберетін. Сондықтан оқулық орталығындағы сарапшыларға деген артық күмән тумас үшін сарапшылар құрамына қайта іріктеу жүргіздік. Орталықтың сайтына кез келген сарапшы болуға ынталы азамат өз өтінішін қалдыра алады. Осы жылы 2000-ға жуық адам өтініш жіберді. Біз үміткерлерді Ұлттық тестілеу орталығына жіберіп, біліктілік туралы сертификат талап етіп отырмыз. Сосын Ұлттық білім академиясы сарапшының оқу бағдарламасы жөнінде түсінігі бар ма, жоқ па деп бір қарап шығады. Ең соңында оқулық орталығы сараптама жұмысынан хабары бар-жоғын анықтайды. Сарапшы екі тілді меңгерген және сауатты болуы керек. Барлық іріктеу­ден өткен сарапшыларды соңында әлемдік тәжірибе бойынша 2 апта оқытып, соңында емтихан аламыз. Содан сүрінбей өткендер ғана сарапшылар базасына енеді. Биылдан бастап оқулық сараптамадан 50 күн бойы өткізіледі. Ал сарапшыларды іріктеу – жыл бойы жалғасатын процесс. Сараптама жұмысын күшейту мақсатында психолингвистикалық, психодидактикалық және этномәдени сараптау бөлімін аштық. Алдағы уақытта оқулықтар осы бағыттар бойынша сараптамадан өтетін болады. Оқулық – оқушыны уыздандыратын құрал. Оқулық саф алтындай таза, қатесіз болу керек. Біз осы бағытта жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Биыл министрдің қолдауымен оқулық авторларын оқытуды қолға алдық. 400-ден аса оқулық авторы болғысы келетін азаматтар Абай атындағы педагогикалық университеттен арнайы оқудан өтті. Оқулық жазатын авторларымыздың 90-95 пайызы 50-ден асқан мамандар екен. Осы кісілердің тәлім-тәжірибесін алып қалатын ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру керек деген ойға қалдым. Сол бойынша жасаған ұсынысымыз «оқулықтану» мамандығын педагогикалық оқу орындарына енгізу мәселесі де оң шешім тапты. Онымен қоса, жас сарапшылар мектебін орталық жанынан оқыту жұмыстары көзделуде, – деді академия президенті Ғани Бектайұлы.
Орталықтың атауы оқулықпен байланысты болғандықтан да оқулыққа қатысты сынның бәрі осы мекемеге келіп тиетін. Алайда бұл орталық оқулық шығару процесінде тек сараптамалық тұрғыдан қызмет атқарады. Ғани Бейсембаевтың айтуынша, сараптама жұмыстар бұған дейін 8, тіпті 12 деңгейде жүргізіліп келсе, қазір оның тиімділігі төмен болғандықтан 3 деңгейге түсірген. Сәйкесінше сол 3 деңгейдегі сараптама жұмысы күшейтілген.
– Орталық болашақта сараптама жұмыстарына адамның араласу көрсеткішін азайтып, электронды платформада өткізуді көздеп отыр. «Неге оқулықтарды сараптауда мұғалімдер қатыстырылмайды?» деген уәж де өз шешімін тапты. Енді сынақтан өткен оқулықты бүкіл қазақстандық мұғалімдер талқылай алатындай жағдай жасалады. Алдағы уақытта оқулық мәселесі алаңдататын кез келген азаматтарды сараптама жұмысымен таныстыру, қоғамдық оқытуды қолға алу көзделген. Көп мемлекетте сараптамалық орталық жоқ. Сарапшылардың рөлін халық атқарады. Бірақ ол үшін де халықты оқыту керек. Біз болашақта, оқулық орталығынсыз да, халық өзі сапалы оқулықты анықтай алатындай жағдайға жетуді көздейміз, – деді Ғани Бектайұлы.

мектеп оқушыларына Денсаулық сақтау министрлігінің бекіткен сөмке салмағы бар:
1-3-сынып оқушысы сөмкесінің салмағы 2 килограмнан аспауы керек.
4-5-сынып оқушыларына әрі кетсе 2,5 килограмм көтеруге рұқсат.
6-7-сынып оқушысының сөмкесі 3-4 килограмнан аспауы керек.
8-11 сыныпта 4-4,5 килограмм.

Қаншама қаржы Шекара асты…

Елімізде 300-ден астам баспа бар болса, соның нақты 30 шақтысы оқулық шығарумен айналысып келеді. Бірақ жыл сайын тендер ұтып жүрген кейбір баспалардың кітап шығаруға әлеуеті де, техникасы да жетпейді. Мәселе қайда жатыр дейсіз ғой, осы шығарушы мекемелердің көбі оқулықты өз жерімізде емес, өзге елде шығарады екен. Ол қалай? Шет елдерде кітап шығару бізге қарағанда анағұрлым арзан. Сондықтан оқулықты тек редакцияда дайындап, дайын файлдарды шетелге жіберетін мекемелер де бар. Мысалы, Түркия, Қытай, Ресей сынды елдерде оқулық шығару біздікінен 2-3 есе арзан. Есептеп көрейік: бір кітаптың баспаханадан шығу құны – 800 теңге. Ал сол кітаптың таралымы 150 мың болса, оқулықты толық басып шығару – 120 миллион теңге. Бұл – бір ғана оқулықтың баспа құны. Ал республикадағы мыңдаған мектепке қаншама пәннен оқулықтар шығару керек. Былайша айт­қанда, еліміздің қазынасынан шығып жатқан миллиардтар өзге елдің баспаханасының қалтасына кетіп отыр.
Дегенмен «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығының бұрынғы директорының айтуынша, шетелден тек 20-30 пайыз оқулықтар шығарылады екен. «Қызмет ету барысында байқағаным, елімізде оқулық шығаратын баспахана жеткіліксіз. Әсіресе, оқулық шығару науқаны басталған кезде. Типография­лар ашу бизнесін дамыту керек. Биыл Қазақстанда дайын оқулықтарды баспалар басып үлгермегендіктен, 20-30 пайызы Түркия, Ресей, Англия елдерінен шықты. Егер де біздің елімізде баспа саласы дамыған болса, шетелден оқулық шығарамыз деп қиналмас едік. Пандемия кезінде оқулықтардың шекарадан өтпей қалу қаупі де болғаны жасырын емес» деді ол.
Ғани Бейсембаев кейбір оқулық жазатын баспалар қоғамдық сарапшыларға ақы төлеп пікір жаздырып жүргенін жасырмады. «Көп адам ақша алсам болды дейді де, оқулықтың артындағы жауапкершілікті сезінбейді. Біз атқарып жатқан жұмыс – ұлт болашағын шешетін жауапты жұмыс. Сондықтан әрбір сараптама жүргізетін, оқулық жазатын адам көз алдына 3,5 млн баланы елестетіп көруі керек. Одан кейін дәтіңіз барса сапасыз оқулық жазыңыз, дәтіңіз барса шығаруына қол қойып көріңіз. Ұрпақ тағдыры біздің қолымызда тұрғанда барынша ыждахаттылықпен мән беріп қарауымыз керек» деді академия президенті.

Өзі үлкен, өзі ауыр. Ол не?

Соңғы кезде кеңсе тауарларын сататын дүкендерде баласының оқулығына қап алу үшін кітабын әкеліп сыз­ғышпен өлшетіп жүрген ата-аналарды да көріп жүрміз. Сөйтсек, сатушының айтуынша, соңғы жылдары шығарылған оқулықтың көлемі түсініксіз екен. 1-2 см артық-кем қап алсаңыз, оқулығыңызға келмей қалады. Сондықтан амал жоқ, 15,3 см-15,5 см деп өлшеп сатуға мәжбүр. Нарықтағы оқулық бағасына арнайы талдау жасап та көрген болатынбыз. Бастауыш сынып оқулықтарын белгілі бір баспалар басып келіпті. Ал жоғары сынып балама оқулықтарын төрт-бес баспа шығарған екен. Сәйкесінше, бастауыш сынып оқулықтары қымбат.Дегенмен оқулық бағасы қымбат болмауы керек еді ғой. Бұл жағдай мектептерде оқулықтардың жетіспей қалуына алып келеді.
Қазіргі кезде шығарылып жатқан оқулықтардың ең үлкен форматы А4 екенін біреу білсе, біреу білмес. Әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының оқулықтары осы форматта көп басылады. Өзіңіз ойлап қараңызшы, бірінші сыныптың бар-жоғы 6-7 жастағы баласы алдындағы шағын партаға жаңағы оқулықты қалай сыйғызады? Бәрінен де сондай үлкен оқулықтарды мектепке арқалап барудың машақатын ойлап көріңізші. Бірақ бүгінгінің оқушылары сөмкесінде тас арқалап жүргендей. «Бұрын оқулық жетіспесе, сыныптағы әр бала бір-бірімен алмасып жүріп оқып шығатын. Қазіргі пандемия жағдайында әрбір оқушының үйіне оқулық жеткізу біздің басты мақсатымыз болды. Мамыр айынан бастап Қазақстанда қанша бала барын, қандай оқулық керек екенін бақылауда ұстадық. Биыл отыз жылдың ішінде бірінші рет барлық оқушы 100 пайыз оқулықпен қамтылды. Министрліктің сайтына шыққан оқулықтардың электронды көшірмесі енгізілді. Оқулығын жоғалтып алған кез келген оқушы сайттан кіріп электронды нұсқада оқи алады» дейді Ғани Бектайұлы.

Электронды оқулыққа көшуіміз мүмкін бе?

Экономикасы дамыған батыс елдері мен алпауыт Америка, Күншығыста орналасқан көршіміз Қытай мен Корея елдерінің оқушылары жаңа оқу жылы басталар алдында оқулыққа мемлекет тарапынан белгіленген мөлшерде салық төлеп қол жеткізеді. Тіпті Америка Құрама Штаттарында оқулық сату ісін кәсіпке айналдырған агенттіктер пайда болған. АҚШ-та оқулықтармен бірге оның электронды нұсқалары, видеосабақтары қоса сатылады. Бұл жағдай өркениеті дамыған батыс қоғамының түсінігіне сіңіп кеткен. Ал бұрынғы посткеңестік – қазіргі ТМД елдерінде оқулық тікелей мемлекеттің тарапынан тегін беріледі. Тегін беріледі дегеніміз қате болар, әр оқушыға бір жылға пайдалануға үлестіріледі. Бұл мектеп өмірінің айнымас қағидасына айналып кеткен дәстүр десе де болар.
Елімізде 2018 жылдан бастап мектеп оқулықтарының электронды нұсқасы да шығарыла бастады. Бұл жаңа технология – бүгінгінің балалары үшін қуанышты жаңалық. Айталық, кез келген кітаптың соңғы бетінде аудио-видео диск жүреді. Ал оны компьютерге салып ашып қалсаңыз, сол кітаптағы сабақтардың тапсырмалары, жаттығулары мен жауаптары қоса берілген. Бұл баланың қызығушылығын арттырып, сабақ қарауға деген ынтасын оятары сөзсіз. Жаңа форматта шығып жатқан электронды оқулықтар оқушылар үшін ауыр сөмке көтеруден құтылуға жағдай жасады. Сонымен қатар, материалдарды бірнеше рет қайталап қарауға, жаттығулардың дұрыс жауабын бірден білуге де болады. Электронды оқулықтарды оқулық шығаратын баспа дайындап жүр.
Дегенмен дүние жүзінің бірде-бір елі дәстүрлі оқулықтар мен кітаптардан бас тартқан жоқ. Электронды оқулықты қосымша білім беру құралы ретінде пайдаланады. Бірақ кейбір мемлекеттер оқу бағдарламасына бірнеше пәндердің электронды оқулықтарын сәтті енгізе алды. Олар: Венгрия, Бразилия, Испания, Сингапур, Финляндия мен Эстония сияқты елдер. Жалпылама мектеп оқулықтарын электронды нұсқаға ауыстыру тәжірибесі Оңтүстік Корея, Ресей және тағы басқа мемлекеттерде бірнеше жыл қатарынан сынақтан өткізілген. Ал еліміздің жаппай электронды оқулыққа көшіп кету ойы жоқ.

Үміт өрге тартады

– Бұрын оқулық шығаратын мекемелер бір-бірімен байланыспайтын еді. Биыл сараптама жұмыстарымен авторларды таныстыруды, талқылауды қолға алып отыр­мыз. Кеткен қателіктердің орнын толтыру үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Баспаларда қаржы болғандықтан, авторға төлеп кітап жаздыртады. Сонымен қатар заңда кез келген авторлық топтың оқулық жазып, сараптамаға тапсыруға құқығы бар делінген. Сараптамаға келгенше бір оқулық жазуға 3,5 млн теңгедей қаржы жұмсалады екен. Ал оның сараптамадан өту немесе өтпеуі тағы белгісіз. Өтпей қалса, құйылған қыруар қаржы желге ұшады. Сондықтан көп автор баспамен жұмыс істеуді тиімді санайды. Ал негізі басқа да қалталы азаматтар авторлық топтарды қаржыландырып, бағдарламаға сай оқулық жазып бізге сараптамаға тапсыруына болады. Бірақ ең бірінші тақырыптық жоспарға енгізуге өтініш беруі керек. Тақырыптық жоспарға енбей қалса, сараптама жұмысы ақылы. Осы мәселені жеке сайтымызда нақты түсіндіріп айттық, – дейді Ғани Бейсембаев.
Әлемге көз салып қарасақ, оқулықтағы қателіктермен күресіп жатқан біз ғана ­сияқтымыз. Мысалы, сіз Кембридж университетінің мектептерге арналған оқулықтар мен ресурстарды шығаратын баспасының қате кетті деп жатқан айқайын естіп көрдіңіз бе? Немесе көрші Ресейдің білім беру министрінің жиналыста оқулықтағы қателерді теріп отырғанын естідіңіз бе? Әрине, жоқ. Мүмкін, шын мәнінде оқулықтарды шығару механизміміз сапаға кедергі келтіріп жүрген шығар. Иә, ауруын жасырған өледі. Қазіргі оқулық бойынша туындап жатқан проблемаларға көз жұмып қараған сайын тығырыққа тірелеріміз сөзсіз. Дегенмен келешектен күтер үмітіміз де үлкен.

Көктем ҚАРҚЫН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button