Басты ақпарат

ӨРКЕНДЕУ КЕПІЛІ – ӨНІМДІ ЕҢБЕК

Дамыған елдердің экономикасына зер салсақ, алдымен өндірісті модернизациялау арқылы өнім сапасын арттырады. Осының негізінде жаңа жұмыс орындары ашылып, адамдар жұмыспен қамтылуда.

Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыр­ты­луы: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамы­на­ қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақала­сында  мына мәселені баса атап өткен еді: «Әлеу­меттік жаңғырту бүгінде ықтимал сынақтар мен тәуекелдер туралы анық түсінік болуын талап етеді. Және мұны тек барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік жаңғыртулар бағытталып отырған бүкіл қоғам, барша халық түсінуге тиіс. Бі­рін­­ші. Біз экономикалық және әлеуметтік жаңғырту барынша синхронды жүруі тиістігін ескеруіміз қажет. Жаңа өндірістер, білім беру мен ғылымның жаңа жүйелері, орта тапты дамыту, әлеуметтік кепілдемелерді кеңейту, қазақстандықтар санасында үлкен өзгерістер қалыптастыруы тиіс». Міне, қайсыбір мемлекет болмасын, білім мен ғылымның жүйелі ұштасып дамуы алғы кезекке шығып отыр.

Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары сапалы білім беруге ерекше маңыз беріліп, жа­ңа технологияны меңгеру қажеттігі күн тәртібінде тұрды. Сосын шағын және орта бизнесті өркендетуге қадам жасалды. Шаруасын дөңгелеткен қожалықтар өндіріс аясын кеңейту мақсатын көздеп, банкіден қаражат алды. Қысқасы, «мемлекет бізге не береді?» деген дәменің сөлі таусылып, ептілер өнімді әзірлеуге ұмтылыс жасады.

Қазір отандық тауарлардың саны бір­не­ше есе артты. Қазақстанның түкпір-түкпі­рінде бой көтерген жаңа нысандар халықтың қажетін өтеуде. Әлеуметтік-экономикалық  деңгейімізді осыдан он жыл бұрынғы  көрсеткішпен салыстырсақ, өсу қарқынын аңғарар едіңіз. Жыл басынан бір жарым мыңға жуық бизнес субьектісіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген. Елорданың өзінде жүзге тарта бизнес-жоба әзірленіп, субсидиялауға ұсыныс жасалды. Еліміз бо­йынша нақты кезеңде 132 мың жұмыс орны сақталып, жаңадан 19 мың жұмыс орны ашылған. Ал, алдағы мерзімде 3 мың жаңа еңбек орнын ашу көзделіп отыр.

Биылғы наурыз айында Астанада «Биз­нестің жол картасы-2020» бағдарламасына орай арнайы кеңес өткізіліп, тиісті мини­стр­лік өкілдері атқарылған жұмыстар бо­йын­ша ой бөлісті. Өз хабарламасында «Даму» АҚ басшысы өңдеуші өнеркәсіп, көлік қызметі мен балық шаруашылығын өрістетуге арналған жобаларды қаржыландыруға ұсыныс түскенін жеткізді. Алайда, судан шыққан балық­ты тікелей базарға жеткізу ісі тыйылмай келеді.  Сондықтан да балық зауыттары тапшылықтың тау­қыметін тартуда.

Осы жиында жобаларды қаражат­танды­ру­дың жаңа механизмі қарастырылды. Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде айналымдық капиталды толықтырудан алынған несиелерді қаражаттандыруды жылдам реттеу керек. Сондай-ақ, үлесті сатып алуға негізделген жобалардың бағдарламаға қатысуына тыйым салуымыз шарт. Бұл төңі­ректегі істер жергілікті жерлерде де әбден сүзгіден өтіп, болашағы бар жобалардың тұсауы кесілуде. Ал, Астана қаласы­ның әкімдігі өткізген үйлестіру кеңесінде тасымал қызметін ұйымдастыруға арналған бірнеше жобалар банк тарапынан қаржы­лан­дырылатын болды. Соның ішінде, қонақ үйлердің жұмысын жақсартуға арналған жоба да бар.

Мемлекет басшысы бағдарламалық мақа­ла­сын­да медицина саласын да оңтай­лан­­дыру қажеттігін айтқан-ды. Осы мақсат­ты көздеген жобалар қазір елорданың үйлестіру кеңесінде қаралуда. Оның алғашқы легі жақында жұмысын одан әрі жандандыруға рұқсат алды.  Баспа өнімін ұлғайтуға арналған жобалардың да саны басым.

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button