Елорда тынысы

Отбасы мәселесі – өзекті тақырып

Елордада ҚР Президенті жанындағы ұлттық Комиссия өкілдерінің қатысуымен Астана әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Нәзік жандылардың құ­қықтарын қорғап, оларға әлеу­меттік тұрғыдан жасалатын көмектің жолдарын оңтайландыру мәселесі басты назарға алынған бұл шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, құқық қорғаушы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Салтанат Тұрсынбекова, сондай-ақ дағдарыс орталықтарының басшылары мен әйелдерге қатысты қоғамдық мәселелерді шешуге атсалысып жүрген белсенді әйелдер қатысты.

Талқылаудың басты тақырыбы – көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік жәрдем көрсету құрылымдарын қайта құру болды.

«Отбасының жағдайы оңалмай, мемлекеттің әлеуметтік жағдайы да оңалмайды. Ал отбасы мәселесі әлеуметтік мәселе, тәрбие мәселесі, қауіпсіздік мәселесі… сияқты тақырыптарға саяды. Отбасы мәселелеріне, нәзік жандылардың ісіне үкімет айрықша көңіл бөліп отыр, алайда мұнымен мәселе түбегейлі шешілмейді. Соңғы кездері мемлекеттік органдардың функцияларын қайта қарау мәселесі өзекті тақырып болып тұр. Әсіресе, әлеуметтік салаларға жауапты органдардың жұмысы әлі де жетілдіруді қажет етеді. Менің ойымша, әкімдіктің жанынан отбасы және әйелдер ісімен айналысатын дербес бір басқарма құрылғаны дұрыс сияқты. Отбасылардағы күрделі жағдайлардың көпшілігі алкогольге, есірткіге немесе ойынға тәуелділіктен туындайды. Жыныстық зорлық-зомбылықтың шамамен 60%-ы алкогольдің әсерінен жасалады. Есірткіні тұтынатын жастар да барған сайын көбейіп барады. Кез келген жасөспірім интернет арқылы тәулік ішінде тыйым салынған заттарды таба алады. Міне, осы мәселелерді шешу үшін тұтас қоғам осы түйінге назар аудару керек» дейді Салтанат Тұрсынбекова.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен әлеуметтік көмек мәселесінде елордада сақталып отырған түйткілді түйіндерге тоқталды.

– Әр жолы бізге көмекке мұқтаж адамдарды анықтау қиынға соғады. Өңірлерде әлеуметтік көмек көрсететін орындардың болмауына немесе аздығына байланысты өмірлік жағдайы қиын азаматтар елордаға ағылады. Сол себепті Астанада 5-8 қызметкерден тұратын көптеген басқармалар бірнеше мың адамның мәселелерімен айналысуға мәжбүр. Сондықтан көмекке мұқтаж жандар тұрғылықты жері бойынша әлеуметтік көмек алуына барлық өңірлерде тиімді жағдай жасалуы керек, – деді әкімнің орынбасары.

Шараға қатысушылар әйелдер істері және отбасылық-демографиялық жағдайға қатысты көптеген мәселелерге қатысы ой-пікірлерін ортаға салып, оны шешудің үйлесімді жолдарын да атады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button