Мәдениет

Өткінші өмір туралы туынды

Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында кезекті премьера өтті. Бұл жолы АҚШ драматургі Айвон Менчеллдің «Күзгі іңір» трагикомедиясы сахнаға жол тартты. Туындыны қазақ тіліне аударған – Нартай Сауданбекұлы. Ал сахналаған қырғыз режиссері – Ұланмырза Қарыпбаев.

[smartslider3 slider=1668]

Қаллеки театрының қойы­лымдарында кейінгі жылдары аға буын әртістер көп көрінбеді. Сахнадан негізгі рөлдерді орта буын және жастар сомдады. Аға буын қайтадан жарқырап көрінуі үшін бір спектакль керек болды. Осы жайт өнер ошағының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев­ты ойландырды. Ұланмырза Қарыпбаевқа ол хабарласқанда да осы мәселені қозғады. «Іздегенге – сұраған» демекші, режиссердің папкасында сондай спектакль табыла кетті.

«Күзгі іңір» – өткінші өмір туралы туынды. Мұнда жасы ұлғайған, қуанышынан мұңы басым адамдардың тағдыры кейіптеледі. Үш жесір келіншек айына бір бастаңғы жасап, отырыстарының соңында жұбайларының бейіттеріне барып, олармен сырласады. Өткен өмірлерін, қызық кешкен сәулелі шақтарын естеріне алады. Екі құрамда бұл кейіпкерлерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлбаршын Қылышбай, Күлия Қожахметова, Бақыт Исабекова, ­Айман ­Аймағамбет, Түймехан Атымтаева және Майра Омар сомдайды.

Зират басында олармен кездесетін Сэм (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Кеңес Нұрланов пен Мейрам Қайсанов) келіншектердің өміріне шуақ сыйлағандай болады. Шым-шытырық, шие­леніскен оқиға осы жерде басталады. Бір күліп, бір жылауға жетелейтін сценалар бірінен соң бірі жалғасады. Спектакльде шынайы достық та, қызғаныш та, адамдардың бір-бірін аялау сезімі де бар. Қоюшы режиссердің пікірінше, қойы­лымның идеясын Сэмнің Идаға айтатын «Сен маған керексің» сөзі айқындайды. Сыйластықтан, достықтан, махаббаттан артық сезім жоқ деп жатамыз. Спектакль осы асыл сезімдерді насихаттайды.

Сонымен қатар трагико­медия­да Сельма (Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ботагөз Мақсұтова, Түймехан Атымтаева) және Мильдрид (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зибагүл Карина, Мәдениет қайраткері Бақыт Жұмағұлова) сынды жеңілтек әйелдердің бейнелері де бар.

Ұлан Қарыпбаев – жас режиссер. Оның театрдың қазіргі трендтерінің бірі – пластикаға көп көңіл бөлетіні байқалды. Ида, Люсиль, Дористің бойжеткен күндерін, олардың марқұм жұбайларының бейнелерін елес түрінде спектакльге енгізгені дұрыс болды деп есептейміз. Бұл шешім қойылымды күшейтпесе, әлсіреткен жоқ. Қаллекидің аға буын әртістері де бір серпіліп қалды.

Мейрам Қайсановтың айтуынша, пандемия және рөлдерінің аздығы оларды қарайт­қандай жағдайда еді. Осының алдындағы «Алтайдан ауған ел» және «Күзгі іңір» өнерге қайта оралтқандай әсерін тигізді.

Бұл қойылыммен Қаллеки театры жылды түйіндеді. Осы жылы олар «Бопай ханым», «Құнанбай», «Алтайдан ауған ел» сынды тарихи туындыларды, жаңа нұсқада «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын көрермендерге ұсынды. Теа­тр
жанынан жастарға арнап құрылған шығармашылық лабораториясында Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» драмасы сахналанды. Өнер ошағы өзінің 30 жылдығын атап өтті. Келесі жылы да театрдан жақсы жаңалықтарды, жақсы қойылымдарды күтеміз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button