Қоғам

Өз өнерімізді өгейсітпейік

Таяуда «Қа­зақ елі» монументінің алдында елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған «Open Air» кон­церті өтті. «Ұлы дала бірлігі» деп аталатын концертте отандық өнерпаздарға қоса Ресей әртістері де өнер көрсетті.

Күні кеше Парламент Сена­тының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза өзінің әлеуметтік парақшасында «Елордамыздың 20 жылдығына арналған іс-ша­раларға шетел әртістерінен гөрі, отандық орындаушыларды кө­бірек қатыстыру керек» деген пікір білдірді.
Жалпы, еліміздегі мәдени ша­ра­­ларға отандық әртістерге қарағанда Ресей әншілерінің көп шақырылу себебі неде деген сауалға жауап іздеп, әлеуметтік желілерде көптеген тыңдарман түрлі пікір білдірді. 50 мыңнан астам көрермен жинал­ған ашық ас­пан астында өткен концерт 6 сағатқа созылды. Аста­на қа­ласы Мәдениет және спорт бас­қармасының төрағасы Болат Мажағұлов айтқандай, жи­нал­ғандардың басым көпшілігі Ресей әншілеріне құмартып келген жоқ екен, «Ninety one» тобын тыңдау үшін келген. Бірақ «91» тобы концерттің аяғында өнер көрсетті. Сонда қазақ әншілерін тыңдауға келген халықты 5 сағат Ресей әншілерін тыңдауға неге мәжбүрлеп отырмыз?
«Ұлы дала бірлігі», қарапайым тілмен айтқанда, татулықтың белгісі. Осылай аталатын іс-шарада неге тек Ресей жұлдыз­дары өнер көрсетуі керек? Басқа бауырлас, көрші мемлекеттер өкілдері қайда қалды? Осы орайда Мәди Манатбек, Қалқаман Сарин, Мақпал Жұмабай, Ба­уыржан Қарағыз секілді азаматтар бастаған бір топ белсенді әлеуметтік желі арқылы «Ресей әншілерін тоқтаусыз шақыра береміз бе?» деген мазмұнда са­уал тас­таған болатын. Татулықтың бел­гісі ретінде ұйымдастырылған іс-ша­раға шет елдерден өнер жұл­дыздарын шақыру қажет болса, неге Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай сынды көршілес елдерден де әртістер шақырылмайды?
Астана тұрғыны ретінде мен де еліміздің шараларына отандық жұлдыздар көптеп өнер көр­сетуі керек деп есептеймін. Ал Астананың концерттеріне өз өнерпаздарымыз қатысатын болса, оларға төленетін ақша өз елімізде қалады. Ол мемлекет қаржысын да сыртқа шашпай, өзіміздің өнер жұлдыз­дарымызды көтермелеуге сеп болар еді деп ойлаймын.

Астана сахналарынан кімді көргіңіз келеді?

Жанбота ҚАРАҚҰЛОВА, студент:

– Шетелдік әншілерді мейрам сайын емес, тек елорданың айтулы күндері шақырған дұ­рыс деп ойлай­мын. Бізге көбі­не ресейлік әншілер келетіні жасырын емес. Егер жастардың пікіріне құлақ асатын болса, алдағы Астана тойында ресейдің шоу-бизнесінде жүрген өзіміздің қазақтар Jah Khalib пен Мотты көргіміз келеді.

Әсем БАТЫРБЕК, студент:

– Биыл – елор­даның мерейлі 20 жылдығы. Осынау мерекеде көптеген іс-шара өткізілетіні белгілі. Қала күні мейрамында Қазақ елін әлемге танытып жүрген Димаш Құдайбергеновтің өнерін тамашалағым келеді.

Шынар МҰРАТҚЫЗЫ,
студент:

– Жаз маусымын «Open Air» мерекелік іс-шарасымен ашу жылдағы дәстүрге айналып келеді. Алайда үнемі баяғы келіп жүрген Ресей әншілерін шақыртады. Биыл өзгеше болса деймін. Яғни әлемдік деңгейдегі Adel, Beyonce, Rihanna секілді өнер жұлдыздарының келгенін қалаймын. Сонымен қатар, тек жастарға ғана көңіл бөлмей, қазақ эстрадасының Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Рамазан Стамғазиев секілді аға буындарын да көпшілік жылы қабылдайтыны сөзсіз.

Еркінбек ЗЕРЛЕН, студент:

– Астананың 20 жылдық мерейтойында өзіміздің эстрада жұлдыздарын көбірек көргім келеді. Шетелдік ән­шілер болса да қарсы емеспін. Өзіміздің Жанар Доғалова, Сәкен Май­ғазиев, Қайрат Нұртас, Нұрбо­лат Абдуллин, Төреғали Төреәлі сынды жас талантты әншілердің көп болғанын қалаймын.

Азамат МАХАМБЕТ, студент:

– Шетел жұл­дыздарын ша­қыру керек емес. Елорда­мыздың мей­рамы болғандықтан, Астанада тұратын, Аста­наның құрылу ба­рысында бол­­ған, Астана туралы әні бар, Астанамен құрдас, жүрегі Астана деп соқ­қан әншілеріміздің өнерін тама­шалағым келеді. Өз елімізде біз танымайтын таланттар көп қой. Ең бастысы, жаны қазақ болған өз отандастарымды көргім келеді.

Жадыра ШЫНАРБЕК, Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button