Қала мен Сала

Өзендерді ластау қашанғы жалғаса береді?

Таяуда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Сарыбұлақ өзенінің жағдайымен танысып, су айдыны экологиялық апат алдында тұрғанын атап өтті. Өзенді қайта құру жұмыстары тым созылып кеткенін айтып, шұғыл тапсырмаларды берді.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Жанболат Қайранбековтің айтуынша, Сарыбұлақ өзенінің жағдайы күрделі. Осы өзенге төрт тазарту құрылғысынан сарқынды сулар төгіледі. Соның бірін 3-ЖЭО аумағында салуын салып, иесіз қалдыр­ған. ПМК-6 аумағындағы осындай құрылғы жаңғыртылған. Бірақ оған қызмет көрсететін кәсіпорынға әлі тапсырылмаған. Құрылғының эмиссияға рұқсаты жоқ болса да, одан Сарыбұлаққа зиян келіп жатыр.
Тайбурыл мен Ағадыр көшесіндегі су айдыны қатты ластанған. Жер үйлерден шығатын барлық сарқындылар оған келіп төгіледі. «Жеке сектордағы шаруашылық-тұрмыстық сарқындылармен қоса, заңсыз қоқыс үйінділері Сарыбұлақты ластауда. Әкімдік бұл аумақты ай сайын тазалап отырса да, арада аз уақыт өткенде қайтадан қоқысқа толып кетеді. Екі тазарту құрылғысынан сарқынды сулар кіші Талдыкөлге төгілетінін анықтадық. Бұл құрылғылар жаңадан салынды. Олардың жұмыс істеп жатқанына екі жыл болды. Бірақ тиісті жұмыстарға рұқсат беретін құжаттары әлі жоқ» дейді эколог.
«Қазгидромет» кәсіпорнының мәліметінше, елордадағы Есіл және Сарыбұлақ өзендеріндегі су сапасының деңгейі сапаның төртінші санатына жатады. Есілге қаладағы жеті тазарту құрылғысынан сарқынды сулар төгіледі. Бұл төрт құрылғы «Астана су арнасы» кәсіпорнына, үшеуі «Астана Тазалық» жауапкершілігі шектеу­лі серіктестігіне тиесілі. Бұған қоса, Кенесары көшесі мен «Көктал» тұрғын алабында қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаты жоқ екі тазарту құрылғысынан да Есілге сарқынды сулар төгіліп жатыр.
Ж.Қайранбековтің мәлімдеуінше, тағы бес тазарту құрылғысы Ақбұлақ өзенін ластап жатыр.
– Сондай құрылғылардың бірі 2-ЖЭО аумағында орналасқан. Құрылғының иесі де, ешқандай рұқсат қағаздары да жоқ. «Астана Тазалық» ЖШС иелігіндегі №1 және №2 тазарту құрылғылары Ш.Құдайбердіұлы көшесі бойында орналасқан. Осы құрылғылар мен «Астана су арнасына» тиесілі сор­ғы-сүзгі стансасынан да Ақбұлақ өзеніне сарқынды сулар төгілуде. Ж.Тәшенов көшесінің басындағы жинақтаушы тоғаннан су тазартылмай, өзенге төгіледі. Неше жылдан бері осы келеңсіздікті жою туралы тоғанға жауапты қаланың Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасына хат жазып, жіберіп жатырмыз. Бірақ басқарма тарапынан еш әрекет болмай тұр, – дейді Ж.Қайранбеков.
Жалпы, елорданың Экология департаменті былтыр су айдындарына қатыс­ты бес тексеру өткізген. Соның қорытындысында анықталған заңсыздықтарды жоюға байланысты бес ескерту құжаты толтырылған. Алайда оның біреуі ғана орындалған. Төртеуі бойынша материал­дар сотқа жөнелтілген. Соттың қарауынан соң заңсыз­дыққа жол бергендерге 3,5 млн теңге сомасына айып­пұл салынды. Биыл да «Астана Тазалық» ЖШС – 17 млн теңге, ал «Астана су арнасы» кәсіпорны 70 млн теңге көлеміндегі айып­пұлға іліккен.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button