Имантаразы

Өзіңді сақта өзіңнен

Жаратушы Алла тағала Құран кәрімде: «Әй, мүминдер! …Өз-өздеріңді (бір-біріңді) өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз…» дейді («Ниса» сүресі, 29,30-шы аяттар).

Десе де, қазіргі таңда әлем бо­йынша өмірлері бір сәтте суицид­пен аяқталып жатқандар саны көбеймесе, азаяр емес. Өз өмірімен қош айтысатындардың жас ерек­шеліктері түрліше. Олардың ішінде жастар саны басым. Ең өкініштісі сол, Бүкіләлемдік денсаулық сақ­тау ұйымының (БӘДСҰ) соңғы мәліметтері бойынша 15-24 жас аралығында өзін-өзі өлтіру екі есеге артып кеткен.

Суицид зерттеушілерінің айтуынша, қазіргі жастардың өзіне қол жұмсауы өмір тәжірибелерінің болмауы, алдарына қойған мақсат­тарына жете алмауы сынды себептерге байланысты туындап жатады.

«Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар…» («Бақара» сүресі, 195-ші аят). Бұл аяттан Алла тағаланың бізге өз қолымызбен өмірімізге қауіп төндіруге тыйым салғанын білеміз. Яғни, суицид түгілі өзімізге бір зияндық жасаудан да Алла бізді тыяды.

БӘДСҰ-ның тағы бір мәліметіне сүйенсек, 2000 жылы жүргізген зерттеу нәтижесінде, бір жылдың ішінде әлем бойынша бір миллион адам өздеріне қол жұмсап, өмірлерін қиған екен. Орта есеппен алғанда, жер шарының түкпір-түкпірінде әрбір қырық секунд сайын суицид орын алады.

Суицидальді мінез-құлықтың 5 түрі бар: қарсылық білдіру, жана­шырлыққа шақыру, қайғыдан қашу, өзін-өзі жазалау, өмірден бас тарту. Суицидальді мінез-құлық көбінесе депрессия кезінде, алкагольдік так­сикомания, психопатия және аффект кезінде оянады. Бұндай жаман қадамға баруға көбінесе жеке бастың проблемалары итермелейді.

Суицидальді мінез-құлықтың өзін-өзі жазалау, өмірден бас тарту түріне қарызға батқан, біреумен ұрысып, араздасқан, ҰБТ-дан тиісті балды жинай алмаған, сүйгенінен айырылған, өмірден үміт үзген, түрлі қиыншылықтарға тап болған жандардың өз-өзіне қол жұмсауын жатқызуға болады.

Расында да, бұл фәни дүниеде қандай қиыншылықтарға тап болсақ та, қарсылық жасап, бас­қаның жана­шырлығын ояту үшін өзіңе-өзің қол салу – құп­тарлық іс емес. Өйткені, «Егер мүмин болсаңдар, Аллаға тәуекел етіңдер» деген «Мәида» сүресіндегі аят мұсылман үмітінің өшпес шырағы емес пе?!

Қайғыдан қашу үшін суицид жасау қате, күнә іс екеніне дәлел көп. Адам қанша қайғырса да, жанын күйзелтумен өткен ісін түзете алмайды. Алла берген ғұмырда уақытты дұрыс пайдалана білген жөн. Егер жүрегіңді қайғы-мұң меңдесе, сабыр етпестен Алла берген ұлы нығметтің бірі – өміріңді қиюға ешқандай құқың жоқ. Осы тұста «Рағд» сүресінің 28-ші аятын естеріңізге сала кетейік: «Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер тыныштық табады».

10 қыркүйек – бүкіләлемдік суицидпен күрес күні. БӘДСҰ-ның Қазақстан Республикасындағы зерттеулері бойынша, біздің ел әлем елдерінің қатарында суи­цид­тің орын алуы жағынан 3-ші орын­да екен. Олардың басым бөлігі – жас жеткіншектер мен әйел­дер. Мәселен, 2005 жылы 3919 Қазақстан азаматы өз-өзіне қол жұмсаған.

Әбу Хурайрадан (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.а.с) былай дейді: «Кім өз-өзін темірмен өлтірсе, ол тозақ отында мәңгі ішіне пышақ тығумен болады. Кім у ішіп өлсе, тозақ отында мәңгі у ішумен болады. Кім жарақатына (қиыншылықтарға) шыдамастан өзіне қол жұмсаса, ол тозақ иелері­нен» (Бұхари, Мүслім).
Сәбит ибн Даххак (р.а.) пайғам­барымыздың (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Мүминді лағнеттеу оны өлтіргенмен тең, кім мүминді кәпір деп айыптаса, оны өлтіргендей болады. Кім өзіне қандай бір жолмен (тәсілмен) қол жұмсаса, қияметте Алла оны дәл солай (мәңгі) азаптайды» (Бұхари, Мүслім).

Жоғарыда келтірілген деректерге қарап, бұл індеттің алдын алу шараларын пысықтай түсу қажет екенін түсінеміз. Себебі, бұл мемлекеттің ең басты байлығы – адамға төнген психологиялық қатер.

Берікбол ЖАНАҚ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button