Жаңалықтар

Пойызды аударған қисық жол ма?

«Апат айтып келмейді» деген рас екен. Ай-күннің аманында Астанадан Алматыға жол тартқан «Бәйтерек» пойызы отар және шу станцияларының арасында апатқа ұшырады.

Нәтижесінде, 829 жолаушы мінген пойыздың 8 вагоны аударылды. 14 адам ауруханаға түсті. Шойын жолдағы апаттан 12 жасар Алексей Малиневтің өмірі үзілді.

Зардап шеккен жолау шының бірі – астаналық 48 жастағы Әліби Байжанов. Оның екі аяғы сынған. Шу қаласындағы аурухана дәрігерлері Әлібидің аяғына ота жасады. Әлібидің жұбайы Айгүл Кәрімова да оқыс оқиғаның қалай болғанын айтып берді: «Біз 14-вагонда едік. Сағат түскі 1-дің кезінде пойыз теңселе бастады. Бір кезде аударылды. Терезені сындырып, сыртқа шықтық. Вагонда 18 бала бар еді. Басқа вагоннан көмекке келген әскери жігіттер бәрімізді шығарып алды. Күйеуім пойыздың тежегішінде ақау барын, соның нәтижесінде үнемі теңселе бергенін болжаған еді».

Жеңіл жарақатымен ауруханаға жеткізілген 13 жолаушыға дәрігерлік көмек көрсетіліп, барлығы үйлеріне жіберілді. Аударылған вагондар жолаушыларының бір бөлігі әрі қарай пойызға мінуден бас тартып, автокөлікті таңдады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-тың баспасөз қызметі осы оқиға бойынша тергеу жүргізілетінін хабарлады. Ал Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитетінде оқиғаның неден болғанын тексеретін арнайы комиссия құрылды. Ведомствоның мәліметінше, төтенше жағдайға машинистің жолдың қисық жерін көріп, кенеттен тежегішті басуы себеп болған.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компания сының өкілдері пойыздың вагондары 2012-2014 жылдары Тверь және Крюков вагон жасау зауытында шығарылғанын, талапқа сай технология лық тексерістен өтіп, нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес екендігін мәлімдеді. Пойыз аударылған жердегі шойын жол да жуырда тексеріліпті. Ақау байқалмаған. Сонда апатқа не себепші болды? Отарбаның тежегіші ме, әлде машинистің біліксіздігі ме? Бұл сауалдардың жауабын арнайы комиссия анықтайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button