ЖаңалықтарПрезидент пәрмені

ПОЛИЦИЯ КZ

80d194e1d3bbc652cbcdab2d98bcb4e3Тәртіп жайы тиянақталды

Кеше Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуовтің қатысуымен брифинг өтті. Басқосу «2013 жылдың негізгі оқиғалары. Құқық қорғау органдарындағы реформа» тақырыбына арналды.

Құқық бұзушылықтың алдын алу ішкі істер органдарының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов ең алдымен елімізде қақтығыстар орын алған жағдайда жедел әрекет ететін негізгі пәрменді күштеріміз – Ішкі әскер басқармасының құрылымы мен жүйесі оңтайландырылғанын жеткізді. Ішкі әскер басқармасының жүйесі – бригадалық құрылымнан өңірлік қолбасшылық жүйесіне дейін Әскери доктринаға сәй­кес­тендірілген. Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда төрт өңірлік қол­бас­шылық құрылған. Жаңа бас­қару жүйесі әскерлердің жеде­ғабыл­дығын, олардың ішкі істер­дің аумақтық органдарымен және Қарулы Күштердің бөлім­ше­ле­рімен арадағы бірлескен іс-қимыл­дарының үйлесімділігін қам­та­масыз етпек. Әсіресе, елдің ішкі қауіпсіздігіне қауіп төнген кез келген өңірдегі іс-қимылдарға қысқа мерзімде атсалысуға қабілетті ішкі әскердің жедел мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлік дайындықтарын арттыруға ерекше назар аударылуда.

 

«Нөлдік төзімділікті» қалыптастыру қажет

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қоғамда ұсақ тәртіп бұзушылыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыру жайында айтқан болатын.«Бұл құқық бұзушылыққа негізінен ұсақ бұзақылық, оның ішінде қоғамдық орындарды ластау мен онда спиртті ішімдіктер ішу, белгіленбеген орында шылым шегу, тыныштықты бұзу, сондай-ақ абаттандыру және­ жол­ қоз­ғалысы тәртібін бұзу жатады. Бұған көп жағдайда азаматтарымыздың санасының төмендігі себеп. Сондықтан да, осы аталған тәртіп бұзушылықтарды анықтауға барлық дерлік полиция қызметкерлері тартылады, оның ішінде полицияның учаскелік инспекторлары, кәмелетке толма­ғандар ісі жөніндегі инспекторлар, патрульдік-жол полициясы бөлімдері және басқалары да бар. Тек осы жылы ғана 2,3 млн-нан аса әкімшілік тәртіп бұзушылық анықталып, 1,8 млн-нан аса адам шамамен 14 млрд теңге айыппұл төледі» дейді М.Демеуов.

Сонымен қатар, басқосуда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы туралы да кеңінен айтылды. Бүгінде аталмыш орталықтар арқылы автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәліктерін және рұқсатнама құжаттарын беру секілді қызмет көрсетіліп келеді. Бүгінде мұндай мамандандырылған орталықтар Астана, Алматы, Қарағанды және Ақтау қалаларында жұмыс істейді.

Жылдың басты жаңалықтарының бірі – 1 қарашадан бастап жол полициясы мен патрульдік полициясы Әкімшілік полиция басқармасы болып бір құрылымға бірікті. Енді әмбебап полицейлер жолдарда да, көшелерде де, басқа да қоғамдық орындарда құқық тәртіптерін сақтаумен айналысады. Жол-патрульдік полициясының қызметкерлеріне арналған кеуде белгілері мен қолға тағылатын шеврондар бекітілген. Марат Демеуовтің айтуынша, қызмет киімінің жаңа үлгісі жасалуда. Барлық автокөліктердегі «Жол полициясы» және «Патрульдік полиция» деген жазулар «Жол-патрульдік полициясы» деген жазумен алмастырылып, арнаулы дыбыстық және жарық сигналдары орнатылуда. Сондай-ақ, бақылауды қамтамасыз етіп, жол қозғалысы барысындағы түйінді жағдайларды шешу үшін барлық полиция көліктеріне «GPS» жүйесі мен видеофиксаторлар орнатылмақ.

 

Мобильдік зертхананың мүмкіндігі мол

Криминалистік қызметті дамыту үшін елімізде зертханалар ашылып, сотталғандардың ДНК-сынамаларының және оқиға орындарынан алынған ДНК-биологиялық іздер мәліметтерінің базасы жасалуда. «Криминалист мамандарға өздері жүргізген зерттеулер бойынша сотта оларды айғақ ретінде қарауға мүмкіндік беретін Қылмыстық іс жүргізу кодексіне енгізілген түзетулер тексерулердің барысын жеделдетуге жол ашып беріп отыр» дейді М.Демеуов. Бірінші вице-министрдің айтуынша, Астана мен Алматыда ДНК-зертханалары бар. Енді басқа өңірлерде де осындай зертханалар ашылады. Бүгінгі таңда 16 мобильдік криминалистік зертхана, дактилокарталарды қашықтықтан енгізуге мүмкіндік беретін 120 «Папилон» мобильдік дактиолоскопиялық кешені, криминалист мамандарға арналған 100 шақты автоматтандырылған жұмыс орны сатып алынған екен.

Жиында көші-қонды бақылау жұмыстары, жол қауіпсіздігі және жаңа заң жобалары жөніндегі басқа да сауалдарға тиянақты жауап берілді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button