Басты ақпарат

Президент пәрмені

Жылу және электр энергиясының тарифі төмендеді. Жай ғана төмендеп қойған жоқ. Электр энергиясын таратушы компаниялардағы небір былық әшкере болып, кейбір лауазымды тұлғаның басы дауға қалды. Бастысы, маңызды мәселе тұрғындардың пайдасына шешілді.

Бұл істі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қолға алып, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында бағаға қатысты ымыраластыққа және сыбайлас жемқорлықпен байланысты құ­қық бұзушылыққа жол берген өкілетті мемлекеттік органдарды тексеруді тапсырды.
– Жылу мен электр энергиясына төленетін ақыны қоса алғанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық қызметтерінің шығындары халықтың жалпы шығындарының басым бөлігін құрайды. Тариф жоғары болған сайын отбасы бюджетіне түсетін салмақ та ауырлай бермек. Нақты экономикалық негіздемелерсіз тариф өспеуге тиіс. Тариф көтеру жөніндегі әрбір шешімді қабылдаған сайын, ең алдымен, халықтың төлем қабілеттілігін ескерген жөн. Энергетика министрлігі тұтынушылар төлеген әрбір тиын үшін жауап
беруі тиіс. Бұл қаражат экономикамызды дамытуға жұмсалуы қажет. Халық қаражаттың қайда және қандай мақсатқа жұмсалғанын білуі керек, – деді Президент.

Вице-министрдің былығы әшкереленді

Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың сөзінше, тозығы жеткен қондыр­ғыларды жаңарту үшін компанияларға 2009 бен 2015 жылдар аралығында тарифті екі есе көтеруге рұқсат берілген. Содан 2016 жылдан бастап электр құны қайта арзандау керек болған. Бірақ қондырғылар да жаңармай, баға да екі есеге сол күйі төмендемеген. Сонымен қатар, Бас прокурор жақында ғана Энергетика вице-министрі болып тағайындалған Анатолий Шкапураны 215 млн теңгені жымқыруға қатысы бар екенін мәлімдеді.
– Бір ғана прокурорлық тексерістің нәтижесінде
29 миллиард теңгенің шы­ғыны анықталды. Бұл дерек бойынша шенеуніктерге теріс қылық және бейқамдылық әрекеттері үшін 7 қылмыстық іс қоз­ғалды. Оның ішінде жа­қында ғана вице-министр болып тағайындалған Сарань қаласының бұрынғы әкімі Шкапура мырзаның да заңға қайшы әрекеттерге қатысы бар болып шықты. Ол Сарань қаласындағы жылуға арналған құрал-жабдықтарға 2015 жылы бөлінген қаржының қайда жұмсалғанына жа­уап беруі тиіс. Өйткені 215 миллион теңгеге 274 жылу есептеуіш құралдары орнатылғанмен, Сараньда әлі күнге дейін жылу орта­лығы қарастырылмаған. Бұл дерек бойынша қазір тергеу істері жүргізілуде, – деді ол. Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша қамауға алынған экс Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақса­лиевтің орнына өткен айда 2014 жылдың қарашасы­нан 2017 жылдың мамыр айына дейін Қарағанды облысына қарасты Сарань қаласының әкімі болып қызмет атқарған Анатолий Шкапура келген болатын.
Алайда Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұл жайлы ештеңе білмейтінін, тіпті күні кеше ғана естігенін жеткізді. Вице-министрлер Үкіметтің қаулысы бойынша тағайындалатынын тілге тиек еткен ол орынбасарының тәжірибелі адам екенін айтып, оның бұл істі дұрыс түсіндіретініне сенім білдірді.

Монополистердің сыры белгілі болды

Астана қалалық прокуратурасы «Астана-Энергия» АҚ, «Астана-РЭК» АҚ және «Астана-Тепло­транзит» АҚ, «Астана­энергосбыт» ЖШС сияқ­ты монополистер­дің жылу және электрмен қамтамасыз ету тариф­теріне тексеріс жүргізді. Нәтижесінде аталмыш ком­паниялардың табиғи монополиялар арасында бірқатар заңнаманы бұзғаны анықталған. Онымен қоса, бұл компаниялар бюджет қаржысын жөнсіз пайдаланып, инвестиция­лық бағдарламаларды жүзеге асырмаған. Мысалы, «Астанаэнергосбыт» ЖШС антимонополиялық органмен 1 кВт/сағатты 11,8 теңгеге жүзеге асыратын болып келіскен. Алайда іс жүзінде екі есе арзан бағаға сатып алып, шығындар сметасын уәкілетті орган бекіткен соманың 5 пайызынан астамын, яғни өткен жылы 474 млн теңгенің шығыны орындалмаған. Енді бұл сома тұтынушыларға өтемақы ретінде берілуі тиіс. Прокуратураның үш монополиске шығарған актісінің қорытындысы бойынша 1,2 млрд теңге сомасында электр және жылу бағаларын төмендететін уақытша өтемдік тариф енгізілді. Электр жарығы кВт/сағатына 14,59 теңгеден 13,89 теңгеге төмендеді.

«…Айыппұл төлемейміз»

Ал «Астана-РЭК» АҚ компаниясының еншісіне бұл соманың 2,82 теңгесі ғана тиесілі екен. Бұл туралы «Астана-РЭК» АҚ компаниясында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Жиында компания басшылығы өткен жылдардағы атқарған жұмыстары жайлы есеп берді. Олардың мәліметінше, «Астана-РЭК» АҚ қойған электр қуатының тарифі 2015 жылдың 1 қаңтарынан 31 наурызына дейін кВт/сағатына 2,92 теңге болса, сол жылдың 1 сәуірінен 2016 жылға дейін 2,89 теңгеге төмендепті. Ал 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2017 жылдың 31 маусымына дейін 3 теңге болып қайта қымбаттаса, бұл баға былтырғы 1 шілдеден бастап 3,06 теңгеге артқан. Осы күндерден бастап келер жылдың 1 шілдесіне дейін тариф құны 2,82 теңгеге төмендеді.
– Біздің тарапымызға қарата айтылған тәртіп бұзушылықтың болғаны рас. Прокуратураның мәлімдемесін жоққа шығара алмаймыз. Жалпы, біз квазимемлекеттік ұйымбыз. Біздегі бір ғана акционер – ол әкімдік. Сондықтан әкімдік басқармаларының балансына қарайтын, біздің компанияға тиесілі емес кейбір электр-энергетикалық жабдықтарға қызмет көрсетеміз. Бірақ ол жабдықтың бәрі біздің балансымызға әлі толық берілген жоқ. Егер ол жабдықтар жұмысын тоқ­татса, қаланың кейбір бөл­шектері жарықсыз қалуы мүмкін. Сол себепті ол орындарға біз немесе басқа компания, әйтеуір, қызмет көрсетуі тиіс. Бұл жөнінде қала әкімінің тапсырмасы бойынша жол картасы әзірленді. Енді 1 мамырға дейін Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы сол жабдықтарды біздің балансымызға өткізуі керек. Осының арқасында алдағы уақытта біздің тарапымыздан ешқандай тәртіп бұзылмайды деген сенімдеміз, – деді «Астана-РЭК» АҚ басқарма төрағасы Александр Павлов. – Біз қазір ешқандай айыппұл төлемейміз. Тарифтің төмендетілуінің өзі біз үшін жазалау болып саналады. Тек компанияда біраз уақыт бұрынғыдай кіріс болмайды. Алға қойған жоспарларымыз­дың жүзеге асуы біраз ке­шеуілдейді. Бірақ бұдан тұрғындар ешқандай зардап шекпейді. Дегенмен қала өсіп жатқандықтан, біздің қарамағымыздағы нысандар да артып келеді. Ол артқан сайын шығынымыз да көбейеді. Жалпы, біз қызмет көрсететін желілердің 36 пайызының тозығы жеткен. Алайда бұл – Қазақстан үшін жақсы көрсеткіш.

Заңсыз қаржы қалай қайтарылады?

Енді заңсыз жолмен алын­ған қаржы тұрғындарға қайтарылуы мүмкін. Бірақ қолма-қол ақшалай емес. Тек келесі төлемдерден шегерілетін көрінеді.
– Қазан айының көрсеткіші қарашада төленетіні белгілі. Сондықтан өткен айдың төлемі электр энергиясының тарифі қымбаттамай тұрғандағы бастапқы бағамен есептеледі. Қыркүйек айындағы көтерілген тариф бойынша қайта есептеу жүргізілді. Коммуналдық төлем туралы түбіртекте әрбір тұрғынға артық алынған қаржы қайтарылады. Яғ­ни жалпы коммуналдық төлемнен шегеріледі. Егер тұрғындар өткен айлардағы электр энергиясын қаншалықты пайдаланғанын қайтадан есептеткісі келсе, электр энергиямен қамтамасыз етіп отырған мекемеге құжаттарын апарып, өтініш жазуы керек. Немесе Астана қаласы бойынша 91-88-88 және
91-83-33 нөмірлеріне қо­ңырау шалып, абонент нөмірін айтса болғаны. Қызметкерлер мән-жайды толығымен түсіндіріп береді, – дейді «Астана­энергосбыт» ЖШС баспасөз хатшысы Эльмира Құсайынова.
Бірақ жылу үшін қайта есептеу қарастырылмайды екен. Өйткені Астанадағы көп қабатты тұрғын үйлер жылу беру жү­йесіне 4 қазаннан бастап қосылған. Биылғы қыркү­йектен бастап жылудың да тарифі алдыңғы айға қарағанда біршама төмендеген. Осыған дейін жылу тарифі Гкалына 3016,52 теңге болса, қазір бұл сан 2842,99 теңгеге азайды.
Егер әр айдың 25-іне дейін коммуналдық төлем жасалмаса, кешіктірілген күндерге 0,1 пайыз кө­лемінде үстемеақы қосы­лады. Бірақ үйде ұзақ уа­қыт болмаған жағдайда, коммуналдық қызмет үшін ақша төлеудің қажеті болмайды екен. Мысалы, үйде үш айдан аса болмасаңыз, энергиямен жабдықтаушы ұйымға сапарға шығатыныңыз жөнінде өтініш қалдырып, сол уақытқа дейін тұтынған электр және жылу энергиясы үшін есептесуіңіз қажет. Егер олай істемеген жағдайда, борышкерлер тізіміне ілігесіз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button