Басты ақпарат

Қаллеки театрында – «Кабаре жұлдызы»

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ХХVІІІ маусымы «Кабаре жұлдызы» музыкалық комедиясының премьерасымен жабылды. Спектакльді әлемге әйгілі Венгрия композиторы Имре Кальманның «Сильва» опереттасы негізінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов сахналады. Қазақ тіліне аударған – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Есім Сегізбаев. Музыканы өңдеген – Қазақстанның халық әртісі Хорлан Қалиламбекова.

Аталмыш туынды алғаш рет «Чардаш ханшайымы» атауымен осыдан бір ғасыр бұрын Вена қаласында көрерменге жол тартты. Одан кейін әлемді шарлап кетті. Шығарма желісімен бірнеше мәрте көркем фильмдер түсірілді. Ал Қаллеки театрын бұл оперетта несімен қызықтырды? «Музыкалық драма театры болғандықтан осындай жанрдағы шығармаларды сахналау – міндетіміз. Иоганн Штраус­тың «Жарғанат» опереттасын «Жұбайлар жұмбағы» атауымен қойғанымызда да жеті-сегіз жыл болып кетті. Содан бері театрда буын алмасу жүріп, жас актерлер келді. Солардың мүмкіндігін ашатын музыкалық шығарманы іздедік. Бастысы оркестріміз бар, хорымыз бар, басқа да қажетті мамандарымыз жеткілікті. Содан соң «Сильваға» тоқтадық. Бұл әлем мойындаған, адамның жан дүние­сін тебірентетін, актерлік және әншілік шеберлікті талап ететін туынды ғой. Осы тұрғыдан алғанда, «Кабаре жұлдызы» бір жағынан жас актерлерімізге сынақ болды. Ол сынақтан жастарымыз абыроймен өтті деп ойлаймын» дейді бұл туралы Н.Жұманиязов.


Кабаре әншісі Сильва (Гау­һар Жүсіпова) және ақсү­йектер тұқымынан шыққан Эдвин (Жасұлан Ерболат) арасындағы махаббаттан сыр шертетін туындыда екеуінің қосылуына әлеуметтік теңсіздік кедергі болады. Эдвиннің әкесі Леопольд (Дастан Әлімов) ұлының қайдағы жоқ әншіні жар етіп алуына үзілді-кесілді қарсы. Ол баласына Стассиді (Айшолпан Ыбыраева) қолай көреді. Бірақ Эдвин махаббатынан бас тартпайды. Стассиге болса граф Бони (Шах-Мұрат Ордабаев) ғашық болып қалады. Кабаре қызметкері Ферри (Асылбек Қапаев) оларға осы сахнада баяғыда жарқыраған Чардаш ханшайымы туралы әңгіме айтып береді. Сөйтсе, ол – басқа ешкім емес Эдвиннің анасы Ангильда (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек). Леопольд ол жағынан мүлде хабарсыз екен. Жары да кабаре әншісі болғанын білген ол Эдвинге Сильвамен қосылуға рұқсат береді.
Осылайша қуанышты нотада аяқталатын опереттада театр хормейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашевтің, хореограф Салтанат Жолымбаеваның, концертмейстер Татьяна Развинаның, қоюшы-суретші – Қазақстанның мәдениет қайраткері Қанат Мақсұтовтың еңбектерін атап өту керек.
Қаллеки театрының директоры Айболат Сексенбаевтың айтуынша, маусым жабылғанымен, театр ұжымы алдағы дүйсенбі күні елордада басталатын «Самғау» VІІ халықаралық театр фестиваліне «Ләйлі-Мәжнүн» спектаклімен қатысады. Одан кейін Орынбор қаласына «Гостинный двор» фестиваліне «Отелло» драмасымен аттанады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button