Басты ақпаратҚала тіршілігі

ҚАРСЫ АЛҒАН МЕРЕКЕНІ ТАБЫСПЕН БЕРЕКЕЛІ

Астана басшылығының елорда күні қарсаңында мекемелердің жұмысына баға беріп, үздігін анықтайтыны бар. Дәстүрден жаңылмай биыл да жалғасын тапты бұл үрдіс. Елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов қала активінің алдында мерекеден мерекеге дейін берекелі жұмыс істеген мекемелердің ішінен ең үздігін анықтап, салтанатты жағдайда құттықтады.

– Астана күні – бар қазақтың ортақ мерекесі. Десек те, қаланың суығына тоңып, ыстығына күйіп, күнделікті күйбең тіршілігіне араласып жүрген сіздер үшін бұл мейрамның орны да, орайы да бөлек. Себебі, сіздер еселі елорданың еңсесінің көтерілуіне, ХХІ ғасырдың шаһарына айналуына маңдай терін төгіп жүрген азаматтардың бірісіздер, – деді Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов қала активін құттықтау кезінде.

Қалалық мекемелер мен кәсіпорындардың жыл он екі ай істеген жұмысына баға беріп, көп ішінен бірлі-екісін ғана «үздік» деп тану оңай шаруа емес. Себебі, елорданың қай мекемесін алсақ та жүйелі жұмыс істеп жатыр. «Илегендері – бір терінің пұшпағы». Елбасы мен елдің елорданы дамыту мақсатында алға қойып отырған міндеттері мен тапсырмаларын мүлтіксіз орындау.

Жалпы, үздік мемлекеттік мекеме мен кәсіпорынның жұмысы 10 негізгі өлшем бойынша бағаланды. Ол даму жоспарынан басталып, бюджеттік қаражаттың игерілуімен аяқталады. Ең бастысы, жұмыстың сапалы нәтижесіне баса мән берілді. Бұған қоса, қала басшылығы мықтыларды анықтауда тұрғындар пікіріне де құлақ асты. Астана қаласының ресми сайтына кіріп, қалалықтар қалаған мекемеге өз дауысын берді. Оған қоса, әкімдік сайтына елордалықтардан келіп түсетін өтініш хаттар да назарға алынды. Сонымен, үздіктерге келсек, кәсіпорындардың ішінен «Астана-Тазалық» ЖШС мен «Астана-Көгалдандыруқұрылысы» АҚ ұжымы үздік атанды. Күндіз-түні бір тынбай, шаһар тазалығы үшін еңбек етіп жүрген мекемелер бұл марапат-мадаққа лайық. Бас қаланың көшелерін сап түзеген сарбаздайағаштары мен ұзатылатын қыздың жасауындай қызылды-жасылды гүлдерін күтіп-баптаумен айналысатын бағбандардың бұл жеңісі – еңбегінің жемісі. Тек биылдың өзінде «Астана-Көгалдандыруқұрылысы» АҚ қала аумағында 40 мың ағаш отырғызуды діттеп отыр. Бұған қоса, 8 миллион түптен астам гүл егілді.

Биылғы байқау бірнеше өзгерістерге толы болды. Әдетте, «үздік» атау тек бір ғана мекемеге берілетін. Биыл бірден үш мемлекеттік орган жеңімпаз атанды. Олар – Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мен Ішкі саясат басқармасы.

– Биылғы Президент Әкімшілігінің берген бағасы бойынша Астана тұңғыш рет стратегиялық жоспарлаудан республикада бірінші көрсеткішке қол жеткізді. Бұл – Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жетістігі. Даму бағдарламасының нәтижелі орындалуы дұрыс жоспарлауға байланысты. Біздің барлық практикалық жұмысымыз осы басқармада басталады. Сондықтан біздің жұмыстың нәтижелігі олардың кәсіби деңгейіне, экономикалық перспективаны қаншалықты көре алатындығына тәуелді, – деді әкім.

Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы онлайн-дауыс беру нәтижесінде ең көп дауыс жинаған. Әрі 2011 жылғы бюджетті 100 пайызға игеріп, табысты нәтижеге қол жеткізді. Айтқандай-ақ, біздегі жаңа спорт нысандарының санында шек жоқ. Өткен жылы басқарма 43 халықаралық іс-шара өткізді. Биыл Лондондағы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын жерлестеріміздің арасында 15 спортшыдан құралған Астана командасы бар. Бұл – республика бойынша екінші көрсеткіш.

Кезек Ішкі саясат басқармасына келгенде әкім: «Қазіргі таңда әкімдіктер күнделікті шаруашылық қызметтерінен басқа идеологиялық, түсіндірушілік және ақпараттық жұмыстарға көп көңіл бөледі. Жастар саясаты да – өте өзекті тақырып. Өткен жылы басқарма көптеген маңызды, ірі іс-шаралар өткізді, мекеме ұжымы оған елеулі үлес қосты. Ішкі саясат басқармасының жұмысы – болашаққа инвестиция, оның нәтижелерін 10-15 жылдан кейін көруге болады. Біздің қоғамның, мемлекеттің болашағы елдің стратегиялық даму міндеттеріне сәйкес басқарма қаншалықты өз жұмысына жауапты қарайтынына байланысты» деді.

Байқаудың тағы бір жаңалығына келсек, биыл ≪үздік аудан≫ аталымы болмады. Бұл ретте әкім аудан әкімдіктерінің атқарып жатқан жұмыстары көп екенін, сол сияқты орындалуға тиісті шаруаның да шаш-етектен екенін айтты.

 Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button