Әлеумет

Қаржы саласының үздігі еді

Дана халқымыз «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» деп өсиет қалдырған. Бұл мақалдың мағынасына терең үңілсек, ел үшін аянбай тер төккен жанның халықтың ықыласына бөленетінін ұғынамыз. Бүгінгі біздің кейіпкер – осы мақалға лайық, халқының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан азамат.

Ұзақбай Әзілханұлы Әміров отыз жылдан астам уақытын өзінің сүйікті ісі – салық саласына арнады. Әр саланың кәсіби маманы болу үшін іс жүргізудің ұңғыл-шұңғылын білу жеткіліксіз. Білімді әрдайым жетілдіріп, ізденісте болу қажет. Әріптес ағамыз – Ұзақбай Әміров мұны жетік ұғынған жан. Сондықтан шығар, өмір бойы білімге, үйренуге құштар болатын.
Ол 1970 жылы Алматы халық шаруашылық институтында «Еңбек экономикасы» мамандығы бойынша білім алып, оқуды аяқтағаннан кейін Қызылордаға оралды. Туған жердің топырағында мол тәжірибе жинап, тірліктің көзін табудың тәсілдерін жетік меңгерген-ді. Кейінірек Қазақ КСР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер басқармасында аға инспектор болып қызметке орналасып, осы салада 30 жылдан астам уақыт тер төгіпті. Жаңашылдыққа, үйренуге құмар азамат осы мерзім аралығында салық инспекторынан бастап Қаржы министрлігі салық комитетінде түрлі лауазымды қызметтерді атқарды.
Ұзақбай Әміровтің төккен тері текке кеткен жоқ. Онымен бірге қызмет атқарғандардың бәрі Ұзекеңнің салық саласындағы үздік мамандардың бірі болғанын айтады. Бейнеттің зейнетін көрген жақсы. Бұл тұрғыда Ұзақбай Әзілханұлының ауыз толтырып айтар жетістігі жетерлік. Ол бірнеше рет Қаржы министрлігінің награ­даларымен марапатталды. Сондай-ақ «Салық саласының үздігі», «Қаржы қызметінің үздігі» атағын иеленіп, Қаржы министрінің сыйлығы бұйырды. Ұзекең талай мәрте мерейтойлық медальдар да алды.
Салық саласында тер төккен айбоз азамат Ұзақбай Әзілханұлы үш жыл бұрын ақтық сапарға аттанды. 10 қыркүйек – аяулы ағаның туған күні. Егер Ұзекең тірі болғанда 70 жасқа толатын еді. Жақсының аты өлмейді. Қаржы саласында өлшеусіз еңбек еткен азамат жұртшылық есінде.

 

Олжас ОТАР,
Мемлекеттік кірістер
комитетінің бас сарапшысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button