ЖаңалықтарҚала тіршілігі

ҚАТАЛ ҚЫС ҚАПЫ ҚАЛДЫРМАC

Бейсенбі күні Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов қала тіршілігін қамтамасыз етіп отырған бірқатар стратегиялық маңызды нысандарды аралады. Олардың қатарында сору стансасы, «1-ЖЭО» мен «2-ЖЭО», «Астана РЭК» кәсіпорындарында болды. Сондай-ақ, шаһар басшысы 2011-2020 жылдарға арналған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының елордада орындалу барысымен танысып, осы бағдарлама себімен жөнделген үйді барып көрді.

Қалаға жылу мен электр қуатын тарататын кәсіпорындардың қыс мезгіліне әзірлігі қандай? Осыны анықтауды басты мақсаты етіп алған Иманғали Нұрғалиұлы алдымен «Астана-Жылутранзит» АҚ басқарма төрағасы Айтмұқан Жұмабаевтың есебін тыңдады.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, жылыту маусымына дайындық кезінде біраз жұмыстар атқарылған. Атап айтсақ, биыл шаһардағы жылу тарату желілерінің 31 шақырымы жаңартылып, көп пәтерлі тұрғын үйлерге жылу есептегіш құралдарын орнату ісі толығымен аяқталған. Олардың жалпы саны 969-ға жетсе, 569-ы осы жылдың еншісіне тиесілі. Осының арқасында жүйе жұмысын автоматты жағдайда бақылау мүм­кіндігі туды.

Бірнеше жыл көлемінде 2-ЖЭО-ны кеңейту және жаңғыр­ту жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде №7 және №8 қазан­дық­тарын, №5 пен №6 турбина­лар­ды орнату қолға алынған. Бұл үдеріске «Центрказэнергомонтаж» компаниясы бас мердігер болып қатысуда. Аталған қазан­дықтар мен турбиналар 2016 жылы іске қосылуы тиіс.

Орталық алдағы қыс мезгіліне нендей қам жасады дегенге келсек, бұл жөнінде: «Бүгінгі күнге жылыту маусымына толықтай әзірміз. Жөндеу жұмыстарының барлығын аяқтадық. Аудандық қазандықтарымыз артық жүк­темелерге шыдас береді. Жүк­темелер әзірге жаз бойы жұмыс істеген 2-ЖЭО-ға түсіп тұр. Жақын күндері 1-ЖЭО-ның энергетикалық бөлігін іске қо­самыз. 2-ЖЭО-да дайын­далған 225 тонна көмір қоры біз жағуды жоспарлағанынан 30 пайызға көп болса, 1-ЖЭО-да, тіпті, екі еседен артық» деді «Астана-Энергия» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Олег Уткин. Оған сенсек, күтпеген жағ­дайлар орын алатын болса, мәселен, негізгі жабдықтар істен шықса, оларды ауыстыра  қоятын қосалқы бөлшектер мен құрылғылар сақадай сай тұр.

Пайдалануға берілгеніне елу үш жылдың жүзі болған 1-ЖЭО-да әбден ескірген жабдықтар ауыстырылуда. Оны жаңғырту жұмыстары қалаға қосымша жылу энергиясын таратуға мүмкіндік береді. Аталған іске республикалық бюджеттен 22,7 млрд теңге бөлу қарастырылған. Қазірдің өзінде ескі жабдықтарды жаңарту жұмыстары өз жемісін беруде. Мәселен, жаңадан орнатылған №5 қазандық жақын күндері іске қосылғанда қалаға қосымша 35 гигокалория жылу энергия­сы келеді. Келесі жылы №7 қазандық пайдалануға берілмек. Одан кейінгі кезекте №6 қазандық тұр. Жаңғырту жұмыстары 2017 жылы аяқталғанда, мазут жағу үш есеге азаяды, шаһарға қосымша берілетін жылу энергиясы едәуір өседі, жабдықтар жаңа болғаннан кейін оларға деген сенім де күшейеді. Осындай ақпаратпен кәсіпорын директоры Юрий Утюжников бөлісті.

СҮБЕЛІ СӨЗ

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, Астана қаласының әкімі:

– Астананың қысы қатал келетінін өздеріңіз білесіздер. Сондықтан, кейбір күтпеген жағдайлар орын алуы мүмкін. Жыл сайын алаңдайтын жағ­дайлар туындайтыны да жасырын емес. Бірақ, 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-да техникалық жағынан сауатты мамандар жұмыс істейтіндіктен, мұндай жағдайлар қала халқына сезілмей қалып жатады. Шаһар жылдан-жылға өсіп келеді. Сол себептен жылу мен электр қуа­тын өндіруді арттыруымыз керек. Үкіметтің, Елбасының бізге көрсетіп жатқан көмегінің арқасында оны іске асырудамыз. 3-ЖЭО-ның құрылысын қолға алдық. Жалпы, қалаға жылу мен электр қуатын таратушы ұжым­дар біз алдарына қойып отырған міндеттерді мүлтіксіз атқаруда. Ол үшін оларға алғыстан басқа айтарым жоқ.    

«Астана РЭК» ұйымында да айтарлықтай жағымды жаңалықтар бар. Астанада құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқандықтан, электр қуатының тапшылығы, әсіресе, сол жағалауда сезіліп тұратын. Биыл іске қосылған «Шұбар» аралық стансасы бұл қажеттілікті өтеп отыр. Қалаға қосымша энергия келе бастады. Соның ішінде Министрліктер үйі, Үкімет үйі сынды ғимараттарға. Бұл станса Сулы-нулы желек жолы аумағын, жалпы алғанда тұтастай Есіл ауданын электр қуатымен қамтамасыз етуге қауқарлы. Көлік­терге орнатылған «Simens» фир­ма­сының жылжымалы зертханасы да энергетиктерге желілерде сынақ жұмыстарын жүргізуге, ақаулықтарды жедел анықтауға мүмкіндік берді.

Жақында газетімізге Мирзоян көшесінің 19-мекенжайында ор­наласқан көп пәтерлі тұрғын үй 2011-2020 жылдарға арналған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына еніп, жөндеуден өткенін жазған едік. Жөндеу қорытындысымен қала басшысы да танысты. 1984 жылы салынған бұл үйдің шатыры мен қасбеті, жертөлесі, пәтерлерге кіре беріс алаңдары жөнделді. Инженерлік желілері ауыстырылып, автоматты жылу беру пункті орнатылды. Бағдарламаның ел игілігіне жарап жатқанын атап өткен Иманғали Тасмағамбетов қалалық Тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Талғат Рысбековтен атқарылған жұмыстар мен алдағы іс жоспарлары жайын сұрап білді.

Нысандарды аралау қоры­тын­дысында Иманғали Нұрғалиұлы шаһардың жылыту маусымына да­йындығына жақсы баға берді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button