Басты ақпаратЖаңалықтар

Қатысушы елдердің қатары КӨП

268ce82cde0de6642cf898330995a709

Кеше «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға тілек білдірген елдерден өтініш қабылдау мерзімі аяқталды. Сонымен, елорда төрінде өтетін айтулы шараға 115 мемлекет пен 20 халық­аралық ұйым қатысатын болды. Ал 82 елдің ұлттық күні белгіленді.

«ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылуына тура 72 күн қалды. Бүгінде ұйымдастыру жұмыстары аяқталған. Шетелдік қатысушылардың алды өз павильондарын жасақтауға кірісіп кетті.
– «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне нақты 115 ел қатысатын болды. Олардың көбі көрме аумағында орналасқан павильондарда дайындық жұмыстарын жүргізуде. Еліміз көрмеге қатысатын мемлекет пен ұйымдар саны жөнінен рекордтық көрсеткішке жетті. Мұны Халықаралық көрме бюросы да растады, – дейді «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы Коммерциялық департаменті директорының орынбасары Илья Оразақов.
Қазақстан осылайша көрмеге қатысушы елдердің саны жағынан алғашқы үштікке енбекші. Кезінде өздері ұйымдастырған көрмеге 140 елді қатыстырған Португалия көш бастаса, одан кейінгі орынды 121 елдің басын қосқан Қытай иеленген екен.
Жалпы, қатысушы елдерге көрме аумағынан павильондар үлестіру арнаулы келісімшарт бойынша тегін жүргізілуде. Бірақ, жабдықтау жұмыстарына кеткен шығынды қатысушы ел өздері көтереді. Бұйыртса, сәуір айының соңына дейін павильондарды жабдықтау жұмыстары түгел аяқталады.
«Қазіргі уақытта халықаралық ұйымдар ғана көрмеге қатысуға өтініш бере алады. Алдағы жұмыстардың негізі бағыты – экспозицияларға назар аудару. Әрбір мемлекет көрме қонақтарына өздерінің инновациялық өнімдері мен мәдениетін ұсынады. Көрмеге ұсынатын жобаларына да талап қоямыз» деп түйіндеді Илья Оразақов.

Гүлмира
АЙМАҒАНБЕТ,
«Астана ақшамы»

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button