Жаңалықтар

Қазақ руханиятына қосылған олжа

Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі қаламгер Зейнолла Сәніктің 15 томдығы мен оның жары ақын, ұстаз Шәмшібану Хамзақызының 2 томдық кітабының таныстырылымы болды.

Шетелдегі қазақ әдебиеті мен тарихының көрнекті өкілдерінің қаламынан туған шығармалардың ұлт руханиятының тұтастануына қосқан үлесі мол. Сондай қабырғалы жазушының бірі – Зейнолла Сәнік. Бұл кісі Қытайдың Тарбағатай аймағында өмірге келген. Пекин қаласындағы орталық жас­тар инс­титутын тәмамдап, еңбек жолын баспагерліктен бастаған. Үрімжідегі жастар баспасында жауапты редактор болып қырық жылдай қызмет атқарды. 1955 жылдан бастап әдеби зерттеу жұмыстарын жаза бастаған. Осы кезде Қытайда жүргізілген «мәдени төңкерістің» зардабын тартып, ауыр күндерді бастан кешті. Суреткердің 20-дан астам кітабы жарық көрген. Атамекенге оралғаннан кейін де қолынан қаламы түспей, «Қаракерей Қа­банбай», «Хас батыр Қабанбай», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр», «Халық күйшісі Қайрақбай», «Бас­пай» атты іргелі туындылар жазды.
Жазушының жары Шәмшібану Хамзақызы да өлеңді қасиет тұтқан ақын. Бүгінге дейін шайырдың жеті жыр жинағы, төрт зерттеу кітабы шыққан.
Шара барысында академиктер Сейіт Қасқабасов, Дихан Қам­забекұлы, профессор­лар Серік Негимов, Құныпия Алпысбаев, Дүкен Мәсімханұлы, Жамбыл Артықбаев секілді азаматтар сөз алып, оқырманға жол тартқан көп томдықтың қыры мен сыры жайында сөз өрбітіп, оның қазақ руханиятына қосылған мол олжа екендігін айтты.

Сұлтан СЕЙІТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button