Қала тіршілігіМәдениет

ҚОБЫЗҒА ҚҰМАР КРАУЗЕ

Кобызшы Розамари2Жақында М.Өтемісов атындағы оқушылар сарайында 1 мамыр – халық бірлігі мерекесіне орай №1 Балалар музыка мектебінің «Аяулы Астанам» атты жылдық есеп беру концерті өтті. Кештің шымылдығын ұлт аспаптар оркестрі К.Күмісбековтің «Музыкалық эскиздерімен» ашты.

Тартымды өткен шара көрермен көңілінен шықты. Әсіресе, күйші Раушан Оразбаеваның жетек­ші­лігімен орындалған Қорқыт күйлері концерттің салмағын арттырды. Әсіресе, сонау Германиядан келген Розамари Краузе ханымның қылқобызда ойнау шеберлігі көп­шілікті таң қалдырды.

Германияның Ерланген қаласында тұратын Розамари Краузенің негізгі мамандығы – дәрігер. Өзінің айтуынша, сезім қылын шертер музыка іздеп, ғаламторды шарлаған екен алғашында. Алдымен, мысырлықтардың бір аспабына кезігіп, соны тауып үйренеді. Іле-шала бұл аспаптың дыбысы оған ұнамай қалады. Содан кейін түрік елінің сырнайын тауып, оны да ойнап көреді. Бірде интернет сайттарын ақтара отырып, айрықша музыканы құлағы шалады. Осы аспапты іздей келе, Қытай елінің Үрімші қаласында тұратын ұйғыр шебері жасаған қылқобыз екенін біледі. Көп ұзатпай әлгі шеберге тапсырыс беріп, үш ай дегенде қылқобызды қолына түсіреді. Алайда, оның тілін ұғыну қиынға соғады.

Осындай күндердің бірінде қазақ қобызшысы Раушан Ораз­баева­ның Австрия елі­нің Грац қала­сында жеке концертін бере­тінін естіп, іздеп барады.
Содан бастап Роза­мари Раушанның шәкір­тіне айна­лады. Австрияда басталған дәріс Герма­­нияда жалға­сыпты. Өткен жылы Алматы қаласына арнайы іздеп келіп, екі апта бойы қылқобыз тартуды тағы үйренеді. Міне, неміс қызы жуыр­да ғана өткен №1 Балалар музыка мек­тебінің есеп беру концертіне келіп өнер көрсетті.

«Екі жыл бұрын Австрияның Грац қаласында қызым Тоқжан екеуіміз қобыз күйлерінен концерт бердік. Концерттен соң қасымызға Розамари келіп, қобыз аспабына құштарлығын, тартқысы келетінін айтты. Мен, әрине, бетін қаққан жоқпын. Себебі, қобыздың үні, расында, адамның жүрегін емдейді, сезімін тербейді.

Жыл сайын Германия мен Австрия мемлекеттерінде концерт беремін. Халық мені асыға күтеді. Міне, Розамариге де дәм-тұз бұйы­рып, Астанаға жол түсті. Ол менің «Аққу» атты шығармашылық кон­цертіме арнайы келіп, үлесін қосты. Шәкірттерімнен тұратын ансамбльге қатысып, Қорқыттың күйлерін орындады» дейді №1 Балалар музыка мектебінің ұстазы, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Раушан Оразбаева.

Оспан СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ,
«Музыка – шексіз әлем» қауымдастығының президенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button