Қала мен Сала

Қоршаған ортаны қорғауда не кемшілік?

Елордада жасыл желектерді отырғызу, күтіп ұстау және қорғау жөніндегі іс-шаралардың жүзеге асырылу тиімділігі төмен. Сондай-ақ экономикалық тұрақтылық пен төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде бюджет қаражатын тиімді пайдалануда да қателіктер бар. Осы бағытта жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының қызметінде жүйелі кемшіліктер анықталды.

Аталған басқарма қаланы көгалдандыру ісінде жасыл желектерді күтіп ұстау қағидаларын жүйелі түрде бұзып, көгалдандырылған аумақтарды дамытуды дендрологиялық жоспарсыз іске асырған және жасыл желектердің тізілімін жүргізбеген. Бұл туралы мемлекеттік аудитті жүргізген Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы мәлімдеді. Жоғарыда айтылған құжаттардың болмауынан 2 898 612,5 теңге көлемінде бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған. Жасыл желектердің тізілімін жүргізбеу, сондай-ақ олардың саны, түрлері, жай-күйі және басқа да сипаттамалары бойынша нақты ақпараттардың болмауы көгалдандыруға байланысты операцияларды көрсету кезінде бухгалтерлік есепте 7 797 998,2 теңгеге дейін ауытқуларға алып келді.
– Қаланы көгалдандыру жұмыстары агротехникалық шаралар мен фитосанитарлық тексерулерді сақтамай жүргізіледі. Сондай кемшіліктердің бірі жалпы сомасы 20 610,5 теңгеге көпжылдық жасыл желектер түріндегі мемлекеттік активтерді тиімді пайдаланбау болып отыр. Көгалдандыру жұмыстарының басым бөлігі жойылған жасыл желектердің орнына өтем ретіндегі ағаш отырғызу арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте де тиісті деңгейде бақылау мен жоспарлау жоқ. Соның салдарынан 9 708 жасыл желек өтем ретінде отырғызылмаған. Одан басқа, жалпы саны 41 642 түп ағаш, 9 576 түп бұта, сондай-ақ ­12155 қума метр шарбақ тамыр жаймай, кеуіп қалған, содан кейін оларды қайта отыр­ғызу жұмыстары жүргізілмеген және екі жыл ішінде тиісті күтім жасалмаған, – дейді Тексеру комиссиясының мүшесі Егор Лебо.
Экономикалық тұрақтылықты және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру жоспары бойынша жұмыс орындарын құруда кемшіліктер болған. Биыл 1 тамыз­дағы жағдай бойынша мәліметтерге сәйкес жаңадан құрылған жұмыс орындарының нақты саны – 426, ал ол жоспар бойынша 863 болу керек. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналас­тырылғандар – 138, өз бетінше жұмысқа орналастырылғандар – 288 адам.
Аудит қорытындысында жалпы сомасы 7911 144,9 теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталып, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау сомасы 3 075 174,9 теңгені құрады. Сонымен қатар 22 жүйелік және 93 рәсімдік бұзушылық тіркелді. Жекелеген фактілер бойынша материалдар әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға, 1 факті бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасына жіберілді. Анықталған кемшіліктерді жою үшін Тексеру комиссиясы тапсырмалар мен ұсынымдар әзірлеп, аудит объектілеріне жолдады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button