Қоғам

Қос бағытқа жол ашқан

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тікелей жетекшілігімен 2007 жылы елордада шаңырақ көтерген Астана медресесі – ­республикаға танымал білім ордаларының бірі. Алғаш ашылғанда, Елбасы Н.Назарбаевтың өзі лентасын қиған бұл білім ордасы қазірге дейін діни бағытта 300-ден астам шәкірт тәрбиеледі.

[smartslider3 slider=1100]

2019 жылдың соңында жаңа ғимаратқа көшкен оқу орнының атауы Астана медресе колледжі болып өзгерді. Содан бастап діни тәлім-тәрбие негіздерін ұлттық ұстанымдармен сабақтастырып үйрететін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымына айналды. Елімізде мұндай бағытта білім беретін 9 оқу орны бар. Астана медресе колледжі солардың арасындағы республикалық мәртебеге ие оқу орны саналады. Бүгінгі таңда 140-қа жуық шәкірт білім алатын бұл оқу ордасында діни негіздегі мағлұматтарды дұрыс түсіндіретін арнайы пәндермен қатар, жалпыға міндетті оқу пәндері, гуманитарлық, әлеу­меттік-экономикалық және жалпы кәсіптік пәндер де қоса оқытылады. Оқытылатын барлық оқулықтар мен әдебиеттер, оқу жоспары мен бағдарламасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан қадағаланып, бекітілген. Яғни ханафи мазхабының ұстанымдарымен толық сәйкес келеді.
Ислам ғылымы, білімі мен мәдениетіне тәрбиелейтін оқу орны исламтану, теология, хадистану, араб тілі мұғалімі сынды мамандықтар бойынша 2 жыл 10 ай білім береді. Бұрын басқа оқу орындарында білім алған, бірақ ислам мәдениетімен танысу мақсатында келетін шәкірттердің жағдайын ескере отырып, оларды қысқартылған бағдарламамен оқыту мүмкіндігі де қарастырылған. Бос уақытында келіп тәлім-тәрбие алам деген астаналық балаларға да оқу орнының есігі ұдайы ашық. Олар үшін жаздық демалыс кезінде екі апталық «Құран әліпбиін тану» курсы да жұмыс жасайды.
– Біздің оқу орнымыздың барлық шарт-жағдайы толық. 4 қабатты ғимараттың аумағы 2500 шаршы метрді құрайды. Онда кітапхана, спорт зал, асхана, жуыну бөлмелері – бәрі бар. Тамақ, жатақ тегін. Шәкірттердің алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған. Шәкірттер әр жылы маусым мен тамыз айының аралығында емтихан арқылы қабылданады. Бізге оқуға түскен түлектердің діни тәлім-тәрбие мен кәсіптік бағыт бойынша білім алуларына толық мүмкіндіктері қарастырылған, – дейді аталған оқу орнының басшысы Бақтыбай Қыдырбайұлы.
Бақтыбай Қыдырбайұлы Астана медресе колледжі шетелдегі атақты оқу орындарымен тығыз байланыста екенін, түлектер колледжді бітіргеннен кейін сол оқу орындарында білім алуына мүмкіндік бар екенін де айрықша атап өтті. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шетелдің танымал оқу орындарымен жасасқан келісімшарттары бар. Мәселен, Түркияның дін мамандарын даярлайтын жоғары оқу орны – «Хасеки» академия­сы, әлемдегі тарихы ең ұзақ оқу орны – Мысыр елінің «әл-Әзһар» университеті сынды оқу орындарымен тығыз байланыс­тамыз. Біздің оқу орнымызды тәмамдаған түлектердің осы білім ордаларында оқуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы зор мүмкіндік жасап отыр. Сонымен қатар оқу орнымызда шетелдік мамандар да ұсыныспен келіп сабақ береді. Бұл да біздің оқу орнымыздың білім сапасын көтеруге көп пайдасын тигізді» деді ол.

Ислам ғылымы, білімі мен мәдениетіне тәрбиелейтін оқу орны исламтану, теология, хадистану, араб тілі мұғалімі сынды мамандықтар бойынша 2 жыл 10 ай білім береді. Бұрын басқа оқу орындарында білім алған, бірақ ислам мәдениетімен танысу мақсатында келетін шәкірттердің жағ­дайын ескере отырып, оларды қысқартылған бағдарламамен оқыту мүмкіндігі де қарастырылған

Астана медресе колледжінің өркендеуіне қала әкімдігі де үлкен қолдау көрсетіп келе жатқанын айрықша атап өткен жөн. Қала әкімі Алтай Көлгінов оқу орнына арнайы барып, ондағы ұстаздар мен шәкірттердің жағдайын ұғып, қала әкімдігі оқу орнының гүлденіп-көркеюіне қуатты қолдау көрсететінін айтқан еді. Соның нәтижесінде аталған оқу орнына жыл сайын 15 грант бөлініпті. Бұл гранттар түлектерің Алматы қаласындағы Нұр-Мүбәрак Мысыр ислам мәдениеті университетіне оқуға түсуіне тамаша мүмкіндік сыйлапты. Сонымен қатар қала әкімдігі өткен жылдан бастап жергілікті бюджеттен арнаулы қаржы бөліп, 50 баланы грантпен оқытып жатыр. «Қала әкімдігі қолдауының арқасында бізде қазір 50 бала шәкіртақы алып оқып жатыр. Бұл да біздің оқу орнымыздың дамуына тың серпін берді. Бас қала әкімінің осындай игілікті әрі сауапты жұмыстар жасап жатқанына алғысымыз шексіз» дейді Бақтыбай Қыдырбайұлы.
– Астана медресе колледжі маған қатты ұнайды. Бұл арада арнайы діни сабақтармен қатар, мәдениеттану, саясаттану, философия сияқты әлеуметтік білімдер де өтіледі. Жатақханамыз жайлы, тамағымыз тоқ. Адами құндылықтар мен қасиеттерге толы орта. Үйренем, ізденем дегендерге барлық мүмкіндік жасалған, – дейді 3-курс студенті Берікбол Тойбазарұлы.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button