Тұлға

Тарихи сананы қалыптастырған тарихшы

Тарих – мемлекеттік қауіпсіздігіміздің рухани тетігі. Өткеннің тәжірибесі жетістіктерінің, кемшіліктері мен қателіктерінің көрсеткіші. Өз тарихынан дұрыс сабақ ала алған халық қана дамыған мемлекет құра алады. Қиыншылықтар мен қайшылықтарды еңсеруде өз елінің және басқа мемлекеттердің тәжірибелерін пайдалануға қабілетті болады. Мемлекетте тарих ғылымының осындай қуатты жасампаздық қызмет атқаруына негізгі себепші –тарихшы ғалымдар.

[smartslider3 slider=894]

Қазақстанның тарих ғылымына қомақты үлес қосып кеткен майталман тарихшылардың бірі ретінде Манаш Қабашұлы ­Қозыбаевты айтуға болады. Өйткені тарих – бұл оның кәсібі. Оның толқындарында, академик М.К.Қозыбаев туған жеріндегідей сезінеді. Ол тарихқа және оның біліміне соншалықты үйреніп, өткен дәуірлердің күрделі және қарама-қайшы оқиғалары туралы еңбектерін мамандар мен бұқаралық аудитория үшін рухани тазару мен дамыту қажеттілігі ретінде қабылдайды және бағалайды.

Манаш Қабашұлы 1937 жылы 16 қарашада Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Итсары ауылында туған. Оның әкесі Қабаш Қозыбаев елге белгілі, қадірлі адам болған. Өңірдегі колхоздарды ұйымдастыруға белсене атсалысқан, патриот. Ол соғыс жылдарында өзінің қаржысын жойғыш-ұшақ жасауға жұмсап ерекше үлгі көрсеткен. Манаштың жас­тық шағы соғыс жылдарына келіп, бала кезден колхозда еңбек етеді, соғысқа аттанып кеткен ересектердің орнын басады. 1947 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Меңдіқара педагогикалық училищесін үздік бітірген Манаш «Үлгілі» толық емес орта мектебінде мұғалім болып істеді. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, 1953 жылы Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітіріп шығады. Оның ғылымға ден қоюы, ғылыми-педагогикалық жұмысқа кірісуі Қостанай педагогикалық институтында оқытушы болып жүрген кезінен басталады.

М.Қозыбаевтың алғашқы еңбектері Қостанай өңіріндегі Азамат соғысына, ұлт-азаттық қозғалыстар тарихына арналған еді. Жас ғалым сол  кездің өзінде-ақ тарих ғылымының таным шеңберін кеңейтуді дұрыс деп есептеген еді. Аса ауқымды деректік материалды дұрыс жүйелеу ғана жеткіліксіз болатын. Оның мән-мағынасын терең ашу үшін, зерттеу барысында әлеуметтану, тіл, психология ғылымдарының пәнаралық сабақтастығы аса қажет деп білді. Тарих ғылымының аясын кеңейту мақсатында жас ғалым басқа әлеуметтік ғылымдардың жетістіктерін кеңінен пайдаланады. Ғылымдағы жүйелілікті объективті тарихи шындықты ашудың тиімді бағыты ретінде таңдайды. Таланты таныла бастаған ғалымды Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институты шақырды. Ғалымның шығармашылық зертханасының қалыптасуы осы жерде өтті. Ол аға ғылыми қызметкерден елге танымал тарих ғылымдарының докторы, профессор дәрежесіне көтерілді. КСРО-да оның «Казахстан – арсенал фронта» (1970) монографиялық зерттеуі үлкен ғылыми жетістік ретінде бағаланды. Партия тарихы институтында қызмет ете жүріп М.Қозыбаев 1962 жылы кандидаттық, ал 1969 жылы докторлық диссертациясын қорғаған еді. 38 жасында тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін сол кезде алғандар Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында сирек кездесетін. Озық ойлы ғалым ­М.Қозыбаев кеңестік кезеңнің өзінде қазақ халқының өз бетінше дамуға, тәуелсіз ел болуға қауқары бар екендігін қорықпай, батыл айта білген тарихшы болатын. Ол 1973 жылы «Золотой фонд партии» атты монографиясында сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбаны болған ұлттық сая­си элитаның қазақ халқы алдындағы ерен қызметін паш еткен еді. Ұлттық саяси элита Қазақстанның Кеңес Одағы құрамынан шығып, ойдағыдай өмір сүріп, жеке ел болып кете алатынына нық сенімді болған еді. Бірақ та, тоталитарлық жүйе оларға қазақ халқының ұлттық мақсат-мұраттарына қызмет еткізуге ешқандай мүмкіндік бермегендігін көрсетті.

Жалпы академик ­М.Қозыбаевтың қаламынан туындаған және де 2001 жылға дейін жарық көрген ғылыми, ғылыми-көпшілік еңбектерінің саны 773-тен асып жығылады екен. Солардың ішінде Қазақстан тарихына қатысты 30-дан астам жеке монографиялар бар. Оның еңбектерінің ішінде 5 томдық «Ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» академиялық ұжымдық басылымның және 9 сынып оқушыларына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының алатын орны ерекше. Тарих ғылымын халыққа насихаттауды М.Қозыбаев кеңестік кезеңде-ақ бастаған болатын. 1970-1985 жылдар аралығында ол қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы батырларының есімдерін қалпына келтірген ондаған мақалалар жазды. Қазақстанның «Екінші дүниежүзілік соғыс» кезіндегі орны мен рөлі туралы шындықтарды ашатын «Казахстан в Великой Отечественной войне: 1941-1945 гг.» атты 40 сериялық документалды фильмдердің ғылыми кеңесшісі болды.

Озық ойлы ғалым М.Қозыбаев кеңестік кезеңнің өзінде қазақ халқының өз бетінше дамуға, тәуелсіз ел болуға қауқары бар екендігін қорықпай, батыл айта білген тарихшы болатын. Ол 1973 жылы «Золотой фонд партии» атты монографиясында сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбаны болған ұлттық саяси элитаның қазақ халқы алдындағы ерен қызметін паш еткен еді

М.Қозыбаев КСРО құрамында Қазақстан экономикасы шикізаттық сипатта болғанымен, Республиканың қуаты Кеңес Одағының соғыс­тағы жеңісінің маңызды кепілі болғандығын нақты деректермен дәлелдеп берді. Манаш Қабашұлының замандасы, академик Салық Зиманов әріптесі Манаш Қозыбаев өмірден озғаннан кейін ол туралы ойларын тұжырымдай келе, Қазақстан Республикасының рухани өмірінде «академик Қозыбаев феномені» орын алды деп жазды. Шындығында қазақ тарихын білгісі келетін жас баладан кәріге дейін Манаш Қозыбаевтың есімін жақсы біледі. Мақалаларын, еңбектерін бүкіл халық оқыды, олардан тәлім алды, тарихи танымын тереңдетті. Кеңестік жүйеде оқып, тәрбие алғанымен Манаш Қозыбаев коммунистік идеологияның қасаң қағидаларын қабылдаған жоқ. Ол үшін ұлттық тіл, тарих, мәдениет пен өнер әрқашанда бірінші кезекте тұрды. Қозыбаевтың қазақ хандары, билері мен батырлары жайында білетіні ұшан-теңіз болатын. Әсіресе, қазақ билерінің әділ билігі, өзара айтыс-тартыстағы шешендігі, өнеге-өсиеттері туралы аңыз-әпсаналарды тамаша көркем тілімен тыңдармандары ұйытып айтатын. Ғалымның көзін көрген шәкірттері мен замандастары М.Қозыбаевтың жадында сақталған аңыз-әпсаналарды жазып алмаппыз деп өкінеді. Десек те, М.Қозыбаевтың Абылай хан, Жалаңтөс батыр, Бұқар жырау туралы айтқандары кітап бетіне түскен еді.

Қозыбаев феноменінің біз байқаған келесі бір ерекшелігі – оның тәуелсіз Қазақстан халқының жаңа тарихи кезеңдегі дүниетанымы мен көзқарастарының қалыптасуына идеялық ықпалының болуында. Бұлай болуының терең себебі бар. Өйткені М.Қозыбаев қазақ халқымен бірге Кеңес Одағы құрамында өмір сүргені себепті барша қиыншылықтарды өз көзімен көрді, Алаш арыстарының репрессиялануы жағдайын да жақсы білді. Ол халықтың арасынан шыққан тұлға болып қалыптасты. Манаш Қабашұлының естелік әңгімелерін оқып отырғанда оның бала кезінен бастап өзіне ықпалын тигізген әкесі, анасы, туыстары, достары, ұстаздары, көршілес болған адамдар туралы жылы ілтипатын көреміз. Қаншама дарынды достарының жоқшылықтың тауқыметіне ұшырап өмірден тым ерте кеткендігіне Манаш Қабашұлы қатты қиналып, күйзелетін. Өзіне жақсылық жасап, үлгі-өнеге көрсетіп «тұлға болуға» көмектескен көптеген ардақты адамдарды атай отырып, жақсылықтарын тізбектейтін. «Жақсыдан шапағат, жаманнан кесапат» деген қазақ мақаланың шындығын өз өмірінде көргенін жастық шағы жайындағы естеліктері арқылы жеткізеді.

Шағын мақала көлемінде М.Қозыбаев феноменінің барлық қырын ашу тіптен мүмкін емес. Бүгінгі зиялы қауымның назарын аударатыны да осы – М.Қозыбаевтың жалпыұлттық деңгейге көтерілген рухани тұлғасы. Қазақ тарихын терең зерттей отыра рушылдыққа, жершілдікке, туысқаншылдыққа салынған жоқ. Ол – барша қазақ халқын туғанындай сүйе білген тұлға. Оның шәкірттері – Қазақстанның барлық аймақтарынан. Қазақтың үш жүзі Манаш Қозыбаев үшін бір ғана ортақ қазақ халқы болып қабылданды. Сондықтан болар, Манаш ағамыз қазақтың ортақ сүйікті академигі болды. Академиктің ғылыми жетекшілігімен 90-нан астам ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары дайындалды.

Кеңестік кезеңде тарихшы М.Қозыбаевтың ұлтшылдығы мен отаншылдығы «қырағы көздер» назарынан тыс қалған жоқ. Кейбіреулер оның еңбектерін саяси репрессияға ұшыратуға тырысты. 1974 жылы М.Қозыбаев пен З.А.Голикова бірлесіп жазған «Золотой фонд партии» деген партияның кадр саясатына арналған еңбегіне «антипартиялық» деген жалған айып тағылған еді. Монографияда Кеңестік тоталитарлық жүйе­дегі кадрларды іріктеу мен тағайындау ісіндегі өрескел қателіктер мен кемшіліктер сынға алынған болатын. Қазақстан Компартиясының XIV съезінде «теориялық қателіктерге ұрынған» деген желеумен бұл кітап сыналып, М.Қозыбаев партиялық ескерту алып, ғылыми жұмыстан шеттетіліп, педагогикалық жұмысқа жіберілді. Осы кезде 1974-1980 жылдарда ол Алматы мал дәрігерлік институтында КОКП тарихы кафедрасының меңгерушісі болды. Алайда партиялық қудалау оны ғылым жолынан тайдыра алмады. Ол көптеген ғылыми еңбектер жазуын тоқтатпады. 1979 жылы ­М.Қозыбаевты Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшелігіне, 1989 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының толық мүшелігіне академиктікке сайлады.

1980-1986 жылдары М.Қозыбаев «Қазақ совет энциклопедиясының» бас редакторы болып қызмет істейді. Осы жылдарда М.Қозыбаев есімдері ұмыт бола бастаған, немесе мүлдем айтылмай қалған ондаған Алаш арыстарының аттарын жаңғыртады. 4 томдық «Қазақ ССР» энциклопедиясын, Ш.Уәлихановтың шығармалар жинағын шығарды. 1986 жылы М.Қозыбаевқа Қазақстандағы тарих ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақ ССР-ның еңбегі сіңген ғылым қайраткері» атағы беріледі.

Осы 1986 жылдан бастап өмірінің соңына дейін 16 жыл М.Қ.Қозыбаев Ш.Ш.­Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтында қызмет етеді. 1988 жылдан 2002 жылға дейін 14 жыл осы Институтты басқарды. Манаш Қозыбаевтың ерекше белсенділікпен қызмет етіп, тарих ғылымына зор үлес қосуда да оның осы Тарих институтындағы қызметімен байланысты. Ғалымның шығармашылығы ескеріліп, 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Бейбітшілік және рухани татулық» мемлекеттік сыйлығымен  және 2000 жылы «Парасат» орденімен марапатталды.

М.Қ.Қозыбаев – көп қыр­лы, тарих пен бүгінгі күннің өзара байланысын нәзік сезінетін зерттеуші. Оның қоғамдық сұранысты дәл басып кеңестік ұжымдастыру, 1931-33 ж.ж. ашаршылық, сая­си репрессия, тоталитарлық биліктің шағын халықтарды зорлықпен Қазақстанға қоныс аударуы, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы сияқты күрделі тақырыптар бойынша жазған зерттеу еңбектері фактілік байлығы мен автордың жасаған тұжырымдарының тың, әрі батылдығымен көңіл аударып, бұл ғылыми тақырыптарға жас зерттеушілердің ден қоюына себепші болғандығын тарихшы мамандар жақсы біледі.

М.Қ.Қозыбаевтың қаламынан туған «Ашаршылық ақиқаты», «Ермак: аңыз бен ақиқат» [5. 161-б], «Казахстанская трагедия» [6. 209-230-б], «Жауды шаптым ту байлап» т.б. көптеген туындылары халықты тарихқа жақындатып, ұлттық тарих ғылымының бас-аяғын жинап, бағытын айқындап, қалың оқырманның тарихи санасының шыңдалуына зор үлесін қосты. М.Қ.Қозыбаев­тың тәуелсіздік тұсында жарық көрген еңбектері осыған дейін жарияланған зерттеулерінен сапа мен мазмұны тұрғысынан да сан жағынан да асып түсті.

Ғалымға мұндай мемлекеттік құрметтер өз деңгейінде көрсетілді. Ол тәуелсіз елдің тарихын жазу арқылы қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты. Тәуелсіз Қазақстанның идеялық ұстанымдар мен ұлттық идеологиясының қалыптасуына академик М.Қ.Қозыбаев зор үлес қосты.  М.Қозыбаевтың директорлығы кезінде Қазақстан тарихына жаңаша көзқарастарды қалыптастыруда жасаған еңбектері ақтаңдақтарды ашу, елдегі ұжымдастыру, Кеңестік кезеңде болған ашаршылықтар, Қазақстанның демографиялық дамуында болған өзгерістер себептері, Ұлы Отан соғысының зерттелуінің тарихнамасы, Егеменді Қазақстанның ұлттық ұстанымдары мен идеологиясы және тағы басқа тағдырлық мәселелер ашық көтерілді. М.Қ.Қозыбаев бастаған қазақ тарихшылары бұл мәселелерді белсенді түрде зерттеуге кірісті. Себебі аталған тақырыптар КСРО-да құпия, зерттеуге тыйым салынған, КОКП-ның бетпердесін ашатын тақырыптар қатарында еді.

Академик М.Қ.Қозыбаев­тың еңбектері Ресей, Армения, Белорусия, Украина, Қытай, Түркия, Корея, АҚШ, Иран, т.б. елдерде басылып шықты. Ғалым тек соңғы 15 жыл ішінде 200-дей баяндамалар мен халықаралық конгресстер, конференция­лар, симпозиумдар, дүние жүзі қазақтарының құрылтайы, ғылыми сессиялардың мінберінен отандық тарих мәселелерінің әртүрлі саласынан ой өрбітіп, келелі мәселелерді күн тәртібіне қойып отырған болатын. Манаш Қабашұлы – Меңдіғара ауданының, Қос­танай қаласының құрметті азаматы. Оның есімі Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне берілді, сондай-ақ Қостанай қаласындағы №23 орта мектепке және Алматы қаласындағы көшеге де берілді.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының  директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button