Ақтаңдақтар ақиқаты

Қуғын-сүргін әрбір отбасын айналып өтпеді

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан соң саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты мәселе қайта көтерілді. 2020 жылдың қарашасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылы 24 қарашада №456  Жарлығы шықты.

[smartslider3 slider=1251]

Аталған Жарлыққа сәйкес «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құру туралы» Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің 2021 жылдың 26 қаңтарында №506-241 қаулысы шығып, құрылған комиссия өз жұмысына кірісті.

Осы комиссияның жұмыс тобының жетекшісі ретінде архив қорларымен жұмыс істеу барысында Ақмола өңірінің өзінен бірнеше мыңдаған адамдардың қылмыстық және әкімшілік істер бо­йынша айыпталып, жауапқа тартылғандығын байқадық. Неге осыншалық көп адам жауапқа тартылды деген сұрақ қоя отырып, әрбір істі зерделеуге және себебін ашуға ұмтылдық.

Саяси қуғын-сүргіннің бүкіл Кеңес Одағын қамтығандығын қазақ жеріне басқа республикалардан миллиондаған адамның күштеп депортацияланғандығын байқадық.

Сонымен қатар Қазақстанның өз ішінде де байлар мен кулактарды және оларға ниеттес дегендерді, ет және астық дайындауға қарсылық білдіргендерді, кей жағдайда салық орындай алмағандардың өзін сайлау құқынан айырып жер аударғанын, еңбекпен түзету лагерлеріне жібергендігін құжаттарды зерделеу барысында көрдік.

Ет және астық дайындауда шамадан тыс меже қою, жоспардың өте жоғары болуы ауыл шаруашылығын ауыр жағдайға душар етті. 1930 жылы Украинада жиналған астықтың 27 пайы­зын, 1931 жылы – 33%, ал Солтүстік Кавказдан 1930 жылы – 46 пайызын, 1931 жылы  63% алды. Астық дайындау ұйымдары колхоздардан 1931 жылы қара бидайды 5-6 сом, бидайды 7-8 сомнан алды. Зерттеушілер пікірінше, бұл астықтың өз бағасынан бірнеше есе арзан еді. Бірақ, көп жағдайда алынған астық үшін ештеңе төлемеді. Осындай жағдай Қазақстанда да болды. Ел ішіне ашаршылық кіре бастағанда егістіктен масақ жинағандарды барын кәмпес­келеп, колхоз мүлкін талан-таражға салушылар ретінде 10 жылға немесе одан көп мерзімге соттады және жер аударды.

Кеңес үкіметінің 1932 жылдың 7 тамызында шыққан заңы бойынша «Қоғамдық меншікке оның ішінде колхоз меншігіне де қастандық жасау­шылар халық жауы ретінде қарастырылу қажет. Қоймадан астық ұрлаған, егістіктен масақ терген немесе мал ұрлаған айыптылар барлық мүлкі кәмпескеленіп, ату жазасына кесілді. Қара күзде аштықтан ісінген адамдар қар астынан жиналған егіннен қалған масақтарды тергені үшін қылмысқа тартылып сотталды, бары кәмпескеленіп тысқары республикаларға жер аударылды. Қазақ жеріне де Ресей мен Украинадан жер аударылғандар келді.

Ақмола өңірінде де ет дайындау және астық өткізу жоспарын орындамағандар, наразылық білдіргендерге қылмысты іс ашылып, Қарағанды еңбекпен түзету лагеріне жіберілді.

Байқағанымыз, Кеңес Өкіметінің күштеу шаралары білімді, ауқатты қазақ отбасыларының бәріне жуығын шарпығанына көзіміз жетті. Бір атаның балаларының өзі әр кезеңде қуғын-сүргінге ұшырап отырған. Осылардың бәріне назар салып, зерделеп отырғанда осындай жағдай «біздің де отбасының басынан өтті емес пе?» деген ой қылаң берді.

Менің атам Даркенов Тұрмағамбет (архивтегі кейбір деректерде Даркин Тұрмағамбет деп жазылған) 1899 жылы Майқарау болысында Дәрке қажының отбасында дүниеге келіпті. Торғайдағы қазақ-орыс мектебінде оқыған, сауат­ты, көзі ашық Тұрмағамбет атамыз заманның бет алысын түсінді ме, әкеден қалған мол мал-мүлікті тәркілеу басталмай тұрып өз еркімен Кеңес үкіметіне өткізеді. Партия қатарына өтеді. Науырызым ауданында қызмет істеп партия ұйымының хатшысы болады.

Бірақ әкесі Тілеубайұлы Дәркеннің ауқатты болғаны, екі рет қажыға барғаны, соңғы рет Мекке, Мединеге 1910 жылы қажылыққа барып, елге қайтып келе жатқанда қайтыс болғанына және әкесі қайтыс болғанда 11-12-лер шамасындағы бала болғандығына қарамастан сенімсіз элемент ретінде айыпталып, үстінен бірнеше рет арыз түседі..

1929 жылы қазанда «Науырызым ісі» бойынша қылмысты іс қозғалып, Дулатовтың контрреволюцияшылық байшыл Алашордалық тобын белсенді қолдағаны, қызмет барысын пайдаланғаны және антикеңестік үгіт пен насихат жасағаны үшін айыпталды. Архив қорындағы құжатта «Даркин Турмагамбет, женатый, казах, грамотный, бывший член ВКП(Б) – по ст. 58-10 и 117 УК» деп жазылған. «Науырызым ісі» бойынша біздің атамыз Тұрмағамбетпен бірге Мақатов Досмұхамед (Досан), Әжібеков Әбдікәрім, Елікбаев Тілеміс, Әлішбаев Алиахмет, Балғымбаев Ержан, Нұрпейсов Аббас, Шоқбытов Рахмет, Талтақаев Мұқаш, Өтелбаев Баттал, Көшкімбаев Шәрмен, Жуасбаев Биғазы барлығы 12 адамға іс қозғалды.

Аталғандар ішінен 7 адам ақталып, оның ішінде Тұрмағамбет атамыз да бар, кепілдікпен, шартты түрде қызметіне кіріседі. Бірақ, әлі де ОГПУ-дің бақылауында болады. Науырызым, Семиозер, кейін Қарабалық ауданында қызмет істеді.

30-жылдардағы ашаршылықта елден ауа көшкен босқындарды қайтару және аштарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, тамақтандыру жұмыстарына басшылық жасайды. Осы кезде Торғай еліне ғана емес, тысқары өңірлерге де танымал ақын Күдері Жолдыбайұлы елді жайлаған ашаршылықты сипаттап, көмек сұрап інісі, бауыры Даркеұлы Тұрмағамбет атамызға өлең жазып жіберген екен. Сол өлең жолдары архив қорында және Ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорында сақталып, кейінгі ұрпаққа жетті. Ақынның бұл өлеңі ашаршылықты көзімен көріп, басынан өткізген адамның жанайқайы еді.

Ақын Күдері Жолдыбайұлының інісі Тұрмағамбет Даркеұлына сәлемі

 

Көзімнің нұры шырағым,

Жетіп өлем панаңа.

Іш бауырым қан болды,

Оқ тиіп жүрек қабына.

Енді үміт жоқ бөтеннен,

Болар деп тірек тағы да,

Қолымыз жетпей босқа өлдік,

Бір тамшы сүт ағына.

Қойдан бетер қырылдық,

Тигендей індет табына.

Туған бала жат болды,

Қайрылмайтын сағына.

Туды ма деп ойлаймын,

Аз күнгі дүние бағыма.

Бір көрініп кетпедің,

Байсұлтан, Мәрдан орнына.

Қираған балта сабына,

Сүйеніш болар бір өзің,

Қарасам істің нағына.

Іздеп бір мені келерсің,

Жақындықтың бағына.

Ер түрімнен айрылдым,

Қанатымнан қайрылдым,

Келген шақта құдай-ау,

Өлетұғын шағыма,

Қосылмас түрім көрінді,

Қожабике тамына.

Елден топырақ бұйырмай,

Кірмейтін жерге айналдым,

Қарға адым жер мұң болды,

Қазыққа ажал байландым.

Құр терім тұр қаудырап,

Сүйегім қалды саудырап,

Баладан пайда болмады

Құр басым қалды жаудырап.

Аштықтан басқа дертім жоқ,

Талықсып тұрмын маужырап.

Келсең көрмей кетпессің

Құлағанда үстіме, атпайтын

еді-ау таң бірақ,

Атаның көңілі балада,

Артымда жалғыз бау құрақ.

Жаратпасаң төресің,

Ендес бауыр болғанмен

Әркімде шыбын жан бірақ,

Мен не дейін ендесім,

Бауыр деп іздеп келмесең,

Қол ұшыңды бермесең,

Алмасаң ата сәлемін,

Төрелігіңді жеңбесең.

Құдайдан не деп тілейін

Шығарда үш мың салып ең,

Кеткеніме налып ең,

Ағыке дейтін інің жоқ

Өкінішпен қалып ең.

Түзік деп кімге ерерсің,

Үзік деп кімге сенерсің,

Іздеп бір тапсаң демерсің,

Төлеңгіт емес төресің,

Бауырыңды жатқа тастама,

Сәлемім жетсе келерсің.

Енді маған келгенде

Көрсетпесең өзің біл,

Бас қамының елесін.

Асылдан қалған тұяқсың,

Бетеге емес қияқсың,

Жасы мен кәрі бас шұлғып,

Сөзіңе тоқтар, би-ақсың.

Сенен бөтен бұрылып

Зарды кімге айтамыз,

Балапандай асырап,

Бас көтеріп шалқыңыз,

Барша жұртқа қадірлі

Қымбат болсын нарқыңыз.

Күрмеуі қысқа ғұмырда

Қиындық көрмей қалқыңыз.

Қарашығы көзіңнің,

Жат болмасын жалқыңыз,

Жетсе хабар ендесім,

Аузыма келіп су тамыз.

Аша алмай жабық түндікті,

Өлімге қазақ көндікті,

Кімнен келген қасірет

Сұрайтын адам жоқ тіпті.

Жүрмін қаңғып әр үйде,

Таусылды тұзым фаниде,

Өліктің исі аңқиды,

Бейжай боп тұрмын бір күйде.

Болар ма мұндай тақырлық

Күнім бір туды пақырлық,

Сәлемім осы ақырлық

Бір келі май бермесең,

Ата аруағын шақырдық.

Күдері ақын өлеңінің терең иірімдеріне, қалтарыстарына үңілгенде тарих тұңғиығына тасталып, ұзақ жылдар тұмшаланған, айтылмаған ақиқатты көреміз. Әрбір өлең жолында халықтың қиналысы, жанайқайы ақын аузымен айтылып отыр. Күдері Жолдыбайұлының осы өлеңінің құндылығы және басқа ақындар шығармасынан ерекшелігі сонда, ақын оқығанын, немесе біреуден естігенін жазып отырған жоқ, өз басынан өткенді, көрген қиыншылықты, халық басындағы қасіретті жазып отыр. Аштықтан жүре алмай шыбындай қырылып, жол бойында шашылып жатқан қазақтар халін «Қолымыз жетпей босқа өлдік, Бір тамшы сүт ағына. Қойдан бетер қырылдық, Тигендей індет табына» деген жолдармен баяндайды. Жаны ауырып ашынған ақын «Жүрмін қаңғып әр үйде, Таусылды тұзым фаниде, Өліктің исі аңқиды, Бейжай боп тұрмын бір күйде» деп бүкпесіз шындықты жазады.

Атамыз осы ашаршылықтан Қарсақпай, Ақтөбе, Қызылорда және басқа жаққа елден ауа көшкен босқындарды қайтару жұмыстарының басы-қасында болды. Ауа көшкен халықты елге қайтаруда, оларды орналастыруда көп еңбек сіңірді. Мүмкін елге жасаған жақсылығынан болар, архив құжаттарындағы жиналған құжаттарда атамызды Тұрмағамбет деп атымен атамай «Ағыке» деп атапты.

Бірақ, ауқатты таптан шыққандығы, әкесінің қажы болғандығы, кезінде «Науырызым ісіне» тартылғаны 1937 жылы қайта көтеріліп тағы қылмыс­тық іс қозғалып, жер аударылады. Кейін айыбын майдан даласында жуу үшін, жасы қырықтың үшеуіне шығып кеткеніне қарамастан әскерге алынып «айыптылар батальонына» (штрафбат) жіберіледі.

Соғыстан аман-есен келіп, көп ұзамай 1948 жылы наурызда қайтыс болады.

Кеңестік дәуірдің қуғын-сүргіні атамыз Тұрмағамбетті ғана емес, әкеміз Ғазизді де айналып өтпеді.

Соғысқа дейін Қостанай қаласында педагогикалық училищені бітірген әкеміз, 1940 жылы қаңтарда әскер қатарына алынып, 150-атқыштар дивизиясының, 674-атқыштар полкіне жіберіледі. Соғыс басталып, 1942 жылы 26 мамырды Харьков облысында Лозовая станциясы маңында қоршауға түсіп, тұтқынға алынады. Немістердің бірнеше концлагерлерінен өтіп, 1943 жылы «Түркістан легионы» құрамына алынады. Францияның Сангауденс қаласында, кейін Польшаның Легионова жерінде дайындықтан өтеді. 1944 жылы тамыз айында француз партизандарына қосылады. 1945 жылы шілде айында Берлиндегі Кеңес үкіметінің фильтрациялық лагерінде тексерістен өткен соң, 1945 жылдың 24 тамызынан 1946 жылдың мамырына дейін әскери қызметте болып босатылады.

Отанына оралған соң Қостанай облысының Семиозер ауданы (қазіргі Әулиекөл ауданы) Ноғакөл колхозының Қояндағаш ауылында тұрады.

Бірақ, 1947 жылдың қыркүйегінде ұсталып, 58-баптың «б» тармағы бойын­ша 25 жылға бас бостандығынан айрылып, еңбекпен түзеу лагеріне Магадан облысына жіберіледі. Аталған 58-1-баптың «б» тармағы бойынша  «Отанына опасыздық жасау, … әскери қызметшілер жасаған нақ сол қылмыстар ең жоғары қылмыстық жаза – барлық мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесіледі». Міне, бұл – Кеңестік жүйенің заңға негізделген заңсыздығы.

1955 жылы 11 қазанда әкеміз Даркенов Ғазизге қатысты іс қайта қаралып, 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы өзгертіліп, 10 жылға қысқартылып, еңбекпен түзеу лагеріне ауыстырылды.

Осылай атамыз Тұрмағамбет те, әкеміз Ғазиз де 58-баппен сотталды. Біріншісін, атамызды жалған айып тағып «халық жауы» деп соттаса, екіншісін әкемізді қоршауда қалып, тұтқынға түсіп, амалсыздан «Түркістан легионы» қатарында болғаны үшін соттады. Кеңестік кезеңнің қуғын-сүргіні әкелі-балалы екеуін, біздің әулетті де айналып өтпеді.

Тәуелсіздіктің нәтижесінде елімізде әртүрлі жағдайда жазықсыз қудаланғандарды ақтау жұмыстары жүргізілуде. Менің атам мен әкемді ақтау да – уақыттың еншісінде.

                  Құрманғали Даркенов,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

Профессоры

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button