SportБасты ақпарат

Құрыштан құйылған хорват құрамасы

Ресейде өтіп жатқан футболдан әлем чемпионаты мәренің дүрбі жолына түскен кезде де сенсациядан кенде болып жатқан жоқ. Соның бірін шілденің 12-сі күні Мәскеуде ойналған екінші жартылай финалдық кездесуде жасаған Хорватия құрамасы Англияның бас командасын 2:1 етіп ұтып, финалға шықты. Сөйтіп, бұдан тура 20 жыл бұрын жартылай финалда күш сынасқанын мақтаныш көріп жүрген құрама алтын медаль үшін таласа алатын дәрежеге де жетті.


Осымен хорваттар әлем чемпионаты тарихында қатарынан үш ойында плей-­офф арқылы жеңіске жетіп, жарыс жолын жалғастырған тұңғыш команда атанды. Ал ағылшындар төртінші мәрте әлем және құрлық чемпионаттарының жартылай финалында ұтылып қалып отыр.
Кездесудегі бірінші голды 5-минутта ағылшындар салды. Оны қақпадан 16 метр жерде белгіленген айып добын ұрған Киран Триппьер түсірді. Ағылшындардың қорғаушысы допты «қабыр­ғалық қорғанның» үстінен асырып тастау арқылы торға сүңгітті. Алайда ағылшындар бұдан кейін шабуылды өрістетіп, есепті ұлғайтуға оншалықты құлықты бола қоймады. Олардың сапындағы үздік мерген Гарри Кейн­нің қақпаның дәл түбінде тұрып, оны торға бағыттай алмай қалуын осымен ғана түсіндіруге болар.
Мұның есесіне, хорваттар осыдан кейін дүр сілкінді. Жаппай алға ұмтылған олар бұрыштама бере бастады. Дегенмен, бұл шабуылдардың бетін қайтарған британия­лықтар бір кезде қайтадан атқа қонды. Олар 3 минутта екі бұрыштама беріп үлгерді. Екеуінде де қақпаға тура соққы жасалды, екеуін де Гарри Магуайр ұрды.
Ағылшындар қайтадан алаң үстіндегі үстемдігін қалпына келтірді. Бірақ 19-минутта хорват Иван Перишич оларды бір сілкіндіріп тастады. Оның тепкен добы сол жақ баған жанынан зу етті. Сосын Магуайр оның әрекетін қайталады. Ал 22-минутта қақпашы Даниел Субашич гол жіберіп ала жаздады. Ол допты Иван Стриничке тастады. Стринич болса, аяқ астынан оны британиялық Рахим Стерлингке беріп алды. Бұдан әрі доп алған Кейн ойыннан тыс қалып қана қақпа аман сақталды.
Англия құрамасының ойыншылары екінші тайм­да осы артықшылықты өз қолдарынан беріп қойды. Олар ойын басталмай жатып, ашықтан-ашық уақытты созуға көшіп кетті. Бұл кезде тартыс негізінен алаң ортасында өте бастады. Бір сәт Анте Ребич сол қапталдан қақпаға шүйлігіп келді. Бірақ оны қауіпті нүктеге келгенінде Кайл Уокер тоқтатты. Бұдан кейін, 56-минутта Триппьер алыстан доп ұрды. Онысы Деян Ловренге тиіп, бұрыштамаға кетті. Бұдан әрі «шаршы шашақтылар» қарқынды күрт арттырып, ағылшындар қорғанысы маңында бұлт қоюлана берді. 58-минутта Лука Модрич қарсы қақпа алаңына әуелетіп доп жеткізді. Оны голкипер Джордан Пикфорд жұдырығымен қағып қайтарды. Арада 10 минут өткенде, осы шабуылдар ақыры голға айналды. Алдымен оң қанаттан Шиме Врсалько берген пасқа Перишич жетті. Ол Триппьер мен Уокердің ту сыртынан секіріп, кетіп бара жатқан допты қақпаға бағыттай білді. Гол!
Екі жақты қанша шабуыл жасалғанымен, таблодағы есеп негізгі уақытта өзгере қоймады. Сондықтан овер-таймға кезек берілді. Мұнда да хорваттардың шалттығы байқалды. Олар жеңіс добын 109-минутта салды. Бұл жолы Марио Манджукич ерледі. Әуелі Перишич доп алып, оны қайтадан Манджукичке сыр­ғытты. Сол кезде қасындағы Джон Стоунстан сытылып шыққан форвард қақпаның алыс бұрышына жерлетіп теуіп, тордан бір-ақ шығарды. Ағылшындар осыдан кейін біраз ышқынды. Бірақ хорваттар олардың еркін көсіліп, қаусыра шабуыл жасауларына жол бермеді. Сөйтіп, турнир басталғалы өзін құрыштай құйылғандай етіп көрсетіп келе жатқан Хорватия құрамасы ақтық сынға жолдама алды.
Бүгін Санкт-Петербургте Бельгия – Англия құрамалары 3-орынды сарапқа салса, ертең Мәскеуде Франция – Хорватия командалары чемпиондық атақ үшін таласады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button