Қала мен Сала

Кірісі жоқ азаматтар қарыз ала алмайды

Елімізде көптен күткен «7-20-25» тұрғын үй бағ­дарламасы арқылы алғашқы бес адам пәтер­лі болды. Әр қазақстандықтың үй алуына мүмкіндік беретін жоба туралы «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбековпен тілдес­кен едік.

– Қайрат Төреқұлұлы, жалпы бағдарламаның ең негізгі талаптары қандай?
– Жылдық мөлшерлемесі – 7 пайыз, бастапқы жарна – 20 па­йыз, ал қарыз мерзімі – 25 жылға дейін.
– Банктер комиссия ұстай ма?
– Қарызды бергені және оған қызмет көрсеткені үшін комиссия алуға тыйым салынған.
– Табысы жоғары азаматтарға ипотекалық қарызды қалай алуға болады?
– Бағдарлама бойынша қарыз алу үшін қатысушы банкке өтініш жасау қажет. Қарыздарды беру рәсімінің басталуы және қатысушы банктердің тізімі туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастырылатын болады.
– Бағдарламаға қатысу үшін нақты қандай құжаттар қажет?
– Қатысу үшін қарыз алушы бағ­дарлама талаптарына сай болуы керек. Оның ішінде еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен алынатын кірісінің болуына қатысты талаптарға сәйкес келуін растайтын құжаттар, сондай-ақ банктің талаптарына сәйкес өзге де құжаттар қажет.
– Ал қарыз алушыға қандай талаптар қойылады?
– Бағдарлама бойынша қарыз алу үшін жеке тұлға Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Еңбек немесе кәсіпкерлік қыз­меттен алынатын кірісі болуы маңызды. Ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы тиіс. Бағдарламаға қатысушы банкке өтініш берген сәтте меншік құқығында Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үйінің болмауына да назар аударылады.


– Кірісі жоқ азаматтар қайтеді?
– Кірісі жоқ, яғни төлем жасау­ға қабілетті болып табылмайтын азамат бағдарлама бойынша қарыз ала алмайды.
– Сонда қарыз алу үшін айлық табыстың мөлшері қандай болуы керек?
– Қарыз алушы кірісінің ең төмен деңгейі бағдарламада белгіленбеген. Сонымен қатар қарыз алушының ипотекалық қарызға қызмет көрсету үшін жеткілікті, расталған кірісінің болуы қажет. Қарыз алушының кірісі жеткіліксіз болған жағдайда, қосалқы қарыз алушы тартуға рұқсат етіледі.
– Бағдарламада арнайы санаттағы адамдарға жеңілдік бар ма? Мәселен, мүгедек, көп балалы отбасы дегендей…
– Қазақстан Республикасы аза­маттарының барлық санатының қатысуына рұқсат беріледі. Бағдарлама талаптары барлығы үшін бірдей болып табылады, сондықтан азаматтардың жекелеген санаттары үшін қандай да бір жеңілдіктер көзделмейді.
– Бастапқы жарна 20 па­йыз екені белгілі. Алайда одан көбірек қаржы салса бола ма?
– Егер сіздің бастапқы жарнаны енгізу үшін қаражатыңыз көбірек болса, көбірек бастапқы жарна енгізу мүмкіндігін көздейтін басқа ипотекалық өнімдерді пайдалануыңызға болады.
– Сатып алуға болатын тұр­ғын үйдің ең жоғары құны немесе ауданы қандай? Қандай да бір шектеу қарастырылған ба?
– Тұрғын үйдің ең жоғары құны Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалалары үшін – 25 миллион теңге, ал басқа өңірлер үшін – 15 миллион теңге. Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны, сондай-ақ, ауданы шектелмейді. Сондай-ақ, қарыздың ең жоғары мөлшері белгіленбейді, 20% мөлшеріндегі бастапқы жарнаны ғана ескеру қажет.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button