Қоғам

ҚҰШТАРЛЫҚ

Тағдыр-талайы қызық һәм ғибратты адамдар болады. Сондай жандардың бірі – Астана қаласы­ның тұрғыны, кешегі партия-кеңес қызметкері, зейнет­керлік еңбек демалысына шық­қанға дейін Целиноград автомобиль жол-құрылысы техни­кумында ширек ғасырдай уақыт оқытушы әрі директор болған 89 жастағы Кенжебай Бекпаев.

Мен ол кісімен «Қазақ әде­биеті» апталығының Ақмола қаласындағы меншікті тілшісі болып жұмысқа кіріскен 1997 жылы, қыркүйек айын­да танысқан болатынмын. Тың игеру жылдарынан естелік жазу үшін. Сол кездесуден соң, өмірі өнегелі адамның әдебиет пен өнерге жақындығына тәнті болып, бүгінге дейін ағалы-інілі туыстай араласып келем.

Кенжебай ағаның жүріп-тұруы қиын болғанымен, қай кезде де сезімі сергек, айтар ойы айқын, әңгімеміз жарасты, сыр-сұхбатымыз таусылмайды. Ол кісі қай кезде де қол қусырып отырған емес. Бір барғанымда атақты жазушы, Нобель сыйлығының иегері Иван Буниннің, бір барғанымда Александр Куприннің, Джек Лондонның, Сергей Довлатовтың шығармаларын қазақшаға тәр­жімалағанын, келесі барғанымда кезекті ән жинағын шығарғанын қуа­на жеткізеді. Ара-тұра са­уал қоямын да ағаның әсерлі әңгі­мелерін тыңдаймын.

«Тыңда асықсаң, тракторға отыр…»
1955 жылы Ақмола облы­сының бұрынғы Алексеев, бүгінгі Ақкөл ауданында мектепте жұмыс істейтін. Облыстық партия ко­митетінің бірінші хатшысы Николай Иванович Журин шақырып алды да:
– Саған комсомолдық тапсырма. Державин аудандық комсомол комитетіне бірінші хатшы болып барасың, – деді.
Мәскеуден тақауда ғана жоға­ры комсомол мектебін бітіріп келген болатын. Жалын­даған жас кезі. Партия айтса бітті, қайда жұм­саса да тарта беретін. Сөз қай­тару, жалтақтау деген болмайтын.
– Қашан жүрейін?
– Быстрее отъезжай, – деді бірінші хатшы.
Қараша айы, қар қалың, аяз үскіріп тұр. Машиналары әлденеше рет тоқтап, батып, зорға дегенде қазіргі Жарқайың, бұрынғы Державин ауданының орталығына жетті. Таңертең тұрса, машина дөңгелегі сіреу мұз. Ол кезде бүгінгідей тас жол мен темір жол жоқ. Екі кісі сия­тын кішкентай ұшақ почта тасиды. Телефон байланысы аудандық партия комитетінде ғана. Негізгі көлік – трактор. Қанатты сөздер құрастыратын әдеті бар еді. Сол жылдары қойын дәптеріне: «Тыңда асықсаң, тракторға отыр» деп жазып қойыпты.

Сонымен Баранкөл елді-мекеніне жетіп, орналасты. Күні кеше енші алған жер. Кеңселері – вагон. Аудандық комсомол комитетінің құжат-қағаздары сөмкесінде. Комсомол билетін ауыстырып жатқан науқан еді.
– Тың туралы қарама-қайшы пікірлер көп, – дейді Кенжебай аға. – Қазақстан сол жылдары орыстанды деп жүрміз. Қазақстан тыңға дейін де орыстанған. Тың болмаса, өзге бір науқан болар ма еді?! Тыңның жақсы жақтары да болды. Біріншіден, астық алқаптары көбейді, жаңа аудандар ашылды, шаруашылықтар салынды. Қателігі – агротехникадан. Жайылым жерлерді оңды-солды жыртып тастады. Ауыл-үйдің іргесіне дейін әкелді. Асыра сілтенді.

«Бестөбем, менің Бестөбем…»
1978 жыл. Қыркүйек айының басы. Онда Ақмоладағы автомобиль жол-құрылысы техникумының директоры еді. Техникум студент­тері Макин ауданында ауыл­шаруашылығы жұмыстарына қатысып, картоп жинап жүрген. Жастардың жұмысын көруге бара жатқан. Рульдегі шофер жігіт – Темеш. Баратын жерлері – екі жүз шақырымнан астам жол.

Күрең күз. Дала реңі қайта қой­маған. Түнде жақсы тыны­ғып тұрған. Әдетте қат-қабат, қар­балас жұмыстан ұйқысы қанбай шаршаңқы жүретін. Мұн­дай жағдай ылғи бола бермейді…

Маң далаға машина тере­зесінен қарап, халық әндерінің бірін жәй ғана айтып отырған. Өнерді жанындай сүйетін ақынжанды жігіт қолы босай қалса, кітап оқуға отыратын. Кей кездері өлең жолдарын қағазға түсіріп қоятын.

Бестөбем, менің Бестөбем,
Бес тауым ғой бес төбең.
Есігін алғаш мектептің,
Сенде ашып, өскен ем.
Жастықтың салған іздерін,
Өзіңнен талай іздедім.
Жас сұлуға ең алғаш,

Ұсынғам қыр гүлдерін, – деген өзі жазған өлең жолдары есіне түсті. Ырғақты, әсем саз тербеді жүрегін… Машина моторының гуілі де әсер етіп, үндескендей ме, қалай?!.. Аздан соң қасындағы жігітке бұрылып:
– Тыңдашы, әнге ұқсай ма, қалай өзі? – деді ән әсеріне елітіп.
– Естіп келем, қайталаңызшы тағы?
Дауысын шығарыңқырап айтып еді:
– Ән, ән ғой! – деді шофер жігітте жайдары жүзбен.

Ұмытып қалмайын деп жол бойы жаңағы ән әуе­нін қайталап айта берді, айта берді. Сөйтіп Макин село­сына жетіп, аудандық партия комитетіне кіріп шықты. Тех­никум студенттерінің қал-жағдайын білді. Студенттер көп талап қояды екен, бір қыз бала киіміміз су, соны кептіретін жер керек депті. Өзгеше өрескелдік, тәртіп бұзу фактілерін естімеді. Олар енді студенттер еңбек етіп жатқан ауылға жол тартты. Манағы әнді айтайын десе, әуен жоқ.
– Оу, Темеш, жақсы деп ең?!. Қайда?!. Қалайша ұмыттым? – деді Кенжебай мұңайып.
– Уайымдамаңыз… Қайтар жолда есіңізге түседі…

Студенттердің арасында екі-үш күн болды; әңгімелесті, арасында картоп та терісті.Целиноградқа қайтар жолда жаңа әннің әуенін еске түсіріп, қайыра айта бастады. Кешке қаладағы үйіне келді. Музыкант Владимир Шевченко деген көршісі қолма-қол нотаға түсіріп, оранжировкасын жасады. Сөйтіп «Бестөбем, менің Бестөбем» аталатын алғашқы әні дүниеге келді. Содан бергі уақытта жан серігі – ән!.. Әнсіз, әуенсіз өмірін елестете алмайды. Әдемі әуендер жан дү­­ниесін тербейді, мынау әппақ әлем­ге құштарлығын арттырады.

«Жанымда сен еккен жаз қалсын…»
К.Бекпаевтың әндерін, сол кез­дегі Ақмола автомобиль жол-құрылысы техникумының тарих пәнінің мұға­лімі Мүгілсім Ас­қарова және Татьяна Руднева, Жұлдыз Осипова сынды әншілер орындады. Көптеген әндері облыс­тық радио мен теледидар бағдар­ламасынан жиі айтылатын.Композитор бүгінге дейін Михаил Лермонтовтың, Иван Бунин­нің, Марина Цветаеваның, Белла Ахмадуллинаның, Андрей Де­ментьевтің, Татьяна Снежи­на­ның т.б. орыс ақындарының сөздеріне әндер мен романстар және фортепиано мен дауысқа арналған вокалдық шығармалар жазыпты. Ол әндері нотасымен бірге жеке-
жеке жинақ. Сол ән-романстары­ның бірнешеуі Ресей елінің Мәскеу, Воронеж, Брянск қалаларында концерттерде айтылып жүр.

Кейінгі кезде композитор қазақ ақындарының өлең­деріне ән, романс жазуға ден қойды. Алдыңғы жылы Қазақ радиосының му­зыка редакциясының тіл­шісімен болған сұхбаттан соң, 7 әні «Алтын қорға» жазыл­ды. Олардың арасында Абай Құнанбайұлының, Мұқа­ғали Мақатаевтың, Еркеш Ибраһимның, Ұлықбек Есдәу­леттің, Қанипа Бұғыбаеваның, Марфуға Айтқожинаның, Рза Қунақованың, Дүйсенбек Қанат­баевтың, Марфуға Бекте­мірованың сөздеріне жа­зылған әндері бар.

Алдымда К.Бекпаевтың бірне­ше ән жинақтары жатыр. Солар­дың бірі – 2012 жылы жарыққа шыққан «Сыр бойы» деп аталатын романстар. 1980 жылдары көрнекті өнер қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының төрағасы Е.Рахмадиев Целиноградқа бір келгенінде, С.Сейфуллин атындағы кітапханада жер­гілікті композиторлардың концертіне қатысты.

Е.Рахмадиев педагогикалық институттың музыка фа­куль­­тетінің оқытушысы Ға­лия Тох­тахунованың орын­дауындағы К.Бекпаевтың «О, жастық-ай!», (Сөзі Қ.Мыр­залиевтікі), «Жас шофер» (Сөзі Т.Рахимовтікі) әндеріне жоғары баға берді. К.Бекпаевтың әндері мен романстары жайлы Қазақ ұлттық өнер университеті композиция кафедрасының меңгерушісі, композитор С.Әбдінұров, Қазақ ұлттық университеті музыка тану кафедрасының профессоры, өнертану кандидаты, Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері Г.Әлпейісова т.б. өнер қай­раткерлері жақсы пікір айтқан.Бірде белгілі ақын, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Ора­залиннің жыр жинағын оқып отыр­ған. Көзі «Анама» атты өлеңге түсті.

Мен жоқта желменен сырласпа,
Жүрегім желді күн жылаған.
Жазбақ боп тумысы жыр басқа,
Жаза алмай жастыққа құлағам.
Айтамын бір сөзді қиылып:
«Жанымда сен еккен жаз қалсын,
Анажан! Кеудемнің күйін ұқ.

Сол күймен жүректер маздасын!..» деген жолдар жан дүниесін астан-кестен етті. Нет­кен сырлы, сазды, мағынасы те­рең жолдар! Неше мәрте оқыды. Сол күні «Анама» әні дүниеге келді. Кейіннен 2015 жылы жарық көрген әндер жина­ғына нотасымен жарияланды.

Концерт өткізуді армандайды
Кенжебай ағаның тағы бір сүйікті ісі – орыс жазушы­ларының шығар­маларын қазақшаға тәржі­малау. Бұл ретте сүйіп оқыған және алғаш аударған туындылары – Иван Буниннің әңгімелері. К.Бекпаев бұдан соң Александр Купринді, Владимир Короленконы, Сергей Довлатовты, жапон және қырғыз ертегілерін қазақшалады. Ол аудармалары мен қанатты сөздері «Фолиант» баспасынан 2015 жылы жеке кітап болып шықты.

* * *
Жақында Кенжебай ағаның үйіне бардым. Әдеттегідей қуана қарсы алғанымен, көңіл-күйінің болмай тұрғанын шаршаңқы жүзінен, қызарған көзінен байқамау мүмкін емес еді.
– Сарыуайымшыл емес едім… Кейде үйде жалғыз қалғанда, сұрықсыз ойлар қамайтыны бар. Сыйлас дос-жолдастарымның көбі қайтыс болған. Зайыбым Рәзияның өмірден озғанына он жыл. Әжік-күжік әңгімелесіп, шер тарқатар жан қалмады. Елеп-ескермейді ешкім… Ана бір жылдары осын­дағы бір театр қызметкері жеті-сегіз әнімді дискіге түсірем деп зейнетақымнан тірнектеп жи­ған қыруар ақшамды қағып кетті. Сендім өнер адамы болған соң, қайдан білейін… Әндерімді жарыққа шығар деп өтініш айтқан кісілердің бәрі ақша сұрайды, тиынсыз қия баспайды. Қол қысқалығы кедергі болып отыр. Жүз елудей ән мен романс жазыппын. Солардың орындалуын қалаймын. Астанада жеке кон­цертім өтсе деп армандаймын.

– Қамыға бермеңіз, аға! Ең бастысы, деніңіз сау болсын! Жиендеріңіз Кәмила мен Әселдің қызығын көріңіз! «Ұл түтінге, қыз күтімге» дегендей, қызыңыз Гүлнар сізді қадірлеп, қас-қабағыңызға қарап отыр ғой. Ерте ме, кеш пе, әндеріңіз орындалар, жеке концертіңіз өтер, – дедім өмір мен өнерге соншалықты құштар, рухы биік ақеділ ағаға тілек қосып.

Толымбек Әбдірайым

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button