Мәдениет

ҚЫЛҚАЛАМЫ ҚАСІРЕТ СЫРЫН ШЕРТЕДІ

DSC_2419

29 мамыр күні Ұлттық академиялық кітапханада жас суретші Алмас Сырғабаевтың «Ұлы дала тарихы» атты көрмесі ашылды. Кешегі саяси қуғын-сүргін жылдарындағы қасіретті сурет тілімен сөйлеткен автор Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаметжан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев сынды Алаш қайраткерлерімен бірге өзге де жазықсыз жапа шеккен арыстарымыздың бейнесін кескіндеді.

«Кешегі жанын арына түйген тұлғаларымызды еске түсіру үлкен парыз деп ойлаймын». Бұл – белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдың көрмедегі сөйлеген сөзі. Ол қоға­мы­мызға ортақ кемшілік – осындай ұлы күндерді бір апта немесе бір-екі күн қалғанда ғана ескеретінімізді, науқан біткеннен кейін бәрін тындырғандай болатынымызды өкінішпен жеткізді. Зиялыларымыздың саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықты геноцид ретінде бағалау бастамасы аяқсыз қалғанын, алайда, қазіргі жастар бұл бастаманы жеріне жеткізетініне сенім білдірді. Бірқатар мәліметтерді келтіріп, 1897 жылғы санақта қазақтың саны 6 млн 700 мыңдай болса, 1949 жылғы есептеу бойынша бір миллионға да жетпегенін айтты. «Сонда 6 миллионға жуық қазақ қайда кетті?» деді ол. Оның айтуынша, 1897 жылы бір миллионға толмаған өзбектердің саны қазірде 31 миллионнан асты. Егер саяси машинаның астына түспесек, біздің санымыз олардан әлдеқайда асып түсер еді. Бұл күндері 180 мың қазақ қызының теңін таба алмай жүргенін ғалым ашаршылық пен соғыстан көріп отыр.

Алаш қайраткері Қошке Кемең­герұлының немересі Ризабек Кемеңгеров атасының өмірі мен еңбегі жайында әңгімеледі. Ақын Ұларбек Дәлейұлы «Тұтқын әйел» деген өлеңін оқып берді.

Алмас Сырғабаевтың шығар­ма­шылығының ерекшеліктеріне тоқталған Суретшілер одағының мүшесі, публицист Жеңіс Кәкенұлы: «Өткен жылдары Алмас маған хабарласып, суреттерін көрсетті. «Қандай бағытта дамыған жөн?» деп ақылдасқанда, мен суреттеріне қарап графиканы, оның ішінде, портрет жанрын дамытуы керек деп ақыл қостым» деп, Алмастың ұлт тарихына бет бұрғанына сүйсінетінін айтты. Оның пікірінше, суретші інісінің ұтқан жері де сол.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button