Саясат

Қырғыз билігі тағы ауысты

Қырғызстанда кейінгі 15 жылда үш революция болды. Айыр қалпақты ағайын 2005 және 2010 жылдары президенттерін тақтан тайдырған еді. Енді, міне, ел тізгінін ұстағанына үш жыл болған мемлекет ­басшысын орнынан кетуге мәжбүр етті.15 қазанда көшеге шыққан халықтың қысымына шыдамаған Сооронбай Жээнбеков президенттік қызметінен кететіндігін жариялады. Оған елдегі қоғамдық-саяси жағдайдың әлі ушығып тұрғанын, агрессияның тоқтамағанын, көтеріліске шыққандардың өзінің отставкаға кетуін талап еткені себеп болғанын айтты. «Мен Қыр­ғызстан тарихында өз халқына оқ атқан президент ретінде қалғым келмейді, отставкаға кету туралы шешім қабылдадым» деді Жээнбеков қырғыз халқына арнаған мәлімдемесінде.

ҚАМАУДАН ШЫҒЫП, БИЛІККЕ ЖЕТТІ

Оған дейін Бішкектегі «Ыс­тықкөл» қонақүйінің алдында митинг өткізген топ – негізінен, Садыр Жапаровтың жақтастары Жогорку Кеңеш пен 13 қазанда спикер ретінде сайланған Канатбек Исаевтың отставкаға кетуін де талап еткен болатын. Осыдан кейін Канатбек Исаев «парламенттің алтыншы шақырылымының мерзімі өткендіктен президент міндетін атқарушы қызметіне кірісуге моральдық құқығы жоғын» айтқан.
Ал жақтастары қамаудан шығарып алған Садыр Жапаров 14 қазанда премьер-министр болып тағайындалып, үкімет құрамын бекітті.
Қырғызстан үкімет басшысы болып тағайындалған соң ол 15 қазанда кешкісін жақтастарының алдына шығып, «президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кеткенін» айтып, «барлық билік менің қолыма өтті» деді.
«Барлығы орнына келді. Бұрынғы президент Сооронбай Жээнбеков арызын жазып беріп кетті. Спикер Канат Исаев оның міндетін атқару мүмкін емес екен деп, арызын жазып берді. Бүгін президенттің міндетін атқарушы жаңа премьер-министр деген қызмет маған өтті. Көп рақмет. Үйлеріңізге қайтсаңыздар болады» деді ол митингке жиналғандардың алдында.
Естеріңізге сала кетейік, Қыр­ғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауында Жогорку кеңешке билікке жақын үш партия және бір оппозициялық партия өткен болатын. Дау-дамайдың бәрі осы саяси науқаннан басталды. 5 қазанда жұрт «билікке жақын партиялар жұрттың дауысын сатып алды, әкімшілік ресурстарды пайдаланды» деп, нәтижемен келіспей наразылыққа шықты. Билік өкілдері партия­ларының Қырғызстанды Ресейдің субъектісіне айналуға мүдделі екенін айтуы халықтың ашу-ызасын туғызған.

ЖАҒДАЙ ОРНЫҒАДЫ ДЕГЕН ҮМІТТЕ

РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қыр­ғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің отставкаға кетуіне байланысты пікірін білдірді.
«Отставкаға кететінін мәлімдеген Сооронбай Жээнбековтің әрекетін тек эмоциялық критерийлерге сүйе­не отырып бағалау мүмкін емес. Тұрақтылыққа жетелейтін және конституциялық арнаға бұратын кез келген әрекет жағдайды түзетуге көмектеседі» деді Песков.
Оның сөзіне қарағанда Мәскеу жағдай тез арада қалпына келеді деп үміттенеді екен. Бірақ Песков Кремльдің Қырғызстанмен диалог орнату мәселесі туралы сұраққа кесімді түрде жауап бермеді.
Сондай-ақ бұған дейін ­Ресей Қырғызстанда саяси жағдай тұрақталғанға дейін қаржылай көмектің бәрін тоқтатты деп хабарлаған еді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button