Сұхбат

Руслан МАМЫТОВ: Әнімді құрметтегені – елімді құрметтегені

Дарынды әнші, композитор Руслан Мамытовтың шығармашылығында ұлттың рухын көтеріп, абыройын асыратын туындылар біршама кездеседі. Жас сазгердің жүрегін жарып шыққан «Жаса, қазағым!», «Менің, қазағым!», «Біз – қазақпыз!» сынды әндері есті тыңдарманды еріксіз өзіне тартып әкетеді. Мамытовтың әндерін тыңдағанда, қазақтың мамыражай тіршілігі көз алдыңа келеді. Әрине, композитордың қоржынында махаббат, сезім туралы да әндер бар. Алайда, оның негізгі мақсаты – шығармашылығы арқылы ұлтты асқақтату. Бізбен сұхбатында өнерпаз соны айтады. 

F-XKPin3XVA123

– Руслан, шығарма­шы­лы­ғыңның басым бөлігі пат­риоттық әндерден тұрады. Композитор ретінде сондай әндерді көп жазасың. Неліктен осы бағытты ұстадың?
– Қазір «сүйем-күйем» деген әндер көп жазылып жүр. Ал мен өзім Отанды сүйетін қазақпын. Қазақстан дейтін елде дүниеге келгеніме, қазақ болып туғаныма қуа­намын. Себебі, керемет еліміз, дініміз, тіліміз бар. Кө­гінде желбіреген көк туы, Ел­таң­басы, әнұраны бар жеке мем­лекетпіз. Осының бәріне сүй­сініп, әндерімді жазамын. «Жаса, қазағым!», «Менің қазағым!», Біз – қазақпыз», шетелдерден келген қазақтарға арналған «Қандастарым-ай», «Қазағыммен мақтанамын» әндері сол сезімнен туды.
Қариялардың батасын алып, ауылда өстік. Әр қазаққа тән елді-жерді сүю, ауылды сағыну бойымда бар қасиеттер. Маңызды мемлекеттік мерекелерде жаңа үйлерді, жаңа ғимараттарды, көпірлер мен жолдарды салып, халықтың игілігіне тарту ету дәстүрі бар. Ал менің қолымнан ән жазу ғана келеді. Еліме, жеріме деген махаббатымды әнмен жеткіземін.
– Шатаспасам, «Жаса, қаза­ғым!» әнін ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнадың…
– Дәл солай. Ал, «Біз – қазақ­пыз» әні Қазақ хандығының
550 жылдығына арналып жазылды. Ата-бабаларымыз өз заманында басынан небір қилы кезеңдерді өткерді. Ұлан-ғайыр жерді ұрпақтарына аман сақтап, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді бұл заманға жеткізді. Сон­дықтан ата-бабаларымызға ар­нап қанша ән жазсақ та артық етпейді. Әр қазақ баласының жүрегінде рухпен қатар ата-бабаға, елге деген құрмет болуы керек. Сол сезімді жас ұрпақтың бойына осындай әндермен себе аламыз деп ойлаймын.
Жүрегімді жылытқан бір жағдайды айтайын: Астанадағы бір мектепке бардым. Сөйтсем, сабақтардың арасында үзіліске шығарда менің «Жаса, қаза­ғым!» әні қоңырау ретінде соғылады екен. Соны көріп, мектеп ұжымына қатты риза болдым. Сол әнді естіп өскен бала ертең отағасы немесе отанасы болғанда балалық шағындағы әндерін өз ұрпағына үйретеді. Жалпы менің әндерім ұрпақтың санасына әсер етіп жатса, мен үшін бақыттың көкесі сол.

ҚАЗАҚТЫҚ РУХ БОЛМАҒАН АДАМНАН ЖАҚСЫ ӨНЕР ШЫҚПАЙДЫ

– Қазақта патриоттық ән­дер баршылық. Шәмші Қал­даяқовтың әнұранымызға айналған «Менің Қазақ­ста­ным» әнінен бастап Нұр­ғиса Тілендиев, Сейдолла Бәй­те­реков, Ескендір Хасан­ғалиев сынды компози­торлардың рухты туындылары бар. Ал, өзің қандай әндерді тың­дап өстің? Сұрақты бас­қаша қой­сақ, қай компо­зи­торлардың әндерімен тәр­биелендің?
– Халық композиторлармен қатар өзіңіз атын атаған тұлғалардың барлығының ән­дерін тыңдап өстім. Әсия Омарова дейтін ұстаздың қа­наты­ның астынан шыққан азамат­пын. Қазір ол кісі сексеннің сең­гіріне шығып қалды. Осы апай­дың шәкірті болып жүріп, көп ком­позиторлардың әндерін жаттап өстім. Кейіннен ұстазым Тоқтар Серіков Алматыға алып келді. Ол кісі де қазақтың иісі аңқып тұрған азамат. Бұл ағамнан да көп нәрсе үйрендім. Бірақ бойында қазақтық рух болмаған адамнан жақсы өнер шықпайды деп ойлаймын. Мәселен, менің махаббат туралы, ата-ана туралы жазған әндерім де көп. Алайда халық мені «Жаса, қазағым!», «Менің қазағым» әндеріммен таниды. Махаббат туралы әндердің ғұмыры ұзақ бола бермейтінін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Жарқ етіп жанған от тез сөнеді. Ал маздап жанған от ұзақ жанады. Сол себептен менің әндерім қазақ халқына бір пайдасын тигізсе екен деп жүрген жайым бар.

ДАЛАДА ШЫҚҚАН ӘН ДАЛАДА АЙТЫЛУЫ КЕРЕК

– Ал қазіргі заманда пат­риоттық әндер қазір сұра­нысқа қаншалықты ие, қалай ойлайсың?
– Қазақта қазір қандай шара өтіп жатса да, «Руслан, сіз­дің әніңіз керек еді» деп сұрап жатады. Сол себептен әнімді құрметтегені – елімді құрмет­тегені деп ойлаймын.
Жаса, жаса қазақ тілім!
Жаса, жаса ғажап дінім,
Баянды боп азат күнім,
Бағың таймасын! – деген шумақ бар қазаққа жақын деп есептеймін.
– Қазақтың халық әндерін, халық композиторлардың әндерін айтамын деп айттың. Ал, сол әндерді қазіргі көп әншілер сияқты эстрадаға салуға қалай қарайсың?
– Мен оған қарсымын. Себебі, эстрадаға салғанда қазақ әні өз иесін жоғалтып алады деп ойлаймын. Далада шыққан ән далада шырқалуы керек. Домбырамен шыққан ән домбырамен айтылуы тиіс. Қазақтың әні өзі сияқты қоңыр үнінен айырылмауы қажет. Мәселен, халық әнін даң-дұң, тарс-тұрс етіп орындау өзімнің де қолынан келеді. Бірақ, қазақ әнін өз болмысынан ажыратқым келмейді.
– Өз қатарласың Ерболат Құдайбергенов анабір жылдары сахнаға «Мен қа­зақ­пын» деп шықты. Шынын айтқанда, оның әуені құла­ғымызға тосындау кө­рінді. Бұл әнді қабылдай алма­­дық. Бұған сенің көзқа­расың қандай?
– Бұл Ерболаттың өзі шыға­рып алған әні ғой. Ата-бабамыз шығарған ән емес, өзінің шығарып алған мақамы. Егер Мәдидің, Ақан серінің әндерін сондай қылып айтса, қарсы болар едім. Ал «Мен қазақпын» әні әншінің өз стиліне сай шыққан, ол да бір қазақтың рухын кө­теретін туынды.

АСТАНАҒА ӘН АРНАМАСАҚ, ҮЛКЕН СЫН БОЛАР ЕДІ

– Астана демекші, елор­дамызға арналған әнің де бар екен. Бұл әннің шығу тарихын да жеткізсең.
– Иә, Дархан Мыңбай аға­мыздың сөзіне «Астанада жарық ай» дейтін әнім бар. Ол әнге бас қалаға келіп, бейнебаян да түсіргенбіз. Дархан ағамыз іссапармен Алматыға бір келгенде екеуміз кездестік. Аға: «Руслан, менде осындай мәтін бар еді» деп, өлеңді өзі ұсынды. Бұдан бұрын «Арша» дейтін өлеңіне ән жазғаным бар-тын. «Астанада жарық ай» дейтін өлең де өзіме қатты ұнады. Содан ән жазып, бейнебаянын түсіріп, «Қазақстан» ұлттық арнасының «Бүгін жексенбі» дейтін бағдар­ламасынан тұсаукесерін де өткіздік.
Жалпы, Астанамыз сияқты ғажап қаламызға ән арнамасақ, өзімізге үлкен сын болар еді.
– Композиторлар ұлт тари­хындағы тұлғаларға ән арнап жатады. Өзің бұған әлі келген жоқсың ба?
– Асанбай Асқаровқа арналған әнім бар. Бұл ән ағаның 90 жыл­дығы өзі туған Меркіде той­ланғанда туды. Оның сөзін Ер­кебұлан Кенехан жазды. Сосын ұстазыма деген құрметтен «Тоқтар аға» туындысын шы­ғардым. Елім деп еміренген, қазақ мәдениетіне, қазақ өне­ріне қамқорлық танытқан, жанашыр болған тұлғаларға ән арнауға тиістіміз деп ойлаймын.
– Сюзанна Фахр деген өзге ұлттан шыққан әншімен «Жаса, қазағым!» әніне түсі­рілген бейнебаяныңды көрдік. Бұл идея қалай туындады?
– Бейнебаян түсірейік деп Сюзаннаның әкесі ұсыныс білдірді. Бұл кісілер өзі қазақтың әнін кейбір қазақтан артық
жақсы көреді. Бұл ұсынысты мені емес, қазақтың әнін құрмет­тегені деп ұғып, қабылдадым. Осы әнді негізі көбісі дуэтпен орындағысы келеді. Алайда, ұстазым Тоқтар Серіковпен бірге орындаймын деп шештім.
– Сұхбатыңа рахмет! Шы­ғармашылық табыстарың көп болсын! Жақсы, рухты әндеріңмен халқыңды тамсанта бер!

Сұхбаттасқан:
Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button