Мәдениет

Сәкен-ғұмыр ғибратты

Биыл дауылпаз ақын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толды. Соған орай халқымыздың ардақты азаматының тойы елордадағы ақынның өз музейінде басталды.

Шара барысында мұражайдың көрнекті жерінен қазақ әдебиетінің үш алыбы: Сәкен, Бейімбет, Ілиясқа арналған бұрыш ашылып, олардың фарфордан құйылған мүсіндері қойылды. Сондай-ақ музейдің жыл сайын шығарып келе жатқан дәстүрлі «Сырсандық» сериясының «Үш бәйтерек» деген атпен жарық көрген V жинағының таныстырылымы болды.
Одан кейін жиын «Сәкен мұрасы – халық қазынасы» атты ғылыми-конференцияға жалғасты. Конференцияда белгілі қайраткер Оралбай Әбдікәрімов айтулы тұлға туралы ой толғай келіп, ақын мерейтойы еліміздің әр өңірінде атап өтілетінін жеткізді. Әде­биет­танушы-ғалым Күләш Ахмет бар саналы ғұмырын сәкентануға арнаған Тұрсынбек Кәкішовтің еңбегі мол екендігін айтты. Дарынды әнші Серік Оспанов Сәкеннің музыкалық мұрасын сөз етті.
– Сәкен – небәрі 44 жылдық ғұмырында биікке самғап ұшып, биліктің ұшар басына шыққан, әдебиет пен өнерде өлшеусіз іс тындырған аса ірі тарихи тұлға. Сәкенді тереңі­рек білгісі келетін бүгінгі ұрпақ ақынның өмірі мен өнерін зерттеуге ғұмырын арнаған ардагер ағаларымыз – Серік Қирабаевтың, Мұхамеджан Қаратаевтың, Сейділ Талжановтың, Есмағанбет Ысымайыловтың, Амантай Сатаевтың, Амантай Кәкеннің, әсіресе, Тұрсынбек Кәкішовтің жанкештілікпен жасаған еңбектеріне үңілулері керек. Бұл бауырларына Сәкен аруағы мәңгі разы! Сәкенді зерттеу, оның асыл мұраларын насихаттау қазақ халқы барда жалғаса бермек, – деді С.Сейфуллин музейінің директоры Несіпбек Айтұлы.
Жиын соңы «Жастар» театрында елімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен «Сәкеннің сырлы саздары» атты музыкалық әдеби-­сазды кешке ұласты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button