Басты ақпарат

Сәресіні кім береді, таң алдында…

Астанаға біржола көшіп келуім Рамазан айына тұспа-тұс келді. Қуаныштамын. Бірақ аздаған кедергі бар. Пәтерімде газ жоқ еді. Қожайын ағай күніне бір ауық маздатып от жаққанымен, тамақ пісіру қиын. Әрі ол кісіні таң сәріден мазалау да ретсіз. Сөйтіп, қонақүйден жай іздедім. Қалтама қарамай, таңдауым Астанадағы ең танымал 10 қонақүйге түсті. Ондағы ойым – сәресіні бөлмеде ішіп, еркін ауызашу ғой. Бір мен емес, бұл мәселемен елордаға келген әр мұсылман кезігеді. Сөйтіп, сәресі берілетін, ауызашуға қолайлы қонақүй табуға кірістім…

10 қонақүйге 10 ауыз сөзбен түсіндірдім…

Алғаш болып, «Comfort» қонақүйіне телефон соқтым. Сатылым бөлімінің менеджері Алина Альтаирқызы мені бірден түсінді. Өкінішке қарай, сәресі берілмейді екен. Дегенмен, қонақүйде тегін таңғы ас болуына байланысты, сәресіні ұйымдастырып көретінін жеткізді. Ал ауызашар үшін қалтамнан 3900 теңге шығады екен. Бұл сомаға құрмадан бастап, бәрі кіретін көрінеді. Мені мазалаған сәресінің жайы болғандықтан, аты дардай «RIXOS» қонақүйі­не қоңырау шалдым. Тағы да орыстілді қыз көтерді тұтқаны. Бұл жерде сәресі беріледі екен. Бірақ бұл үшін күнделікті 6500 теңге болуы керек. Ал ифтардың бағасы 7500-дің көлемінде. Бұл ақшаға қою және сұйық тамақ пен шәй, кофе немесе сусын, су ала аламын. Тіскебасарлары мен тәттілері тағы бар. Бір қуанғаным, қонақүйдің ауыз бекіткен қызметкерлеріне бәрі тегін екен. Әттеген-айы, қонақ ретінде бір ай бұрын тіркеліп қоюым қажет көрінеді.
Мұнан кейін «Пекин Паласқа» түстім. Қытайша атауынан қорықсам да, үмітпен тұтқаны тастағым келмеді. Алғашында ағылшынша сайраған арумен артынша орысша тілдестік. Кадр бөлімінің басшысы Әлия Мұратбекқызының айтуынша, мұнда да тамақ тек түнгі 12-ге дейін ғана беріледі. Ауызашар өткізіліп тұрады. Қонақтарының басым бөлігі шетелдіктер болғандықтан, ораза айында сәресі беру, ауыз ашқызу мәселелеріне көп бас қатырмағанын айтады.
Осыдан кейін басым шындап қатты. Сөйтіп, «Belon-Lux»-тен бір-ақ шықтым. Өзін Алла Владимировна деп таныстырған қыз­меткер тегін ештеңе жоқ екенін айтты. Сәресіні түнгі уақытта бөлмеге әкеп беруге болатынын жеткізді және кешенді астың бағасы 2500 теңге екен. «Қазақстан азаматтарына осындай жағдай жасай аламыз. Ал шетелдіктер тарапынан оразада құлшылық қылатындар кезікпеді» деп ашық айтты Алла ханым.
Тауым шағылып, тағы бір қонақүйдің нөмірін аялай тердім. «Diplomat hotel Business Center»-ге түсіппін. «Сәресі мен ауыз­ашарға цезарь салаты, жылқы етінен кеспе, қой және сиыр етімен манты, палау сосын бауырсақ және ыстық шәй» деп қызықтырған қыз: «Тегін бе?» деген сұрағыма: «3990 теңге» деп күмілжіді. «Егоркинолықтарды» ептеп көріп ем, қызметтері жақсы болғанымен, қолайлы жа­уап ала алмадым. Осыдан кейін мәселенің шешімін таппай, мен шын қобалжыдым. Мәселен, «Престижде» көбіне шетелдіктер тоқтағандықтан, Рамазан айында бұл мәселелерге көп кезікпейді. Осыдан соң «Жұмбақтас» қонақүйі ойыма түсті. Аты қазақы болғандықтан, сәре ішуге таңсәріде мүмкіндік болар деп ойладым. Тұтқаны қазақ қыз көтергенде, қуанып кеткем. Ойымды айтып жатырмын. Әкімші қыз мені айтқызбай түсінді. Сабиля Аби есімді дауысы сыңғырлаған қыз мұсылмандық дәстүр бар екенін айтқанда шаттандым тіпті. Сәресі тегін беріледі екен. «Нөміріңізге таңсәріден қызметші тықылдатып, қалаған тамағыңызды әкеп тұрады» дейді. Ал ауызашар күнделікті ас мәзіріне қарай ақылы екен. 30 күн бойы тегін ауызашар бере алмайтындары түсінікті, әрине. Әйтсе де, арасында қонақтарға аталған игі ғұрыпты жасап тұрады екен.

Қонақүйден құр қайтып, мейрамхана іздедім…

Қонақүйлерден түк шықпаған соң, мейрамханалардың телефонын шырылдаттым. «Satti», «Мельница», «Багратиони» мейрамханасы, тағысын тағылар. Бір ғана «Багратиони» мейрамханасында әкімшісі Елена Юрьевнаның ақпарынша, ауыз­ашар адам басына – 3000 теңге. Сәресі туралы әңгіме жоқ. Түнгі 12-ге дейін ғана жұмыс істейтін мейрамханалардан сәресі талап ету де қиын. Көп мейрамханада жағдай осылай. Әр адамның қалтасымен күн көретін мұндай демалыс орындарынан тегін ас күту де бекершілік. Есесіне «Тағам kz», «Дастархан food» сынды асханалар күні-түні тамақ беруге әзір. Тіпті, бір Астана емес, оларды кез келген қаладан оңай тауып алуға болады.

Тым құрыса, Түркиядан үйренсек…

«Жұмбақтастың» жауабынан кейін қазақылықпен, мұсылмандықпен қауышқандай болдым. Бірақ мені ойландырғаны – үлкен Астанада сәресіні тегін беретін жалғыз қонақүй болғаны ма? Ал тап мен сияқты үйінен жырақта ауыз бекітетіндер қайт­пек? Аллаға ғана жаятын қолын адамға жая ма сонда?
Неге сәресі беру, ауыз аштыру дәстүрлері елордада дұрыс жолға қойылмаған? Мәселен, бір ғана Түркияның өзі Рамазанға ерекше бір дайындықпен кіреді. Рамазанға арнап 30 күн бойы ауызашар дастархандары үшін шатырлар тігіледі. Ауызашарсыз қаламын деп алаңдамайсыз. Былтыр Астанадағы Әзірет Сұлтан мешіті тамаша дәстүрді қолға алған еді. Күнделікті тегін ауыз­ашардан бөлек, Қадір түнінде 10 000 адамға тегін сәресі ұйымдас­тырған болатын. Қала тұрғындары, қалаға келген әрбір мейман мүбәрак айда осындай шараның куәсі болса, сәре ішкенге де, сәре бергенге де зор сауап.

Ондай орындар бар, бірақ…

Осы оймен Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына сұрау салдым. Кәсіпкерлер мен түрлі мекемелердің тегін шараларын білу ғой ойым. Олар мәселенің мәнісін ұғып, бірнеше күн ішінде қаладағы тегін сәресі беретін, ауыз ашқызатын мейрамханалар мен қонақүйлердің тізімін беруге келісті. Әрі ондай мекемелер аз емес екен.
Мен ғой, журналистпін. Мәселе туындай қалса, қайда, кімге хабарласып, нақты жауап алу керектігін білемін. Ал қарапайым халық қайтеді? Олар мұндай мәліметтің жаңағы басқармада болатынынан да бейхабар ғой…

Сәресіде берекет бар…

Оразада сәресіге айрықша мән беріледі. Тіпті сәресінің мөлшері де, оны тастамау да хадиспен бекітілген. Әбу Сағид Худрий (р.а.) жеткізген хадис­те: «Сәресі – берекелі ас. Оны тастаушы болмаңдар. Тіпті, бір жұтым су ішсеңдер де…» деген. Ал ең абзал сәресі Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Мұсылманның сәресісі болған құрма неткен тамаша» деп айтылған. Демек, сәресіде құрма жеу де абзал амалдар қатарына жатады. «Сәре тамағы – мүбәрәк. Сәренің толығы береке. Бір жұтым су үшін болса да, сәреге тұрыңдар. Аллаһу тағала сәреге тұрғандарды кешіреді, періштелер оларға дұға етеді» деген де бар.

    P.S: Көп толғана келе, мәселенің шешімін тап­қандай болдым. Астанада жаңағы 10 үздік қонақүйде тұрақтау бағасы – 8-30 мың теңге аралығында. Қалтам көтеретін 8 мыңдық нөмірде тұрғанның өзінде, ауызашарға күнделікті 3000 теңге кетіремін. Жүріп-тұруым, сәресіге дейін ұнатып жейтін дүниелерім тағы бар. Орта есеппен алғанда, күніне – 13000. Арасында 9 күн достарыма ауызашарға бардым дейін. 20 күнге қалтамда 260 000 теңгем болуы керек екен. Қалтамның түбі тесілетінін бірден сездім. Қабырғаммен кеңесе келе, өзімнің 15 000 төлейтін бөлмемде қала беруді ойладым. Ал ыстық тамақ үшін жедел тағам дайындайтын 18000 теңгелік мультиқазан (мультиварка) аламын деп шештім. Қалтама қарамай, көп армандап кеткеніме қысылып қалдым өзім… Бір ауық өзімді бай сезініп кетсем керек…

Қарлыға ИБРАГИМОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button