Басты ақпаратҚала мен Сала

Сарыарқа – елорданың ескі ауданы

Астананың тарихы Сарыарқа ауданынан басталады. Ол – елорданың ескі ауданы. Аумағында «Агроқалашық», «Көктал», «Көктал-2» тұрғын алаптары және «Орман отырғызу учаскесі» кенті орналасқан елді мекенде атқарылып жатқан игі істер мен алдағы даму жоспарлары туралы Сарыарқа ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұлов әңгімелеп берді.

– Жүсіп Рахатұлы, тұрғын алаптардың әрқайсысында атқарылып жатқан жұмыс­тарға жеке-жеке тоқталсаңыз. Олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай?

– Жалпы, тұрғын алаптар ғана емес, қаланың барлық төрт ауданы да бір-біріне ұқсамайды. Олардың әрқайсына тән проблемалары, өзіндік дәстүрлері мен ерекшеліктері бар. Айталық, Сарыарқа ауданындағы көппәтерлі үйлердің 60 пайыздан астамы – 1933 жылдан 1999 жылға дейінгі аралықта салынған ескі үйлер. Сондықтан, оларда Есілдің сол жағалауында орналасқан үйлерге мүлде қатысы жоқ проблемалар көптеп кездеседі. Бұл – инфрақұрылымның тозуы, үйлердің ескіруі. Бірақ мұның жақсы жақтары да жоқ емес. Мәселен, мен осы ауданда 30-40 жылдан бері бір-бірімен көрші тұратын адамдарды көптеп кездестірдім. Байқауымша, олар өзара жақын жандарға айналып үлгерген. Бірін-бірі ертеден танитын мұндай адамдарға кейбір мәселелерді бірлесіп шешу, әрине, оңайырақ. Атап айтсақ, «Көктал» тұрғын алабында мыңға жуық қандастарымыз тұрады және олардың өздері жиі бас қосатын «Нұр бесік» атты шағын ауданы бар. Ал Агроқалашық тұрғындардың басым бөлігі – жергілікті жұртшылық, яғни целиноградтықтар.

Бүгінгі таңда тұрғын үй алаптарындағы жүйелік мәселелердің көпшілігі шешімін тапты. Инфрақұрылым туралы айтар болсам, «Көктал-2» тұрғын алабында жарықтандыру жұмыстары 100 пайыз жүргізілді, жолдар асфальтталып, орталық газ, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі тартылды, жақында «Қорғалжын» үлкен сквері ашылды. Бұл – бүкіл оң жағалаудағы ең үлкен саябақ. Қазір біз осының бәрін сақтау­мен және инфрақұрылымды жақсартумен айналысудамыз.

Елді мекендегі ең негізгі мәселелердің бірі – ешқашан жөнделмеген көшелерге асфальт төсеу. Менің ойымша, екі жыл ішінде біз бұл мәселені толығымен шешеміз. Сондай-ақ әлеуметтік нысандар санын көбейту жоспарымызда бар. Агроқалашықта батпақты жерлер көп. Сондай-ақ көктемгі еріген қар суы мен жерасты суларының мәселесі біртіндеп шешілуде.

– Жұртшылық аудан аумағындағы кез келген жағдайға бейжай қарай алмайды. Жалпы, тұрғындар сізге қандай мәселелермен жиірек жүгінеді?

– Бүгінгі таңда тұрғындарды толғандырған басты мәселе – баспана. Бұл – тек біздің ауданда ғана емес, бүкіл елордада да өзекті проблема. Ол халықтың тез өсуімен де байланысты болса керек. Егер 2010 жылы қалада 600 мың адам тұрса, 2020 жылға қарай біз 1 млн 200 мың шекті деңгейден өттік, яғни 10 жыл ішінде елорда халқы екі есе өсті. Сондай-ақ инфрақұрылымның тозуы ТКШ қызметіне кері әсер етпей қоймайды. Мысалы, қазір ауданымызда жылыту маусымына белсенді дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Көптеген үйлердің инфрақұрылымының тозғаны соншалық, оларға қыруар қаражат қажет. Тұрғындар қиналып қалмас үшін біз бұл жағдайдан шығудың мүмкіндігінше тиімді жолдарын іздеудеміз.

– Қаладан сыртқарырақ орналасқан елді мекендердің  тұрғындарымен қаншалықты жиі кездесесіз?

– Мұндай кездесулерді күн сайын ұйымдастырамыз, тұрғындармен бетпе-бет жүздесіп, жиі сұхбаттасамын. Елді мекендердің инспекторлары отыратын тұрғын үй алаптарының чаттары бар. Қысқасы, біз тұрғындармен тәулік бойы байланыстамыз. Әлеуметтік желіде ауданның арнайы парақшасы бар, адамдар оған өз сұрақтарын жазып, өтінімдер жібереді, ашық сын айтып, алғыс айта алады. Кейде елді мекендерге тым көп көңіл бөліп, аудан орталығындағы тұрғындардың мәселелері сырт қалып жатады. Осының бәрін қадағалап отыруға тырысамыз. Бұл ретте мен халықпен үнемі есеп беру кездесулерін өткізіп тұрамын.

Мемлекет басшысы шет аймақтарды дамытуды тапсырған болатын. Меніңше, бұл – дұрыс. Қаланың орталық бөліктерінде бар нәрсе одан сыртқарырақ орналасқан елді мекендерде де болуы керек. Сондай-ақ бізде Telegram-да чат бар, онда тұрғындар өз проблемалары туралы ашық жаза алады. Қысқасы, біз тұрғындармен үнемі байланыстамыз.

– Жақында ауданның тұрғын алаптары жоғары жылдамдықты интернетке қосыла бастады. Бұл туралы не айтасыз?

– Бұл – соңғы сегіз жыл ішінде көтерілген үлкен жүйелік мәселе. Бір кездері Астананың сәулеттік келбетін сақтау үшін сымдарды әуе арқылы өткізуге тыйым салу туралы шешім қабылданды. Егер интернет орнатқыңыз келсе, оны тек жер астымен өткізуіңіз керек, бірақ бұл мүмкін емес. Мысалы, Агроқалашықта тым тар техникалық дәліздер бар. Газ құбыры орналасқан жердегі қауіпсіздік аймақтарына жақындауға болмайды. Қала әкімі Алтай Көлгіновпен өткен кеңесте де осы мәселе көтеріліп, оң шешімін тапты. Біз сымдарды әуе желілері арқылы, яғни тіректер арқылы өткізуге келістік. Қараша айында «Көктал-2»-де жоғары жылдамдықты интернетке қосылуды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Содан кейін басқа тұрғын алаптарына көшеміз. Барлық адамдар қазіргі заман талабына сай өмір сүруі керек.

– Қазіргі таңда аудан аумағында газдандыру жұмыс­тары қалай жүргізіліп жатыр?

– Тұрғын алаптарының шамамен 54 пайызы, нақтырақ айтсақ, 5142 абоненттің 2703-і газға қосылды. Менің ойымша, 2023 жылдың көктеміне қарай шет аймақтардың тұрғындары 100 пайыз газға қосылады. Дұрысы, бұл жұмыстарды жазда істеу керек, біздің тұрғындар қыркүйекте қимылдай бастайды. Бұрын газды үйге кіргізудің машақаты көп болатын. Қағаздарды сегіз тармақ бойынша ұсыну, оның біреуін №2 нұсқасын орындау үшін миллион теңге жұмсау қажет еді. Бұл қызметтің өзі 76 жұмыс күнінде дайын болады, демек оны алу үшін жарты жыл кететін. Астана әкімі Үкіметпен ақылдасып, қажетті құжаттар тізімі қысқартылды, оны тұрғындарымыз үшін мүмкіндігінше қарапайым және ыңғайлы етіп жасадық. Бұл газдандыру процесіне белгілі бір серпін берді.

Тұрғындар үшін газ жүргізу кезінде басқа да көмек түрлері көрсетіледі. Мысалы, біз қарас­тыратын бірнеше механизмдер бар. Біріншісі – мемлекеттік механизм. Бұрын мемлекет жалпы соманың 260 мың теңгесін ғана субсидияласа, қазір тұтынушы ресми түрде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын болса, субсидия сомасы 413 мың теңгеге дейін ұлғайды. Сондай-ақ газға қосылу үшін қажетті соманы банк арқылы жеңілдетілген несиемен алу жағы да қарастырылған.

Біз инфрақұрылымға ерекше назар аударамыз. Шет аймақтар жаһандық түрде өзгерді деп айта алмаймын. Дегенмен, біз адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға тырысудамыз. Бұл ретте біз өзімізге дейін жасалған жұмыстарды жетілдіре отырып, процесті одан әрі жақсартуға күш жұмылдырудамыз.

– Алдағы уақытта тұрғын алаптарда қандай жаңа жобалар іске асырылады?

– Бүгінгі таңда «Көктал-2» тұрғын алабында 800 орындық көпсалалы аурухананың құрылысы, Агроқалашық елді мекеніндегі Тілендиев даңғылы, 36 мекенжайында сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Жалпы, біздің ауданда бұған дейін бір ғана кинотеатр болған еді. Жаңа сауда-ойын-сауық орталығында кинотеатр мен көтерме-тарату орталығы бар базар, киім-кешек сататын орындар болады.

Жалпы жоспарлар туралы айтатын болсам, аумағымыздағы «Нұр бесік» шағын ауданында инженерлік инфрақұрылым құрылысын жақында толығымен аяқтаймыз. 2019 жылдан бастап осы ауданда көшелер жөнделіп, 84 жарықтандыру тіректері орнатылып, балалар ойын алаңдары салынды. Ағымдағы жылы кәріз, су және су құбыры құрылысы толығымен аяқталады.

Ауданымыздың ең шетінде орналасқан «Ағаш отырғызу телімі» елді мекенінде қазіргі кезде 500-ге жуық адам тұрады. Бұл дегеніміз – 60-қа жуық үй. Ол жерде ешқашан су болмаған екен. Биыл біз орталық су құбыры мен кәріз құрылысын бастадық. Бұл, әрине, өте үлкен жоба.

Жалпы, Сарыарқа – қаланың ескі ауданы. Астананың тарихы осы ауданнан басталады. Мұнда көптеген тарихи нысандар бар. Олардың әрқайсысы мен үшін ыстық. Өзім Алматы қаласында туып-өстім. Астанаға 2014 жылы көшіп келгенде алдымен, ауа райының қолайсыздығын байқадым. Дегенмен, уақыт өте келе бәріне үйрендім.

Елордада мен үшін ерекше сүйікті жерлер көп. Әсіресе, Есілдің жағалауында, арбатта серуендегенді ұнатамын. Тұңғыш Президент мұражайының артындағы алаң көз тартады, өте керемет. Егер Есіл өзенінің жағалауында және Арбатта қашанда көңілді дауыстар естіліп, халық көп жүретін болса, бұл алаң керісінше тып-тыныш, халық та аз, сондықтан мен осы жерге серуендеуге жиі келемін. Менің ойымша, бұл – Астанадағы ең әдемі жерлердің бірі.

Шынар Хамитова

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button