Мәдениет

САРЫАРҚА САХНАСЫНДА САМСАҒАН ЖҰЛДЫЗДАР

IMG_3604

«Муз–ТВ 2015. Гравитация» премиясының аясында «Астана-Арена» стадионының алдында өткен «Open Air» – pre-party» атты ашық аспан астындағы концертте Қазақстан мен Ресейдің шоу-бизнесінің көгінде жарқырап жүрген 50-ден астам жұлдыз өнер көрсетті.

Сарыарқаның сайын даласын сазға тербеген кеште екі елдің эстрада әншілері кезек-кезек ән шырқап, әсіресе, жастардың делебесін қоздырып, қалың көпшілікке таңғажайып күй сыйлады. Дәл сол күні әп-сәтте бұлттанып, қабара түсетін елорда аспаны да мамыражай күй кешіп, сазды әуенмен бірге ақ бұлттар да тербеле көшті. Өнерде шекара болмайды деген рас. Бүгінгідей ғаламдану үдерісі үдеп бара жатқан шақта одан бой жасырып, тыс қалам деу де қисынсыз. Сондықтан, мүмкіндігі келгенше ұлттық болмыс пен бояуды жоғалтып алмай, өзге елдердің өнегелі үрдістерін меңгеру де, соған лайықты болуға ұмтылу да қажет. Демек, ол үшін бізге биік деңгей керек. Ол деңгей осындай ауқымды шаралар барысында да айқын білініп тұрады. Мәселен, сахнаға шыққан кез келген Ресей әншісі бірден ырғақты музыкамен көрерменді өзіне тартып, олардың барлығын билетіп, жан-жағын жандырып жібереді. Біртүрлі, өзің де еріксіз билеп, елігіп-желігіп кетесің… Міне, заманауи музыканың қыр-сырын жіті меңгерген кәсібиліктің бір қыры осылай болу керек секілді… Осы жерде айтулы шараны, атамекенде өткізсем деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, бар тауқыметті тартып жүрген қандасымыз Арман Дәулетияровтың еңбегі өлшеусіз екенін айтып өткен жөн. Бір мезетте көрші елдің алақандарына салып, аялап отырған атышулы өнерпаздарын топ-тобымен әкеліп, отандастарына сый жасап отырғаны азаматтық қана емес, туған халқы алдындағы перзенттік парызын абыроймен атқару деп те ұғынған жөн.
Әрине, біздің отандық эстрада әншілері де олардан бір де қалыспай, шама-шарқынша шырқады. Жиналғандар, әсіресе, Роза Рымбаева, Маржан Арапбаева, Қайрат Нұртас, Мақпал Исабекова, Айқын Төлепберген секілді әншілердің, «КешYou», «Ринго» топтарының өнерлеріне тәнті болды. Жас әнші Мөлдір Әуелбекова мен Сати Казанованың екі тілде бірлесіп шырқаған әндері өте әсерлі шықты. Әрі екеуінің түр тұлғасы да бір-біріне ұқсас екен. Сазды кештің тағы бір ерекшелігі, сахнаға шыққан өнер майталмандарының барлығы өз әндерін жанды дауыста орындап, тыңдармандарын тәнті етті.
Бұл ретте Ресейден айтулы шараға әдейі ат арытып келген Дима Билан, ГлюкоZа, Джиган, Юля Савичева, «M-BAND», Бьянка, «Дискотека Авария», Ирина Дубцова, Митя Фомин, «Градусы», «Банд’Эрос», «Пицца», «Фабрика», Виктория Дайнеко, Анна Семенович, Сати Казанова, Томас Nevergreen, Стас Костюшкин, Александр Ревва секілді өз елі түгіл, әлем жұртшылығына танылып қалған эстрада жұлдыздарының өнерлеріне риза болмаған жан жоқ шығар. Олардың әуендеріне барлық жұрт жабыла билеп, жамырасып жатты. Неге десеңіз, ресейлік әншілердің кәсібилігі ме, әлде ән айту мәнерлерінің өзгешелігі ме, әйтеуір, бізге қарағанда өзгешеліктері басым. Және концерт барысында көпшіліктің қатысуымен селфи жасалды. Ресейлік «Пицца» тобының солисі Сергей Приказчиковтың бастамасын жерлесіміз Айқын Төлепберген қостап әкетті.
Мәдени шараны жүргізген екі елдің тізгіншілері де сазды кешті әдемі әзілмен әдіптеп, көрермендерге көркем күлкі сыйлай білді. Бір сөзбен айтқанда, айтулы кештің керемет сәттері елорда жұртшлығының есінде ұзақ сақталары даусыз.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button